- Advertisement -

Ардагер спортшының есімі ардақталды

77

- Advertisement -

Жуырда Бесағаш ауылдық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен волейболдан ардагер спортшылар арасында Бауыржан Бейсембиев атындағы жүлдені сарапқа салған жарыс өтті. Оған облысымыздың Шу, Байзақ, Жамбыл, Талас, Меркі, Сарысу аудандары мен көрші Қырғыз елінің Талас қаласы мен Манас ауданынан командалар қатысты.

Бауыржан Бейсембиев облысқа танымал спортшы болатын. Ол спорттың көптеген түрімен айналысқан. Ал Бауыржанның волейболдан алаңда, шахмат пен дойбыдан шаршы тақта үстінде талай тегеурінді шабуылдар ұйымдастырғанына замандастары куә болды. Ол дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Қоғамда салауатты өмір салтын насихаттап, шәкірттерін шымырлыққа баулыды. Олардың ішінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, халықаралық жарыстарда Қазақстанның көк байрағын желбіреткендері де, отандық спортты дамытуға үлес қосып жүргендері де бар.

Жарыстың ашылу салтанатында Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Сырлыбаев, ардагер-ұстаз Ж.Бөрібеков, тағы басқалар сөйлеп, Бауыржан туралы естеліктер айтып, қатысушыларға табыс тіледі. Ал Бауыржан 40 жылдай қызмет атқарған Абай атындағы орта мектептің директоры Қ.Сисенғалиев әріптес ағасының жары Райханның иығына камзол іліп, басына орамал салды. Райхан да осында қызмет атқарған ардагер-ұстаз.

Шын шеберлер бақ сынасқан бәсекеде бірінші жүлдені Қырғызстанның Манас ауданынан келген волейболшылар қанжығаға байласа, екінші орын – бесағаштықтардың еншісінде. Жүлделі үшінші, төртінші орындарды Қырғыздың Талас қаласынан келген қонақтар мен Жамбыл ауданының командасы бөлісті.

Жарысқа ауыл ардагерлері, ағайын-туыс, құда-жекжаттары демеушілік жасады.

Б.Бейсембиевтің отбасы жарысқа қатысушыларға, қонақтар мен көрермендерге дастарқан жайып, қонақасы берді. Онда Бауыржанның әруағына Құран бағышталды.

Салауатты өмір салтын насихаттауға арналған бұл іс-шара өзгелерге өнеге боларлықтай деңгейде өтті.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

журналист.

Жамбыл ауданы 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support