- Advertisement -

Мен үлгі тұтқан ұлағатты ұстаз

354

- Advertisement -

Қазақтың «ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дегеніндей, жасаған жақсылығы мәңгі жадыңда сақталатын жандар болады. Ленин орденінің иегері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Қапаш Тасболатов ағай мен үшін сондай жан еді. Ол кісі туралы қалам тербеуге қанша оқталсам да ретін келтіре алмай жүргенмін. Ұстаздардың төл мерекесіне орай соның сәті түсіп тұрған сияқты.

1961-1962 оқу жылында Молотов ауылындағы Ленин атындағы орта мектептің 8-ші сыныбына қабылдандым. Жалғыз мен емес, ауданның шалғай елді мекендерінен келгендер де бар. Өйткені ауданда жалғыз орта мектеп осында ғана. Жүз шақты бала мектеп жанындағы интернатта жатып оқимыз. Оған оқушыларды санатына қарай іріктеп алатын. Тек жетім, көпбалалы отбасыларының, малшылардың, тағы басқа тұрмысы төмен жанұялардың балалары қабылданатын. Мен – жетімдер санатындамын. Майданда қаза тапқан жауынгер Күзердің баласымын. Тегім – Күзеров. Мектеп директоры – Қапаш Тасболатов.

Ол кезде оқушылар ғана емес, ауыл адамдарының өзі мұғалімдерге қарап бой түзейтін, барлық істерде мұғалімдерді үлгі тұтатын еді. Бізге математикадан Ұлы Отан соғысының ардагері Әсет Кемпіреков, химиядан Мұса Сыздықов, физикадан Қадір Тоқжігітов, орыс тілі мен әдебиетінен Талшыбық Баймағанбетова, дене шынықтырудан Алтынбек Үсіпбеков, тағы басқалар сабақ беретін. Бәрі де біз үшін үлгі тұтатын жандар еді. Жас маман, велосипедтен облыс чемпионы Қуанышбек Махажановқа да көп еліктейміз.

Десек те, мектеп директорының сөз сөйлеуі, жүріс-тұрысы, киім киісі ерекше. Ерекше болғанда, анау айтқандай сәнді емес. Бірақ, жарасымды. Сөздері салмақты, дәмді, мәнді. Ол кісі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ұстазды ынтыға тыңдаймыз, айтқандарын тегіс көңілге тоқып алғымыз келеді. Бейнелеп айтсам, әр сөзі – алтын.
Жыр алыбы Жамбылдың «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» дегендей, Қапаш ағай мейлі әдебиеттен түсіндірсін, мейлі грамматикадан түсіндірсін, Абайсыз мысал келтірмейтін. Әрі онысы үйлесімді, тақырыпқа сай шығады. Сонысымен де әр сабақ қызық әрі түсінікті.

Бала деген байқағыш, оның үстіне біз үнемі мектептің маңайындамыз. Сонда директор Қапаш Тасболатовтың бастық болып біреуге дауыс көтергенін көрмеппіз. Кемшіліксіз тірлік бола ма, анда-санда орын алған кемшілікті сол жерде көрсетіп, түзетудің жолдарын байыппен түсіндіріп жатқаны.

Мұндай сабырлы болар ма?! Дана Абай айтқандай, нағыз «ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» дегеннің өзі. Құдайдай шыным, менің ойымда да, бойымда да мұғалім болу арманы сол кезде, сол Қапаш ағайға қарап қалыптасқан. Арман қанатында қалықтап сол мақсатқа жеттім және ешқашан айныған емеспін. Мамандық таңдауда ұстазыма еліктегеніме ешқандай өкінішім жоқ.

Біз тоғызыншы сыныпқа барған 1962 жылдың қыркүйегінде мектепке жоғарыдан комиссия келді де, интернатқа қабылданған оқушылардың санаттарын тексерді.
– Күзеров, сен қай жылы туғансың?
– 1947 жылдың қаңтарында.
– Ендеше, сен қалайша соғыста қаза
тапқан майдангердің баласы боласың? Сен жалған құжатпен интернатқа қабылданып, мемлекеттің нанын тегін жеп жатырсың, – деп мені интернаттан шығаратын болды.

«Мемлекеттің нанын тегін жеп жатырсың» дегендері жаныма батты. Тегім әкемнің соғыста қаза тапқан ағасының атына жазылғанын, әкем «бауырымның аты өшпесін» деп солай жаздырғанын қалай түсіндірейін. Жауап бере алмай жылап қалдым. Оның үстіне кейбір қияңқы, қисық мінезді балалардың «апасы түйе сияқты он екі ай емес, екі жылдан астам көтеріп жүрген ғой ішінде», «аһ, дегенде апасының аузынан түсе салған ғой» деген шымшыма сөздері жүрегіме шаншудай қадалып, жаныма батып кетті. Сыныптан қалай атып шыққанымды өзім де білмеймін.

Сол бетте ауылға тартып кеттім де, үйге келген соң апама болған оқиғаны жылап отырып баяндадым.
Апам Нұркүл адуынды кісі еді.

– Айта берсін, қараң қалғыр. Олар оттай береді, сен – Күзердің баласысың! – деп менің Күзердің баласы екеніме күмән келтіргендерді сырттай бір сыбап алды да, Жетібайда тұратын нағашыларымның ауылына жіберді оқуға. Обалы нешік, нағашыларым қуана қарсы алып, сондағы орта мектепке орналастырған. Оқып жатырмын.

Бір апта өткенде сынып жетекшім құжаттарымды әкелуге бұрын оқыған жеріме жұмсады. Молотовтағы мектепке келіп, қай сыныпта оқитыным туралы анықтама, оқу үлгерімім туралы табельді алып директорға кірмеймін бе қол қойғызуға.

Қапаш ағай не үшін басқа мектепке ауысып бара жатқанымды сұраған. Мен болған оқиғаны баяндап бердім. Алдында аң-таң болған ағай:

– Сен осында оқисың. Біреулердің түсінбестігінен интернаттан шығарылғаның ұят! – деді де, интернат меңгерушісін шақырып алып қайта орналастыруға тапсырма берді. Сөйтіп, мен майдангер Күзеровтің баласы болып оқуымды жалғастырдым.

Құдайдан жасырмағанды адамнан жасыра алмайсың. Мен қан майданда ерлікпен қаза тапқан Күзердің баласы емес екенім Аллаға аян. Бірақ, қамкөңіл жеңгесінің үмітін үзгісі келмеген әкем тегімді ағасының атына жаздырған. Бұл сол кезде екінің бірінің басында бар жағдай. Соны сұңғыла көрегендікпен түсінген Қапаш ағай менің тегім туралы әңгіме қозғамай-ақ мәселені ойдағыдай шешкен. Оған қалай риза болмассың.

Ұлағатты ұстаз Қапаш Тасболатов біз мектепте оқып жүргенде ғылыми жұмысын қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты атағын қорғаған. Арысы жоғары, берісі орта-арнаулы оқу орындарында, қала берді ғылыми-зерттеу институттарында, ғылым мекемелерінде қызмет атқаратын мүйізі қарағайдай ғалымдар қатарында қарапайым ауыл мектебі мұғалімінің, мейлі директор-ақ болсын, ғылыми атақ қорғауы – сирек кездесетін оқиға. Ол ең алдымен талмай ізденуге, білімділікке, табандылыққа байланысты.

Директордың қат-қабат, өмірі бітпейтін шаруасының арасынан оған уақыт табудың өзі ерлік қой. Қапаш ағай сол ерлікті жасады. Негізгі қызметіне қылаудай нұқсан келген жоқ.

Ғалым Қапаш Тасболатов ғылыми атақ қорғап келгеннен кейін жоғары сыныптар оқушылары алдында лекция оқыған. Арнайы сабақ өткізді десе де болады. Тақырыбы – Абай. Біз мектепте Абай өлеңдерін жаттап, ол туралы естіп-біліп жүргенімізбен, әлі Абай әлеміне кіре алған жоқ екенбіз. Қапаш ағайдың сол сабағынан кейін Абайды бір қырынан таныдым. Абайды түгел танып-білу мүмкін емес қой. Оны түгел танып-білсем, ғұлама болып кетермін. Бұл жолы Абай дананың мен таныған қыры – құдайшылдығы.
Қапаш ағай Тасболатов – мектепте қызмет атқарып жүргенінде-ақ осындай ізгі ізденісімен танылған тұлға. Оның ұстаздық ұлы мамандықтағы ұлағатты ісі жоғары бағаланып, КСРО-ның жоғары марапаты– Ленин орденімен марапатталды.

Қапаш ағай кейін жоғары мектепте қызмет атқарып, Жамбыл педагогикалық институтында, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде талай шәкірт тәрбиелеуге үлес қосты. Ол кезде де марапаттардан кенде болған жоқ.

Оның бәрін санамалап қайтейін. Ең бастысы, ол ортасына сыйлы, құрметті азамат, үнемі ізденіс үстінде жүрген ғалым болды. Сол құрметімен бақилыққа озғанына да 15 жылдың жүзі болып қалыпты. Тау алыстаған сайын биіктей түсіп, оның ізгі ісін шәкірттері жалғастыруда. Ұрпақтары өнегелі өмір сүріп жатыр.

Мұғалімдер күнінде өзім үлгі тұтқан тұлға, ұлағатты ұстаз Қапаш ағай Тасболатов туралы ойда жүрген бір ісімді тындырғандай күйдемін.
Тағы бір көкейде жүрген, айтылуға тиіс бір мәселе бар. Ол – асыл азаматтың есімін мәңгі есте қалдыру. Біз оқыған Молотов ауылы қазір Құмтүйін деп аталады. Бұл бұрынғы тарихи атауы. Сол ауылдағы орта мектеп Ильич атында. Саяси мәні өзгерген, тарихи уақыты өткен қазіргі кезеңде сол мектепке Қапаш Тасболатовтың аты сұранып-ақ тұр. Жергілікті билік уақыт талабына сай жұмыс жүргізіп, сол мектепке ұлағатты ұстаз Қапаш Тасболатовтың атын берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл көпшіліктің тілегі.

Амангелді ҚОҢЫРБАЕВ,

ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің Құрметті қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support