- Advertisement -

Баспасөз туры ма, жолдың «жыры» ма?

158

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметі кезекті баспасөз турын ұйымдастырды. Әдетте баспасөз туры жоғары жетістіктерге жеткен кезде, елді елең еткізерліктей жаңалықтар болғанда ұйымдастырылатын- ды. Онда журналистер жаңа жобалармен, тың тақырыптармен танысатын. Алайда соңғы кездері жаттанды, атқарылып жатқан ағымдағы іс-шараларды да баспасөз турына теліп өткізу сәнге айналғандай ма деген ойға қалдық.

Айталық, аталмыш тур барысында «Әулие-АтаТрансПасс» ЖШС-не бас сұқтық. Серіктестік директоры Рашид Пірманов әр жылда ең кемі 20 қоғамдық көлікті жаңалап отырғанының арқасында бүгінде автопарктегі автобустардың 85 пайызы жаңаланғанын жеткізді. Биыл да 850 миллион теңгеге 20 көлік сатып алыпты. Қазіргі таңда мұнда 150 автобус қала тұрғындарын тасымалдауда.

Тараздағы қоғамдық көліктердің 40 пайызы аталмыш автопаркке тиесілі екен. Іскерлігімен, ұлтжандылығымен белгілі кәсіпкер Рашид Пірмановтың көп ісі елге үлгі. Сондықтан да болар, БАҚ өкілдері де, басқалар да, қоғамдық көлік жайы сөз бола қалса, алдымен осы автопарк ауызға ілігеді. Ұйымдастырушылар жол мәселесіне қатысты қандай да бір іс-шара болса, депутаттар немесе өзге де қонақтар келсе де «Әулие-АтаТрансПассқа» апаратын болған.

Алайда осы орайда өңірдегі өзге автопарктердің жай-күйі тасада қалып қалғандай көрінеді. Себебі бұдан өзге қала бойынша 18 автопарк бар.

Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының инспекторы Қайрат Қайнарбаев:

– Бүгінде қаладағы 18 автопаркте жалпы саны 117 автобус бағыты ұйымдастырылған. 12 облысаралық, 46 ауыл, ауданішілік, 25 ауданаралық, 34 қалалық маршрут бар, – дей келе, ағымдағы жылдың 20 мамырынан бастап Тараз-Алматы-Тараз бағытындағы әуе рейсінің қайта жандандырылғанын, билет құны 12 мың теңге екенін, алдағы уақытта Астана қаласына әуе рейсін жиілетіп, Атырау қаласына әуе рейсін ашу жоспарда бар екендігін айтты.

Мұнан соң журналистер облыстық маңызы бар Тараз-Жетібай-Тегістік- Ойық облыстық мәндегі автомобиль жолындағы жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. «Ауыр жол атанды сынайды» демекші, бұл жол ауылдық ағайынның «бас ауруына» айналғанына біраз болған. Түрлі жиындар мен есепті кездесулерде жолдың жайы құзырлы орындарға жетіп, нысанда жөндеу жұмыстары 5 қыркүйектен басталып, онда бүгінде 20 адам еңбек етуде. Келесі жылға өтпелі жобаның 11 шақырымын қазан айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Мердігері – «Арайстроймаркет-2003» ЖШС.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Дархан Абдуановтың сөзіне сүйенсек, жалпы алғанда биыл жол саласына 16,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға 9,4 шақырым жолды қайта жаңғырту және 605,2 шақырым жолды орта жөндеу жасалмақ. Қазір 252 нысанда жол жөндеу жұмыстары жүруде.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Тараз-Байзақ-Тараз

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support