Қоңыр күз. Қоңыр әлем. Қоңыр мұң.

62

Өлкемізге тағы бір кезекті күз келіп жетті. Неге екенін білмеймін, ол өзімен бірге көңілге қайдағы бір мұңды ала келетін секілді. Жаздың аптап ыстығы басылып, ауа салқын тартып, сан түрлі құстардың мың құбылған әсем әндері саябақтарда сабырсып, төңіректе абыр-дабыр басылып, табиғат та бір сәт қоңыр мұңға бөленді ме қалай? Әйтеуір, күз мені көңілсіздікке бөлейді.

Қазақтың талай марқасқа ақындары күздің ерекшелігін әрқалай суреттеген. «Ерке өзендер жатпайды тасып ағып, таулар да тұр жамылып басына бұлт, ақ қайыңдар жылайды жапырағын байқаусыз шашып алып…», – деп жырлаған ақын Фариза Оңғарсынова.

«Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп, көз жетті кеткеніне жаздың өтіп. Құлайды жапырақтар құба талдан, күрең күз құдіретіне тағзым етіп», — деп ақын Қалқаман Сарин күз мезгілін өзінше суреттейді. Ал енді бір ақын: «Көктен көзін бір алмай, қызғылт тартты кәрі қүз… Жер қызығын қия алмай, маужырап тұр сары күз…», – деп күз көркін әсерлене жазады.

…Өткен бір сенбі күні, қолым негізгі жұмыстан қалт еткенде, өлкемізге келіп жеткен қоңыр күздің «келбетін» өз көзіммен көріп, сезіну үшін қалалық «Жеңіс» саябағын араладым. Жаныма орта мектептің жоғары сыныбында оқитын немерем Әзімхан еріп келеді.

Сары алтындай боялған ағаштар арасында ойға шомып, серуендеп жүргенге не жетсін, шіркін! Табиғат та күздің келіп жеткенін хабардар еткендей, жазғы әсем кейпінен арыла бастапты. Жасыл жапырақтар сары-қоңырға, базбіреулері көз тартар қызылға боялып, лүп етіп соққан самалға қауқарсыздықтарын білдіріп, қанатына оқ тиген қарғадай қалбалақтап келіп жерге төселіп жатыр. Саябақты серуендеп жүргендер тым көп емес. Жаздағы абыр-сабыр қозғалыс пен қимыл да азайған. Күннің суығына бүрсең қағып, ұшып-қонып торғайлар жүр. Әйтеуір, айналаны көңілсіздік басып алғанын сезінесің.

Қасыма еріп келе жатқан немеремнен: «Қоңыр күз бен күрең күздің айырмашылығы неде?» деп сұрақ қойдым. Сонда ол ойланып тұрып: «Қоңыр күз – жаңбыр жауып, алғашқы үсік жүретін қазанның екінші жартысы мен қараша айын, ал, күрең күз деген жапырақтар әбден түсіп, күн біршама суып, мұздар қата бастаған уақыт емес пе, ата?», деп сұрағыма сұрақпен жауап берді. Оның берген мына жауабына риза болып, «дұрыс!» деп қолын қыстым.

…Өткен күндердің бірінде Алматыдан келе жатып Қордай ауданына қарасты Кенен Әзірбаев ауылынан шыға берістегі үлкен жолдың бойынан сәл бұрылыстау, қоңыр белдердің арасындағы жусаны мен киікотысы аңқыған, моп-момақан Иірсуға соқтым. Мақсатым – өткен жазда өмірден озған қазақ әдебиетінің көкжиегін едәуір кеңейтіп кеткен талантты жазушы аға-досым, Шер-аға «Қордайдың қоңыр құлжасы» деп атап кеткен Нес-ағаның – Несіпбек Дәутайұлының бейітіне соғып, тағзым етіп, қолымды жайып, құран түсіру болатын.

Қатпар-қатпар қыраттар мен қоңыр белдер арасында иір-иір болып ағатын шағын өзен, оны жағалай өскен тал-дарақ ертеректе бұл аймақта ауыл болғанын сездіреді. «Колхоздарды біріктіріп, «ірілетеміз», совхоз жасаймыз» деп билік иелері 5-6 ауылды қосып, Киров атындағы совхозды ұйымдастырады. Содан, «қызыл белсенділердің» қыспағына, ызғарына ілікпейік деген ел-жұрт ғасырлар бойы тіршілік еткен атамекендерін тастап, үдере көшіп, совхоз орталығына қоныс аударыпты.

Қазіргі Иірсуда ел-жұрт жоқ, қоңыр белдің шығыс беткейінде ескі қабірлер көзге шалынады. Ежелден келе жатқан бейіттердің шеттеу жағында біріне-бірі тым ұқсас, егіз қозыдай қатар тұрғызылған, қабырғалары қызыл кірпіштен қаланған екі қарапайым мазар алыстан көзге шалынады. Олар – Дәутай (азан шақырып қойған есімі Дәулетияр екен) қария мен оның ұлы Несіпбектің қабірлері. «Мен анау-мынау болып кетсем, Иірсудағы қара шалдың жанына сүйреп апара салыңдар» дейді екен Нес-аға замандастарына. Аманаты орындалды, әкесінің жанынан топырақ бұйырды.

Айнала құлаққа тана тепкендей тып-тыныш, бейне бір жұмбақ тыныштық әлеміне еніп кеткендей сезімде боласың. Тек сонау көз жетпес көкте, биікте сайраған бозторғайдың шырылы ғана құлаққа еміс-еміс естіледі.

Еріксіз өткен күндерді, кеткен жылдарды еске аласың. Көзі тірісінде Нес-аға қоңыр даусымен сиректеу болса да балалық шағын, мына алдымызда қоңыр қыраттар арасында жатқан Иірсуын, онда тіршілік еткен жандарды, олардың әрекеттерін, тай-құлындай бірге өскен замандас-құрдастарын, өмірде көрген қиыншылықтарын ерекше бір сағынышпен еске алып, ирек саусақтары арасына қысып ұстаған темекісін құшарлана сорып, көк түтінге айналасын «орап» отыратын жарықтық. Кейін олардың біразы шырайлы да тартымды әңгімелерінің кейіпкерлеріне айналғанына куәміз. Енді міне, меңіреу тыныштық аясында, кіндік қаны тамған туған топырақ құшағында тым-тырыс «қалғып» жатыр.

Базбір себептермен кейде көңілім жабырқағанда өмір туралы қазақтың мағыналы қоңыр әндерін тыңдайтын әдетім бар. Қазақта ән көп қой, бірақ әннің де әні бар. Маған ерекше ұнайтыны белгілі сыршыл да дүлділ ақын Есенқұл Жақыпбековтың «Алдай-ау, алдай, алдай-ау…», – деген жүрек қылын тереңнен шертетін, кез келген адамды ойға қалдыратын, өткен-кеткен жылдарыңа ойша шолу жасататын жанға жайлы сазды әні.

Әр сөзінің терең мәні бар өмір туралы, өткен күндер жайлы шебер, әдемі жазылған мұңлы толғауда «Айналайын, ағайын! Сендермен жерді бір басқан, Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан. Өмірі өлең жыр-дастан, Менде де арман жоқ шығар», деген жолдар бар. Бірақ, тірі адамда арман-мақсат таусылған ба?! Күйбің тіршіліктің әурешілігімен кейде уақыттың жылжып өтіп бара жатқанын сезбей де қалатынымыз рас қой.

Есенқұл ақын бір сөзінде «уақытымның көбін желбір-жекендей желіп жүріп сырап қылып алдым, көп уақытым айтыспен кетіп қалды…» дегендей өкініш білдірген екен. Біз де бос өткен күндерімізге ертең өкініп жүрмейміз бе? Мына алмағайып, сынаптай сырғып, тоқтаусыз жылжыған уақытта, оның қазіргі «заңдылықтарына» еріксіз бас иген біздер кімді елеп, кімге құрмет көрсетіп жүрміз? Неге солай болды екен?

…Теледидарды қосып едім, белгілі әнші Тоқтар Серіков «Дүние-ай! деген әнді төгілте орындап жатыр екен:

«Баспадым жардың шетін құлай ма деп,

Ішпедім арықтан су лай ма деп.

Қорқамын дос болуға жаманменен,

Тар жерде ер-тоқымын сұрай ма деп,

 

Қыздар бұлбұл, жігіт дүлдүл,

Өтіп барады өмір құрғыр.

Ахау арман дүние жалған,

Хәләуләйлем, хәләуләйлем.

 

Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,

Жамандар жақсымын деп айқалайды.

Жүрген соң бауырыңды күнде көріп,

Таулардың биіктігі байқалмайды.

 

Өмірден (ұн алмасын мендігіңмен),

Атыңды байлармысың белдігіңмен.

Аяқта аяқ киім тар болса,

Не пайда дүниенің кендігінен.

 

Ағаштың көзі қара көміріңдей,

Мылтықтың бойы түзү теміріңдей.

Өткізген жақсыменен жарты сағат,

Жаманың өтіп кеткен өміріндей.

 

Жолықсаң біздің жақтын тентегіне,

Өмірдің өкінбейді-ау келтегіне.

Үйдегі жалғыз атын сойып беріп,

Жүгенін ұстап қалады ертеңіне».

…Терезеден сыртқа зерттей қарадым, жаз бойы әдемі жасыл жапырақтармен көмкерілген сәнді ағаштар кешегі көз тартар көркінен ажырап, лүп еткен салқын желге еріксіз дір-дір қағып тұр екен. Көк жүзін ауыр-ауыр қорғасын бұлттар жаулап алыпты. Қоңыр күздің күшіне еніп келе жатқанын байқадым. Мүмкін содан болар, менің тұла бойымды еріксіз қоңыр мұң торлап бара жатты. Әйтеуір, сол сәтте көңілімнің жабырқай түскенін байқадым.

«Өмір көркі тозбас, Одан ешкім озбас.

Ескен желдей, Көшкен сеңдей,

Аққан селдей, дәурен-ай!

Аспаңдап алатын,

Асқақ қанатым,

Саған да кез келер, беу, шіркін,

Тыным табатын».

Ей, мына адамдарды аласұртып қойған қызылды, жасылды, сайқымазақ, дел-сал, алдамшы, жұмбаққа толы өмір-ай! Сірә, сенің бар ма байлауың?

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.