- Advertisement -

Мақсат – әділетті мемлекет құруға атсалысу

178

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында: «Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз» деді. Осындағы: «Біз қоғамға іріткі салу емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек» деп айтылған сөзі де біраз нәрсені аңғартса керек. Бүгінгі күнгі өзекті мәселеге айналып отырған әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам құру жолындағы ізгі мақсатты жүзеге асыру үшін аға буын ардагерлер белсенділік көрсетуі тиіс екендігі белгілі. Осыған байланысты біз Талас аудандық Билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлымен сұхбаттасқан едік.

– Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай әділетті мемлекет құру идеясы Сіздіңше неге күн тәртібіне қойылып отыр? Біз әділетті қоғам құруға ұмтылып келеміз емес пе?

– Адамзат баласы жаратылғалы бері ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың аражігін ажырату үшін әділетті қоғам құрамыз деп өмірбойы арпалысып келе жатыр. 30 жыл ішінде түк бітірген жоқпыз деп ауызды қу шөппен сүрткеніміз жарамас. Қазақстан дербес мемлекет ретінде әлемде өз орны бар елге айналды. Алайда біз экономикасы дамыған мемлекетке айнала алмадық. 30 жыл өтсе де еліміз шикізат өңдіруші мемлекет күйінде қалды. Міне, сондықтан да Мемлекет басшысы бұл Жолдауында экономиканы дамытудың нақты жолдарын ұсынып отыр. Екіншіден, біз осы 30 жылдың ішінде салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды, тілімізді, дінімізді жаңғыртудағы бірізділіктен ажырап, көп нәрсемізді жоғалтып, әсіресе әлеуметтік әділетсіздіктің кесірінен ұлттық идеологияның дәстүрлі қалпынан ажырауынан рухани жұтандыққа ұшырадық. Батырларымызды түгендеп, той-томалаққа әуестеніп, батыстың адам бұзар әуендеріне еліктеп, ұлттық тәрбиенің өзегін бұзып ала жаздадық. Бәлкім осы Жолдау сол жіберген қателіктерімізді түзетуге серпін бере ме деп ойлаймын.

– Осы ретте Талас аудандық Билер кеңесінің ұлт мүддесіне қосып жатқан үлесі туралы айта кетсеңіз…

– Ендеше, өткен үш жылда атқарылған іске қысқаша тоқталып өтейін. 2021 жылдың 8 айында 44 дау-дамай қаралса, оның 22-сі неке бұзу туралы болды. Ажырасуға бел шешкен әйелдердің айтатын уәждері – күйеулері жұмыс істемейді, анаша, темекі шегеді, арақ ішеді немесе мінезі үйлеспейді. Бұл сұмдық одан сайын өршіп бара жатыр. Биыл билер кеңесінде 8 айдың ішінде 72 іс қаралса, оның 52-сі неке бұзу туралы. Сол неке бұзушылардың 10 пайызы ғана отбасыларын сақтап қалуға мәмілеге келді. Егер қалған 42 отбасы некелерін бұзғанда әр үйде орта есеппен 2-3 баладан барын есептесек, 88-90 бала әкесіз не анасыз өседі. Оларды қазіргі тілмен айтқанда толық емес отбасы деп санаймыз. Ондай отбасында өскен балалар сөз жоқ, жоқшылықта, рухани жұтаңдықта өмір сүреді. Талдау сонымен бірге ажырасушылардың дені 1990-1999 жылдары дүниеге келгендер арасында көптеп кездесетіндігін көрсетіп отыр. Бұл жастағылар кешегі жоқшылық кезінде дүниеге келгендер. Иә болмаса аналары базарда, әкелері жұмыссыз қалып, балалары отбасы тәрбиесін көрмей өскен. Оның үстіне, қазақ халқының ата-бабадан қалған дәстүрі, тәрбиесі кемшін тартқаны да «жығылған үстіне жұдырық» болып отыр.

– Мұндайда қайтпек керек?

– Жақында бір ауылда келеңсіз оқиға болған. Балалары мектепке келмей, ата-аналары ішкілікке салынған. Ауылдағы билер кеңесіне сынып жетекшісі келіп мән-жайды жасырмай баяндап көмек сұрады. Содан билер кеңесі әлгі үйге барып, жағдайды көзімен көріп, әлгі ата-ананы жұртшылықтың талқысына салды. «Көп қорқытады, терең батырады» дейді халқымыз. Жөн сөзге тоқтамайтын адам жоқ. Әлгі ауылдың билері бір отбасын осылай сақтап қалды.

Қаратау қаласындағы 3-ықшам аудандағы 3-4-ші жатақхананың тұрғындары арасында 5-6 отбасының ішкілікке салынып, жанжалдасуларының кесірінен, сол үйлердегі балалардың да бірін-бірі балағаттап, кейбірі темекі шеге бастағаны белгілі болды. Атқарушы билік, құқық қорғау органдарының өкілі бар, ақсақалдарымыз бен билеріміз бар, жиналып әлгі 4 отбасын талқыға салдық. Нәтижесінде, елдің шырқын бұзатын 4 отбасының екеуі ертесіне көшіп кетті. Екі отбасы «енді ішкілікке салынбаймыз» деп көршілеріне уәде беріп, жалдап алған пәтерлерінде екі айлық сынақ мерзіміне қалдырылды. Осыдан көріп отырғанымыздай, қоғамнан тыс қалмай, билік пен бұқара жұмыс істесе көпті тәрбиелейді. Бірақ көп те өзін-өзі тәрбиелеу керек. Солардың араларындағы жөн білетін ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері көршілік қақыларын ұмытпай, бірлесіп ақылға келіп отырса, араларынан «көзге шыққан сүйелдер» шықпас еді.

– Билер кеңесінің қажеттілігі бар ма деушілер көп. Осыған не дейсіз?

– Бізде осыдан 11 жыл бұрын «Медиация туралы» заң қабылданып, «Дәнекер» пилоттық жобасы дүниеге келді. Сол жобаны жүзеге асыруды Жамбыл облыстық Ардагерлер ұйымының жанындағы Билер кеңесі қолға алып, мақсатты жұмыстар жүргізген еді. Жобаға сәйкес ауданымызда 20 елді мекенде Билер кеңестері құрылды, олардың құрамында 64 мүше бар. Билер кеңесінің беделін арттыру оңайға түскен жоқ. Аудандық сот пен ауыл әкімдері жаңа билік жүйесін қалыптастыруда шамалары келгенше көмектесті. Оның қоғамдағы орнын нақ түсіне бермейтін ауыл әкімдері Билер кеңестері мүшелерін сайлауда формальділікке жол берді. Біз бұл кемшілікті жоя отырып, Билер кеңесінің жаңа құрамын қалыптастыра алдық. Билерді сайлаудың халықтық жүйесін, яғни демократиялық сайлау жүйесін енгіздік. Қазір Мемлекет басшысы судьяларды сайлау арқылы сайлау керек деген талап қойып отыр. Бұл талапты біз жүзеге асырудамыз. Жалақысыз жұмыс істейтін, бірақ қоғамға жаны ашитын, ұлтын сүйетін, жаны адал, жемқорлықтан ада, сыйлы ақсақалдардан билер сайладық. Ондай адам болмаса жағымпазды, өтірікшіні, жемқорды кім сыйлайды?! Рас, қазіргі сайланған 64 би түгелдей мінсіз дей алмаймын. Бірақ, көпшілігі халықтың сеніміне ие болып отыр. Соның нәтижесінде 2019 жылы Билер кеңестерінде небәрі 24 дау-дамай қаралса, 2020 жылы – 64, 2021 жылы 118 дау-дамай қаралды. Биылғы 8 ай ішінде 87 дау-дамайдың қаралғанын жоғарыда айттым. Оның ішінде, 44 дау-дамай сот арқылы бізге жіберілді. Одан бөлек көршілер арасындағы жанжал, жер дауы, ұрлық-қарлық, басқа да азаматтық істерді қарап, екі тарапты мәмілеге келтіріп жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, билерімізді ауданның жұртшылығы мойындай бастады.

Қандай жақсы іс болмасын ол атқарушы билік және қоғамдық ұйымдардың бір-бірімен түсінісуі арқылы жүзеге асады. Өкінішке қарай, кейбір ауылдардың әкімдері Билер кеңестерінің жұмысына көмектесуден қашады. Олардың ұғымынша билер халықты соңынан ертіп, оның беделіне нұқсан келтіретіндей көрінеді. Олардың өйтіп ойлауын үлкен қателік деп білемін. Қараңызшы, 2020 жылы ақпан айында Ойық ауылының ақсақалдары, билері «ішімдіксіз, бұзақысыз, отбасы берік үлгілі ауылға айналайық» деген бастама көтерді. Әлгі бастаманың арқасында қазір 5 елді мекендегі дүкенде ішімдік сатылмайды. Көкпар ойыны кезінде ішімдік ішуге тыйым салдық. Жыл сайын «Ауылына қарап азаматын таны» деген тақырыппен Үндеу қабылдаймыз. Елді мекендердегі көріктендіру, көгеріштендіруге белсене қатысуға ақсақалдар да үлес қосуда. Айталық, Бостандық ауылының ақсақалдары қаражат жинап, Ұзын каналы арқылы 1,5 шақырымдық арықты тазалап, ауылдағы 4 көшеге ағын суды жеткізді. Соның арқасында әрбір отбасы есігінің алдына көкөніс егіп, азық-түлігін жинап алып отыр. Аталмыш ауылдың ардагерлері тұрмысы төмен 5 отбасына асарлатып үй салып беруді ұйымдастыруға қатысты. Қаратау қаласында да асарлатып үй салуға ақсақалдарымыз бас-көз болуда. Соның нәтижесінде биыл 6 үй тұрмысы төмен отбасыларына берілмекші. Осыдан кейін ардагерлер мен билердің керегі жоқ деп кім айта алады?! Мына өзбек ағайындарда ақсақалдардың рөлінің зор екендігіне, соның арқасында ел бірлігінің нығаятындығына, тұрмысы төмен адамдарға қайырымдылықтың күнделікті көрсетіліп жататынына куәміз. Ал қайырымдылық қазақтың қанында бар қасиет. Біз өзіміздегі бар нәрсені қонағымызға сақтап отыратын халықпыз. Біздей мейірімді, ақкөңіл, бала мінезді халық жоқ. Тек мына бай мен кедей деп бөлінген бәтуасыз қоғам ғана қазақтың мінезін өзгертті. Оны өзгертпеу үшін ұлттық идеологияны күшейтіп, дүбәра мінезден арылып, қазақы салт-дәстүрімізді сақтауымыз керек деп ойлаймын. Бұл істе бүкіл ақсақалдар, зиялы қауым, атқамінерлер парасаттылық танытып, бір-біріне топырақ шашпай, біртұтас ұлт болуға ұмтылсақ Мемлекет басшысы айтқан берекелі, әділетті қоғамға жетеміз.

– Әңгімеңізге рақмет! Билердің жұмысын жандандыра беруіңізге тілектеспіз.

 

Сұхбаттасқан Нұрлыбай АЙЖАНОВ.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support