- Advertisement -

Жақсы адамдар жөнінде бір үзік сыр 

213

- Advertisement -

 Қазақ тіліне құрметі бөлек қыз

Дүнген ұлтының өкілі, осы бір жас маманды облыстық, қалалық деңгейдегі түрлі жиналыстардан көріп жүрміз. Қазақ тілінде таза сөйлеп тұрған сәтіне талай куә болдық. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлегеніне қуанатын күн артта қалды десек те, Динара Хатамқызының тілді білуімен ғана емес, жүрегімен, пейілімен, барлық көңілімен еліміздегі ұлттар достығын, ұлт өкілдері арасындағы бірлікті қолдап жүргені жүрегімізге жылылық сыйлайды.

Біз әңгімелеп отырған дүнген қызы Динара Нұралиева бес тілде еркін сөйлей алады. Әсіресе мемлекеттік тілге ерекше басымдық беріп жүр. «Қазақ тілін қалай үйреніп алдыңыз?» деп сұрағанымызда Динара: «Осы сұрақты өзіме өзім қоятын кездерім бар. Мен орыс сыныбында оқыдым. Ясауи атындағы Қазақ Түрік университетін ағылшын және түрік тілі мамандығы бойынша бітірдім. Көршілерімнің ішінде де жергілікті ұлт өкілі болған жоқ. 2006 жылы Елбасының үштұғырлы тіл туралы бағдарламасы шықты.

Міне, осы кезде мен мемлекеттік тілді үйренуге ден қойып, бір жыл ішінде меңгеріп шықтым. Арнайы курсқа да барған жоқпын. Қазақ достарыммен сөйлесу арқылы, сөздіктерді оқу арқылы үйрендім. Ең бастысы қазақ халқына, мемлекеттік тілге деген құрметім басым болған болуы керек» деп жауап берді. Ол мемлекеттік тілді білгенінің арқасында Ақордаға талай шақырылып, Елбасымен де, қазіргі Мемлекет басшысы

Қасым-Жомарт Тоқаевпен де кездесіп, тарихи тұлғалардың қолынан марапаттар алған.

Динара Хатамқызы бұл күнде мемлекеттік тілді өзі үйреніп қана қоймай, айналасындағыларға да үйретіп жүр. Аталған мектепте 1163 оқушы білім алуда. Түске дейін 600-ге жуық оқушы, түс қайта қалғандары оқиды. Күн сайын екі ауысымда да 10 минуттық жиын болып, ұстаздар мен оқушылар бір-бірімен қазақ тілінде амандасады екен.

Бұл – мемлекеттік тілге деген жанашырлық, қамқорлық. Оны біз аталған мектепке барғанда да байқадық. Түс қайта оқитын сыныптардағы ұлты дүнген, орыс, қазақ балалардың бәрі де «Сәлеметсіз бе, ағай» деп амандасып жатты. Сондай-ақ Динара Хатамқызы өзі басқаратын мектептің бір залын тегіс қазақтан шыққан әйгілі би, шешен, ғалым, қайраткерлердің суреттерін іліп, қанатты сөздерін мемлекеттік тілде жазып қоюға арнаған.

Мектептің сыртында да Жамбыл Жабаев, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған бірнеше тұлғалардың суреттері мен қанатты сөздерін оқып қуандық. Тіпті, Динара әйгілі би Қаз дауысты Қазыбектің де қай жылы туғанын жаттап алған.

Өмірлік жары, дүнген ұлтының өкілі Махмұд егіншілікпен айналысатын кәсіпкер. Екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіруде. Ұлдарын қазақ сыныбына беріпті. Отбасында 95 пайыз қазақ тілінде сөйлейді. Кейбір өз қазағымыз ана тілімізді менсінбей, орысша шүлдірлеп тұрғанда отбасымен мемлекеттік тілімізде сөйлесіп отырған оларға қалай риза болмассың.

Аталған орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Фарида Бибезова да, математика пәнінің мұғалімі Хабиба Айдарова да қазақ тілінде таза сөйлейді. Сабақтарын таза қазақ тілінде өтеді. Қазақ сыныбында білім алған Әмина Құрбанова деген дүнген қызы мектепті «Алтын белгіге» бітіріпті. Ал Динара ең алғаш еңбек жолын 2003 жылы Тараздағы «Балдәурен» балабақшасында тәрбиеші болып бастаған. Аталған балабақша меңгерушісі Кенже Жақыпованың қамқорлығын көп көріпті. Риза болғаны соншалық Кенже Аманқызын анасындай көріп, «Кенже апай менің анам» деп құрметтеп отыр.

«Мен өңірдегі танымал әпке-сіңлілермен достық қарым-қатынастамын. Олардың ішінде Мүбарак Жинақбаева, Эльмира Мырза-Ғали, Бақыт Тоқсанбаева, Бақыт Жақсылықова секілді әпкелермен байланысым өте жақсы. Ал Кенже Жақыпованы анам деп есептеймін. Анам Әмина – ұйғыр қызы. Кенже әпкені Әмина анамдай жақсы көрем. Кенже әпке «Динара, сенің қолыңнан бәрі келеді. Мектеп директоры болу да келеді» деп жігер берді. Әкем Хатам бір кеңшардың бас есепшісі кезінде өмірден ерте озыпты. Әке үмітін ақтау жолында еңбек етіп келемін. Мен қазақтың наурыз көжесін жақсы көремін. Наурыз мерекесін киіз үй тігіп тұрып тойлаймыз. Ал наурыз айында ғана емес, өзге айда да наурыз көже пісіріп тұрамын. Ал қыста қазы-қарта, соғым жейміз. Баламызға қазақтың салт-дәстүрімен сүндет той жасадық» – дейді Динара Хатамқызы.

Динара Нұралиева білім саласын өркендету, мемлекеттік тілдің мәртебелі болуы жолында еселі еңбек етіп жүр.

 Неміс Лида апай

Бірлік, татулық – қашанда басты байлығымыз ғой. Жаратқанның жазуымен оны бала күнімнен сезінген екенмін. Біздің ауыл Тараздан 140 шақырым шалғайдағы 99 пайыз жергілікті ұлт өкілдері тұратын кеңшар еді. Ол кезде 6 мың халық тұратын үлкен кеңшар. Орталықтың өзінен бөлек үш бөлімше бар. Олардың әрқайсысында мектеп, клуб бар. Неге екенін қайдам, монша біреу ғана болатын. Яғни, үлкен монша кеңшардың орталығында.

Айтайын дегенім осы тұс. Әлгі моншада Лида деген неміс апай істейді. Дөңгеленген толық денелі кісі еді. Бірақ, әзілкеш, ақкөңіл. Әділ. Күніне 230 адамға дейін түседі. Оның жартысы еркек, жартысы әйелдер. Ерлер жағы 115-120 билетке дейін алады. Біз үш шақырым Көктөбеден жеткенше біраз билет сатылып кетеді. Кейде 80,90-ыншы билетті алып, сарылып күтіп отырғаның. Лида апай бізді де танып қалған.

– Ауылдарың алыс па, ұйықтамай келу керек, ұйықтамай, – деп әзілдейді. Ол кісінің әділдігін түсінеміз.

Монша жексенбі күні ғана істейді. Бір күні жексенбіде барсақ, жабық тұр. Әуреленіп келгенбіз. Үш шақырымнан. Екі ағаммен бірге басымыз салбырап қайтып бара жатқанбыз. Кенет артымыздан айқай естілді.

– Балалар, монша бар, балалар, монша бар, – дейді. Артымызға жалт қарадық. Моншаға қарай теңселе басып бара жатқан Лида апай екен. Кері бұрылып, моншаға жеттік. Ол күні адам аз екен. Лида апай да үшеумізді бірден кіргізіп жіберді.

– Бес минут күте алмайды екенсіңдер, әә. Мен көрмесем, ертең қыздарға кір-кір болып баратын едіңдер, – деп әзілдейді. Лида апай осындай еді.

Украин Наташа апай

Бір жылдары Сейітхан деген түйеші жігіт Көктөбеден үй алып, бізбен көрші болды. Өзі қазақ, анасы Наташа – украин қызы еді. Украин демесеңіз, қазақ болып кеткен. Үнемі қазақша сөйлейді. Үлкен немере қызы кітапты көп оқитын. Түнімен оның бөлмесінің жарығы сөнбейтін. Наташа апай біздің үйге келеді. «Курсун, курсун, анау немере Аягоз түнімен кытап окиды. Кози ауыради гой курсун» дейді. Апай кеткен соң «Курсун, курсун» деп біз оны қайталап күлеміз. Бір жолы біз сарай салдық. Бөлмелері шағын-шағын. Соны Наташа апам көріп алып:

«Курсун, сәбсим тар, курсун сәбсим тар», дейді. Оған біз мәз болып күлеміз.

Ақтоты деген қарындасым ол кезде кішкентай. Ағамның қызы. Сап-сары еді. Орысқа түрі ұқсап кететін. Сол кезде әзілкеш әкен ағамның: «Мына, Ақтотыны Наташа апаның қолына жетектетіп жіберсең, ешкім ажырата алмайды. «Екі орыс кетіп бара жатыр екен ә дейді», деп бәрімізді күлдіріп жүретін.

Арада 7-8 жыл өткенде Наташа апа ауырып, өмірден озды. Сол кезде ағыл-тегіл жыладық. Себебі, Наташа апа өзге ұлт өкілі болса да, бәріміздің жүрегімізге еніп, қимас адамымыз болып кеткен екен. Оны сол кезде қазаның үстінде байқадық.

 Орыс Наталья апай

Әсембек көкем көп әйел алған кісі. Алғашқы жары өмірден озған соң, қайтеді. Жақсысы кездесе ме деп ала берген ғой. Ең соңғысы орыс ұлтынан бұйырды. Есімі – Наталья еді. Наталья апамыз да бірте-бірте қазақша үйреніп кетті. Менің Күлбала анам екеуі сырлас. Бір орысша білмейтін менің шешем Наталья апаймен керемет түсінісетін. Ол кісіні ауыл «Наташа» деп кетті. Әлде бәрі Сейітханның анасы Наташаны сағынып жүрді ме екен?! Наталья апай менің анама «Катя» деп ат қойып алды. Күлбала демейді, Катя дейді. Оған менің шешем де үйреніп алды. «Катя, Катя» деп айқайласа, сыртқа атып шығады. Сонда арғы жақтан Наталья апай көрінетін. Екеуі есік алдындағы тапшанда шай ішіп отырып, ұзақ әңгімелеседі. Наталья апам да қазақтардың арасында жүріп қазақ болып кетті ғой. Тараздан келген бір туысымызға Ақтоты қарындасым: «Көке, ешкімге айтып қоймаңыз, Әсембек атаның орыс әйелі бар», – деп айтып, бәрімізді күлдіргені. Төрт-бес жасар еді, бала тілі – бал ғой. Сол Наталья апамыз менің анаммен өмірден озғанша қимас дос болды. Достыққа берік еді. Әзілдері жарасатын. Анам «Сен маған жеңгесің. Әсембек көкем менің ағам» дейтін. Иә, Әсембек атаның анасы Ошақтының қызы болғандықтан, менің шешемді қарындасым деп жүретін. Наталья апай: «Катя, мен саған сонда жеңге» деп күлетін. «Иә, жеңгемсің. Қазақта қайыны мен қайын сіңлісінің атын атамайды. Катя деп маған ат қойдың. Жақсы жеңге екенсің», – дейтін. Екеуі мәз болып күліп алады. Біздің бала күніміз осындай жайдары әзілдерге толы болатын.

Біз ес білмейтін кезде ауылда Құрмашай деген қырғыз апа жеке тұрып, өмір сүріпті. Ол кісіні мен көрген жоқпын. Бірақ, ауылдастарым жақсы қасиеттерін айтып отыратын. Сонда кілең қазақтар тұрады дейтін біздің ауылда да орыс, украин, неміс, қырғыз ұлтының өкілдері болған екен.

Бала күнімнен жадымда қалған жақсы естеліктер осылар.

Сол кезде осы өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті өмір сүрдік. Бұл ұлы достық өзге ауылдарда әлі де жалғасып келеді.

Ал біз ес білгелі қырғыз Құрмашай апа жайлы естіп өстік. Ол кісіні бүкіл ауыл «Құрмашай апа» деп құрметтеген екен. Біздің ауыл жақта Володя деген орыс ұлтының өкілі шаруашылық ұстап, жеке отырады. Қазақшаға жетік. Қазақ болып кеткен.

Мен Таразға жұмыс бабымен ауысқан жылдары Жалпақтөбеде тұратын ғалым, Тараз өңірлік университетінің профессоры болған Рашид Бәкіров ағайдан сұхбат алып, араласып кеттік. Баласындай еркеледім. Үйінде де талай болып, апайдың қолынан ас іштік. Біраз жыл болды Рашид Бәкіров ағай өмірден озды. Осындай жанашыр адамды әлі іздеп жүрмін.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support