Саяси науқанды ұйымдастыруда заңдылықтар қатаң сақталады
Саяси науқанды ұйымдастыруда заңдылықтар қатаң сақталады
Жиынды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов кіріспе сөзбен ашты. Мұнан соң облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Сара Мәдиева 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру туралы баяндады. – Еліміздің сайлау жүйесін жетілдіру үшін кез келген деңгейдегі сайлау комиссиясының әрбір мүшесінің кәсібилігі мен құзыретінің деңгейін әрдайым арттыру қажет. Сондықтан бірінші кезекте барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары мүшелерін бірнеше бағыттар бойынша әртүрлі нысандарда дайындау мен оқыту көзделген. Атап айтқанда, бейне-конференц-байланыс режимінде тұрақты негізде сайлау науқанының нақты кезеңдері мен бағыттарының маңызды мәселелері бойынша аумақтық сайлау комиссияларына арналған ортсайлаукомның онлайн семинар-кеңестері, сондай-ақ өңірлердегі көшпелі оқыту және инспекциялық семинар-кеңестер ұйымдастырылады. Бұл ретте сайлау жүйесі сайлау комиссияларының 70 мыңға жуық мүшесін қамтитынын ескерсек, қашықтан оқыту және тестілеу өте ыңғайлы болмақ. Жергілікті жерлердегі сайлау комиссиялары үшін көшпелі оқыту семинар-кеңестері мен тренингтері, Қазақстан Республикасының шетелдердегі өкілдіктері жанынан құрылған учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған семинарлар өткізілмек. Электораттық оқыту жүйесінің әдіснамалық негізі даярлаудың каскадты әдісі болып табылады. Ал оқытудың әдістемелік базасы ретінде жаңа тест тапсырмаларымен толықтырылған оқу-әдістемелік кешен пайдаланылатын болады. Офлайн және онлайн форматтарда бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың және сайлауды байқауға қатысуға ниеттенген қоғамдық бірлестіктердің республикалық және өңірлік өкілдеріне арналған оқыту семинарлары да жоспарланған, – деді Сара Қабылбекқызы. Жиында облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Әбілқайыр Боранбаев Қазақстан Республикасының Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізу барысында аумақтық сайлау комиссиялары жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде баяндаса, комиссия мүшесі Талғат Жамалов сайлауда Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын тіркеу және Президенттікке кандидатты қолдап қойылған қолдардың растығын тексеру жұмыстары жайлы айтты. Ал сайлау комиссиясының мүшесі Саят Қойшыбаев мүгедектігі бар сайлаушылардың дауыс беруі үшін жағдайларды қамтамасыз етудің кейбір мәселелеріне тоқталды. Кеңейтілген жиынды қорытындылаған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов әрбір ауданда көшпелі семинар-тренинг өтетінін, оған тек сайлау комиссиясының мүшелері ғана емес, сол жерлердегі сайлау процесіне қатысушы мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысатынын айтты. «Жалпы облыста 493 сайлау учаскесі тіркелген, олардың 3835 мүшесі бар. Осы сайлау комиссиясы мүшелерін түгелдей оқыту процесінен өткізу керек, ал тест тапсыра алмаған адам сайлау учаскесінің жұмысына жіберілмейтін болады. Осылайша әрбір сайлау комиссиясы мүшесінің кәсіби деңгейінің заң талаптарына сәйкес келуін қамтамасыз етеміз» дей келе, сайлау процестерін өткізу кезеңінде заңдылықты сақтау жөніндегі іс-шараларға тоқталып, аумақтық сайлау комиссияларының төрағаларына сайлау заңнамасы нормаларының бұлжытпай сақталуы мен азаматтардың конституциялық құқығын іске асыруы үшін барлық қажетті жағдайлардың жасалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Соның ішінде мүгедектігі бар сайлаушылардың дауыс беруі үшін жағдайларды қамтамасыз етудегі алдыңғы кемшіліктер қайталанбауы тиістігін қадап айтты.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП