Экономика

Су қоймалары қалпына келтірілуде

Су қоймалары қалпына келтірілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отырғанына тоқтала келіп: «Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайы одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес», деді. Тиісті министрліктерге бұл саланы жетілдіру үшін үш жылдық жоба әзірлеуді тапсырды. Ал бізде бұл жұмыстың басталғанына да үш жылдың жүзі болды.

Қазіргі таңда егістік суару кезеңі аяқталып, ағын су өзен-көлдерге бұрынғы арнасымен қайта түсіп, су қоймаларына су жинау жұмыстары басталып кетті. Осы суландыру жүйесінің аяқталуына орай «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз турында мекеме тарапынан атқарылып жатқан жұмыс барысымен кеңірек таныстық. Жамбыл ауданында жаңа салынған «Қапал» каналының құрылыс жұмыстары аяқталыпты. Мұнда екі жыл бұрын келгенде лотокты канал жаңадан төселіп жатқан еді. Қазіргі таңда канал жұмысын мойнына алған мердігер «ТАМАС» ЖШС жұмысын аяқтап, өткізгелі жатыр екен. Каналдың құрылыс жұмысы 2018 жылы басталған. Оның жалпы ұзындығы 80,9 шақырым болса, каналдың 42,3 шақырымына лоток қойылса, 32,6 шақырымына монолит бетон құйылған. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, «Ирригациялық дренаждар жүйесін жетілдіру жобасының 2 фазасы» жобасы аясында облысымыздың Жамбыл, Қордай, Шу аудандарында орналасқан су шаруашылығы нысандарына «Халықаралық қайта құру және даму банкінің» қаржыландыруымен күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. – Аталған үш жоба бойынша күрделі жөндеу жұмыстарының мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Күрделі жөндеу жұмыстарының құны 9,2 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында 212,2 шақырым болатын 51 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 15,1 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайы жақсартылмақ. Ал Жамбыл ауданындағы «Қапал» каналын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталуда. Қазіргі таңда лотоктардың арасын гермитизациялап бекітуде. Эксплуатациялық жолдар салынып, тағы басқа жұмыстар жүргізілуде, – дейді Қазыбек Қошқарбекұлы. «Бұл канал Жамбыл, Көлқайнар мен Ащыбұлақ ауылдық округтеріндегі бес мыңнан астам алқапты ылғалдандырады. Бұрын ағын су жер арықпен каналдың соңғы нүктесіне 10-12 тәулікте жететін болса, ол 10 тәулікке дейін қысқарған. «Канал құрылысы неге ұзақ созылады» деген сұрақ болуы мүмкін. Өйткені жаз айларында жер каналында су болады. Суару кезеңі аяқталғаннан кейін 15 күн жерарық кептіріліп, содан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Каналдағы құрылыс жұмыстары көктем және күз айларында ғана жанданады», дейді «Қазсушар» мекемесінің директоры. Мұндағы каналдың соңғы нүктесі «Қызыл диқан» өндірістік кооперативіне барып бір-ақ тоқтайды. Өндірістік кооператив директоры Нұридин Бегманов бұл жобаның жүзеге асырылуын 15 жыл күткенін айтуда. «Су болса өнім болады. Бұған дейін судан қатты тапшылық көріп келсек, былтырдан бері бұл мәселеден арылдық. Өнім көлемі де артты. Биыл 100 гектар алқапқа орналастырылған қант қызылшасын жаңбырлатып ылғалдандырудамын. Былтыр гектарына 700 центнерден өнім жинасақ, биыл балтамырдың әрбір гектарынан 900 центнерден өнім аламыз деген жоспарымыз бар», дейді қожалық жетекшісі. Байзақ ауданында соғылып жатқан «Сеңкібай» каналының ұзындығы 22 шақырым. Оның алты шақырымына монолит бетон құйылған. «Құрылыс ТЭД» ЖШС құрылысшылары нысанды алдағы жылы тапсыру үшін жұмыла еңбек етуде. Қазір мұнда үш бригада жұмыс істеуде. Бұл канал іске қосылғанда 5500 гектар алқапқа ағын су жеткізілмек. Каналдағы судың сыйымдылығы 4 текшеметрді құрайды. Ауыл тұрғыны, «Шөлтөбе-Агро» ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшесі Ахмет Кенебаев ауыл халқының атынан алғысын жеткізді. «Көктемде облыс және аудан басшылары келіп, уәделерін беріп кеткен еді. Сол уәдеде тұрып, суды үзбей берді. Соның арқасында жақсы өнім жинадық. Қазір жоңышқаға су салып жатырмыз. Сөзінде тұрған ел азаматтарына алғысымыз шексіз», деді ол. Бұдан кейін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» каналының сол жақ астында орналасқан «МР-3», «МР-4» деп аталатын және «Базарбай» каналындағы құрылыс жұмыстарының барысын көрдік. Бұл каналдардан су алып отырған «Аспан Агро» ауыл шаруашылығы кооперативінің алқаптары жайқалып тұр. Жоңышқасы гүлдеудің алдында тұрса, қылша алқаптары ылғалдандырылуда. Қожалық жетекшісі Саха Манатовтың айтуынша, биыл шаруашылық судан тапшылық көрмепті. – Биыл ауа райы өте қолайлы болды. Су да дәл керек кезінде жеткізілді. Қылшадан да жақсы өнім аламыз деген жоспарымыз бар. Енді он-он бес күнде жинайтын боламыз. Біздің алға қойып отырған мақсатымыз – жерасты суын пайдалану. Оны жаңбырлатып, тамшылатып суару жүйесіне қосу. Сөйтіп, ағын судан бас тарту. Өйткені Қырғыз еліне тәуелділіктен осылай, жерасты суын пайдалану арқылы ғана шыға аламыз. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттің қолдауы керек, – дейді Саха Манатов. Соңғы нысан Талас өзені бойындағы «Ақмола» су қоймасы болды. Бұл нысан әлі салынған жоқ. Ол Талас пен Байзақ ауданының шекарасында орналасқан. Бірақ Үкіметтің бақылауында тұрған нысан болғандықтан оған тиісті жобалық-сметалық құжаттама жасалып, қаржы республикалық бюджеттен қаралған. Жоба құны 4,8 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары алдағы жылы басталмақ. Талас өзені бойындағы су қоймасына лайықты арна табиғи қазаншұңқырда орналасыпты. Оның аумағы 258 гектар алқапты алатын болады. Алдына бөгет орнатып, су жинамақ. Судың сыйымдылығы 12 миллион текшеметрді құрайды. Нысанды 2026 жылы пайдалануға беру көзделген. Егер жоба іске асса, аудандағы 6,5 мың гектар алқапқа су жеткелі тұр. – Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Атап айтқанда, облыстағы су шаруашылығы нысандарының әбден тозығы жеткен. Осы жағдайды ескере келіп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қойма салынады деп айтқан болатын. Соның ішінде Қырғыз Республикасынан суармалы суға деген тәуелділікті жою үшін Жамбыл облысында 3 жаңа су қойма салу жоспарланған. Атап айтқанда, көлемі 15,2 миллион текшеметрді құрайтын Ырғайты, Қордай ауданындағы 14,6 миллион текшеметр болатын Қалғұтты және Талас ауданындағы осы Ақмола су қоймасы енген. Су қоймасын салудағы басты мақсат – Талас өзені бойымен 6,5 мың гектар суармалы алқапқа суармалы кезеңде су тапшылығын болдырмау үшін шамамен 7 текшеметр суды өзенге тұрақты тастап отыру көзделген, – дейді Қазыбек Қошқарбекұлы. Ал облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, облыс бойынша 781 мың гектар егістік болса, оның 179 мың гектары суармалы екен. Биыл 101 мың гектарға толығымен су жеткізіліпті.  

Марат ҚҰЛИБАЕВм