- Advertisement -

Тамдыға барсаң таңданасың

163

- Advertisement -

Таласқа жол түссе көкке тұнған, гүлмен көмкерілген Қаратаудың іргесіндегі Тамды ауылы өзіне тартып тұрады. Қырық жылға жуық журналистік өмірімізде қайда бармадық, қай ауылда болмадық. Бірақ ауыл әкімінің гүлге оранған мұндай кеңсесін көрмеппіз. Осыдан-ақ ауылдың ажарын аңғарасың, көркін көресің. Ауыл әкімі Рауан Асқаровты бұрыннан білемін. Мектепте басшылық қызмет атқарған, ұйымдастырушылық қабілеті мықты, іскер жігіт. Ауылдағы мал-жанының санын, кім немен айналысатынын, округтің жер көлемін қағазға қарамай айтып берді азамат.

«Округке қарасты Тамды ауылында 1547 адам тұрады. Мүйізді ірі қара 1187, қой-ешкі 25306, жылқы 1006 бас. Ауылдағы ағайындардың берекесі – осы мал. Округ бойынша 38188 гектар жер болса, оның ішінде елді мекен жері 6172, егістік жер – 1849, жайылымдық 31562 гектарды құрайды. Біз ауылдық округте үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Атап айтқанда, «Ауыл тұрғындарының кәсібін бір бағытқа бейімдеу», «Шаруа қожалықтарының мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы» және «Инвестициялық жобалар мен мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану арқылы жұмыспен қамтылған азаматтар бойынша жұмыстары». Ал енді ауылды бірге аралап көрейік», деді ауыл әкімі.

Бұрын да көріп жүрген ауыл ғой. Дегенмен тұрғындар мал басын көбейтумен қатар, үй іргесін тиімді пайдалануды мықтап қолға алыпты. Екі үйдің іргесінен мал бордақылау алаңын ашып, жерлестерін етпен қамтамасыз етіп отырған көрінеді. Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округіне арнайы барып, тәжірибе алмасып қайтқан шаруалар жерді екі рет пайдаланып, екі рет өнім алуға болатынына көз жеткізіп қайтқан. Үй іргесінен жылыжай салуға ниет етіп отырғандар бар.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің ауыл әкімдері күніне бір үйде болып, тіршілігімен танысу туралы тапсырмасын орындау мақсатында ауыл әкімі ауылды аралап шыққан. Әр үйге карта жасалған. Осындай зерделеу барысында 8 отбасының тұрақты табысы жоқтығы анықталып, осы отбасылардан үш азаматты тұрақты жұмысқа тұрғызса, бесеуі қоғамдық жұмысқа тартылған. Ауылдық округте 30 жылдай газсыз отырған 6 отбасы анықталып, 4 отбасына демеушілік жасап, газ тартылған. Екі отбасының құжаттары реттеліп, техникалық жағдайына өтінім жолданыпты.

– Ауылдық округ бойынша 85 шаруа қожалығы болса, оның 52-сі мал шаруашылығымен, 33-і егінмен айналысады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 15 шаруа қожалығы мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, 32 миллион теңге несие алды. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Асан» шаруа қожалығы 8 миллион теңге несиеге мал азығын қамтамасыз етті. Округте мал басын асылдандыруға жеке шаруашылық құрылымдары ден қоя бастады. Былтыр 9, биыл 12 шаруа қожалығы асылдандыру жұмыстарымен айналысуда. Басқа да шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарламалармен субсидия алу үшін жұмыс істеуде. Лизингке техника алуға «Марат», «Қалижан» және «Асылхан» шаруа қожалықтары құжаттарын рәсімдеуде. Мұнымен қоса, инвестициялық жобалар мен мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану арқылы жұмыспен қамтылған азаматтар санын ұлғайту бойынша да ауқымды жұмыс қолға алынуда, – дейді Р.Асқаров.

Ауылды аралай жүріп, тазалығына таңғалдық. Ауыл болған соң, мал болады, оның қиы әр үйдің маңында үйіліп жататын. Тамды одан таза. Бұл енді мал қиынан «Биогумс» өндірудің нәтижесі. Ауылдың үш азаматы кәдімгі жауын құртынан қолдан тыңайтқыш өндіруді қолға алғалы мал қиынан тазарған. Тамызыққа пайдаланатын отынның бұл түрі ауылға газ кірген отыз жылдан бері әр үйдің іргесінде, ауыл маңында үйіліп жатушы еді. Енді, міне, Тамдының іскер азаматтарының арқасында ол да кәдеге асып жатыр.

Ауылда Қойгелді атындағы орта мектеп, «Ақниет» балабақшасы, ауылдық дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, кітапхана, «Қазпошта» бөлімшесі, теміржол стансасы, ауылды ауыз сумен қамтамасыз ететін «Аянәлі-Сауда» ЖШС, «Тәнкібай ата» мешіті және екі сауда дүкені бар. Ұялы телефон байланысы жұмыс істейді. Мал, сүт, бақша және көкөніс өнімдерін өздері өндіріп жатқан соң, аудан орталығына жеке жұмыспен болмаса азық-түлік тауары үшін сабыла бермейді.

Жеке кәсіпте, бюджеттік мекемелерде еңбек ететіндер жұмысын атқарып, алаңсыз тіршілік етуде. Қайсыбір ауылдарда кездесіп жататын қылмыстық оқиғалар жоқ. Мал ұрлығы тіркелмегелі де біраз жыл. Жастар арасында да тәртіп бұзушылық орын алған емес. Бұл енді айрандай ұйыған ауылдың бірлігі мен ынтымағын берік ұстап келе жатқан ардагерлердің, алдыңғы толқынның еңбегінің жемісі.

Ауылдағы екі көшеге асфальт төселіп, күрделі жөндеуден өтсе, екі көшені жөндеу алдағы жылдардың еншісінде көрінеді. Төрт көшеде түнгі жарық бар. Көгерішке көз тұнған, тотыдай таранған Тамдыға барсаң таңданасың, қалада жүргендей әсер аласың.

 

 Амангелді ӘБІЛ

Талас ауданы.ммм

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support