- Advertisement -

Ауыл мектебінің Ақжолтайы

151

- Advertisement -

Ауылда әңгіме жатпайды. Ертеңгілік болған жайт қас қарайғанша барлық үйге тарап үлгереді. Әсіресе, мектепте бұзақылық жасадым дегенше, әлгі «қылығың» ұмытылғанша, қыпылықтап жүргенің. Мұныңды үйде ата- анаңның қоштамайтыны екібастан белгілі. Қысқасы, басыңнан сипамайды.

Ол ол ма көшедегі қариялардың бәрі «кеше сабақтан қашқан сен бе» дегендей кінәлай қарағанда, қарадай қысылып бітетін әлгі оқушы. Осыдан кейін біздің мектепте ешкім сабақтан қашпайтын, жоғары сыныптың қыздары опа-далап дегенді жолату былай тұрсын, сырға тақпайтын. Үлкендер кішіге әлімжеттік жасамайтын. Жасай қалған күнде де көресіні көріп бітеді.

Ол кезде біздің мектепте тіпті бірде-бір бала себепсіз сабаққа келмей қалмайтын. Содан болар, мектебімізде бірде-бір баланың бұзақы деген аты шыққан жоқ. Мұндай тәртіпті Ақжолтай әпкей орнатқан. Ол бүкіл ауылға ортақ еді.

Ал тарих сабағына дайындалмай бару деген – мүлдем ақылға сыйымсыз нәрсе болатын. Түн ұйықтамаса да, үй тапсырмасын тап-тұйнақтай орындап баратын. Ертең Ақжолтай Сарқұлованың сабағы деген күні әр үйде темірдей тәртіп орнайды. Сол күні тарихты жаттап отырған баланы үй шаруасына қолғабыс етуге ешкім жұмсамайды.

Тәртіп пен талап орныққан жерде нәтиже бар. Содан да шығар, біздің мектепте сабақ үлгерімі нашар оқушы некен-саяқ еді. Ал тарихтан Ақжолтай Сарқұлова сабақ берген сыныптардың осы пәннен оқу үлгерімі жақсы болатын.

Мұғалімнің бұл қаталдығына кейін шәкірттерінің бәрі алғыс айтып жүрді. Енді ше, оқуға түскенде тарихты жақсы оқығаны көп жеңілдік әкелсе, ұстазына разы болады ғой.

Бұрынғы Калинин орта мектебінің түлектері тарихшы, талай жыл мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет еткен Ақжолтай Сарқұлова туралы үнемі жылы естеліктер айтып жүреді. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дегенді бекер айтпаған.

Ақжолтай әпкей бізге тарихтан жан- жақты білім беріп, үлкен өмірге кең жол ашты. Ол кісі сабақ берген әр шәкірт жоғары оқу орнында тарихтан үнемі жоғары баға алатын. Тіпті институт доценттері мұғалімімізге алғыс айтып, хат жіберген кездер де болды», – дейді нағыз педагогтың шәкірті Жанболат Сматілдаев.

Ақжолтай Сарқұлованың сабақ беру тәсілі кезінде аудан, облыс мұғалімдері үнемі жоғары баға берген. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін бітіріп, еңбек жолын ауыл мектебінде бастаған жас ұстазға небәрі 9 жылда ауданда алғаш болып «Құрмет белгісі» ордені табысталуы – соның дәлелі.

Педагогикалық озық әдістерімен көзге түсіп, көп жетістікке жеткен мұғалімді Қазақ ССР халыққа білім беру министрі Ш.Шаяхметов Құрмет грамотамен марапаттағанда ауылда бұл жетістікке қуанбаған адам кемде-кем.

Ақжолтай Сарқұлованың қаталдығынан ба, мектепте бала біткен бұзақылық жасамай, тыныш жүруге тырысатын. Осы үшін оны жұрт ауыл мектебінің Ақжолтайы атайтын. Ал мен аға-әпкелерімнен естігенімнің әсері шығар, басқаны қайдам өзім жоғары сыныпқа көшуге асықпадым. Бастауышта оқып жүре бергім келетін. Ондағы ойым – тарихтан Ақжолтай әпкейдің сыныбына түсіп қаламын ба деген сақтық.

Мен іштей үрейленіп жүргенде ең қатал ұстаз зейнетке шығып кетті. Мектепке мұғалімдер күніне арналған салтанатты іс-шараларға ғана келетін. Қазіргі кей педагогтер сияқты мектепішілік шаруаларға араласып, беделін пайдаланып, бұра тартқан кезі жоқ. Өзіндік сый-құрметін сақтап қалды.

– Жалпы мектепте мұғалімнің ұл-қызы болудың жауапкершілігі жоғары екені түсінікті жайт. Үнемі барлық сабақтан жақсы оқуың керек. Тәртібің өз алдына. Ата-анам да мектепте тарихшы. Әкем Әлімхан Мақұлбаевтың да есімі аудандағы мықты тарихшылардың қатарында аталып жүрді. Әлі күнге сол жылдардағы педагогтерге қатаң талап қойылғанын әңгімелеп отырады. Зейнетке шықса да, шәкірттерінің ұстаздарына деген құрметі үзілген емес. Анам бірер жыл бұрын өмірден озды.

Оқушының шырағын жаға білген нағыз мұғалімнің әрқашан мәртебесі биік. Ол – ақиқат! Осыған көз жеткізген соң, әке-шешемнің жолын жалғауды жөн санадым. Отбасында көрген тәлім- тәрбиенің арқасында балалардың тілін тауып, жақсы мұғалім атандым. Қазір өзім де мектепте алдыңғы толқын педагогтердің қатарына қосылдым, – дейді Ақжолтай Сарқұлованың қызы Эльмира Мақұлбаева.

Бүгінде Эльмира Мақұлбаева А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Оның да шәкірттері талай білім бәсекелерінде ұстаз үмітін ақтап, көп жетістіктерге қол жеткізіп жүр.

 

Ардақ СЫРЫМБЕТ.
журналист.
Т.Рысқұлов ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support