- Advertisement -

Талантқа да, тұлпарға да – қызғаныш

126

- Advertisement -

Шер-ағаң, Шерхан Мұртазаның былай деп жазғаны бар: «Адам Ата мен Хауа Анадан екі ұл туды: Қабыл, Абыл. Адамзаттың тұңғыш ұрпақтары шақырып, дидарласпақ болады. Қабыл егіншілікпен айналысады екен. Абыл мал бағады.

 Екеуі де еңбектерінің жемісін тарту, сый-сияпат ретінде алып барады», дейді.

Ары қарай Алла Тағала Абылдың ісіне сүйсінгенін, ал Қабылға назар салмағанын айтады.

«Қайтар жолда Қабыл Абылды таспен ұрып өлтірді. Адамдардың бір-бірін көре алмауы, қызғаныш деген қызыл ит, әне, содан басталған дейді.

Қабылдар мен Абылдар әлі бар.

Қабылдар – қорқау, Абылдар – адал, аңқау.

Арамдар мен Адалдар арпалысы толассыз.

Көбінесе Қабылдар басымдау.

Әділетін тек Алла біледі.

Бір кем дүние», дейді.

Қызғаныштың қызыл иті Базарбайдың Төлегенінен бастап қаншама жас ғұмырды қыршынынан жер жастандырды. Мұндай ғашықтар қасіреті, ол енді тым ертеде. Кейіннен де қу қызғаныш толастаған жоқ. Кешегі кеңес заманында да…

Қазақтың аса талантты ақыны Артығали Ыбыраев Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүргенде бір жыл академиялық демалыс алып, Сарысу аудандық мәдениет үйіне жұмысқа тұрады. Жамбыл қаласына гастрольдік сапармен келгенде «Тараз» қонақ үйінің алдында 21 жасында қаскөйлер қолынан мерт болды. Туған ауылында, Алматыда аман жүрген жас талант облыс орталығында қыршынынан қиылды.

Онда біз 14 жасар баламыз. Ел іші күңіреніп кетті, неше түрлі әңгіме желдей есті. Құдіреті күшті бір Алла Артығалиға асқан талант пен сонша сұлулықты үйіп-төгіп бере салды. Ауылға жеткен әңгіменің бір парасы мынадай: ақын жігітке сырттай екі қыз қатты ғашық болыпты. Ал ол не анаған, не мынаған қарамаған. Солардың бірі адам жалдап өлтіртіпті. Кім білсін, мүмкін басқа біреулер «Намыстың жебесі боп атылған» жас таланттың тым жас шағынан шоқ жұлдыздай жарқ ете қалғанын көре алмай, қызғаныштан өлтірген шығар. Қылмыс ашылған жоқ. Ақиқаты бір Аллаға аян.

Қызғаныштан талай талант мерт болды, жолы кесілді. Әлі де солай. Бір талант шықса, мейлі ол әдебиетте, өнерде, ғылымда болсын, соңынан талай адам мылтық кезеніп, атып тастамаса да әлеуметтік желіге неше түрлі әңгіме жазып, мұқатып, кекетіп аузына келгенін сапырып шығады. Ондай бейауыздардың сөзін бірі елемесе, енді бірінің жүрегін ауыртады, жүйкесін тоздырады. Қазақта «Сөздің жаманы – қаңқу, аурудың жаманы – шаншу» деген бар. Кей жағдайда оның соңы қайғылы қазаға ұрындырып жатады.

Тіпті осы бір «қызыл ит» адаммен қоса бәйге аттардың да бағын байлап, аяқтан қалдырып, мертіктіріп жатты. Шер-ағаң «Талисман-Бойтұмарында» былай дейді: «Жүйрік атқа құмарлар қашанда көп болады. Оны қалайда қолға түсірудің амалын іздейді. Ат иесімен өштеседі. Жамандық тілейді. Қастандық ойлайды. Ат иесіне тиісе алмаса, аттың өзіне…

Содан не керек, бір күні аттың иесі таңертең тұрып, ат қораға кірсе, «Талисман» оған арыз айтқандай кісінеп, кісінеп жібереді. Қараса – алдыңғы оң аяғын көтеріп тұр екен. Оң аяғының тұяғына бойлата ұзын шеге қағып жіберіпті.

Осыдан кейін адам – адам ба? Айуан ба?! Жануардың жазығы не? Ерен жүйрік болғаны үшін бе?».

Сағынайдың асында 500 тұлпар қатысқан аламан бәйгеде Ақан серінің Құлагерін құлатқан Батыраштардың сарқыншақтары сарысулық белгілі қария, жарықтық Аман Данияровтың көрші аудандағы аламанға барған Қарагеріне түнде ат иесі мен күзетші жігіттердің көзін ала бере бір атдорба жем беріп кетеді. Облыстық, республикалық бәйгелерде алдына қара салмаған қайран Қарагер соңғы айналымға дейін оза шауып, бірінші келе жатып, мұрттай ұшты. Сарысудың ғана емес, Жамбылдың атын шығарған Қарагердің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып жаратылған жазығы ма?

Ауылға жеткізіп, біраз уақыттан кейін пышаққа ілінгенде жануардың бір жағынан он үшінші қабырға шығыпты…

Бірге туған бауырын таспен ұрып өлтірген Қабылдан басталған талантты адамдармен қатар, алдына қара салмай келген, аузымен құс тістеген тұлпарларға деген «қызғаныштың қызыл иті» әлі де жалғасып келеді.

 

Амангелді ӘБІЛ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support