- Advertisement -

Тарихы терең, талғамы биік қазақ баспасөзі

371

- Advertisement -

Қазақ баспасөзінің тарихы тереңнен тамыр тартады. Ғасырлармен жалғас, сырлас, рухтас болған ұлт басылымының қай-қайсысының да тағдыры бөлек. Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ баспасөзінің тарихы «Түркістан уәлаяты» газетінен бастау алатынын көреміз. Бұл басылым 1870 жылғы 28 сәуірден бастап Түркістан генерал- губернаторының ресми газетіне қосымша ретінде Ташкент қаласында шыға бастаған.

Бұдан кейінгі «Дала уәлаятының газеті» де сол кездегі өкімет орындарының ресми құралы болса да ұлттық және елдік мәселелерді қамтып отырды. Сол тұстағы қазақ оқығандарының мақсаты біреу-ақ еді: ол бұқараның көзін ашып, көңілін оятып, қазақ даласына рухани серпіліс әкелу болатын.

Осы мақсатта қазақ топырағында ХХ ғасырдың басында «Айқап», «Қазақ», «Алаш», «Бірлік туы» және өзге де басылымдар жарық көре бастады. Мәселен, ХХ ғасыр басындағы қазақ даласына рухани серпіліс әкелген «Қазақ» газеті болды. Аталған басылымды Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сияқты ұлт зиялылары ұйымдастырды. Газеттің редакторы Ахмет Байтұрсынұлы болды. Сол сияқты, сол кезеңдерде жарық көрген «Еңбекші қазақ», «Ұшқын», «Қазақ мұңы», «Кедей сөзі» газеттерінің атауына қарасақ та, мұнда да азаттықты аңсаған халықтың арман-тілегі, ортақ мүддесі бар еді. Ал мазмұны да ұлттың ұпайын түгендеу, жоғын жоқтау болатын.

Қазақ сахарасында өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап өте қиын кезеңдер басталды. Десек те, сол кездегі ұлт зиялылары бір тудың астына бірігіп, газет шығару ісімен айналысты. Орынбор, Ақмешіт қалаларында әр жылдары ұлттық баспасөздің бастауы саналатын ақпарат құралдары халыққа қызмет етіп тұрды.

Әулиеата өңірінде де ұлт баспасөзінің тарихына үлес қосқан «Кедей еркі» газеті белгілі Алаш қайраткері Сыдық Аблановтың бастамасымен жарық көрді. Бүгінгі Жамбыл облыстық «Aq jol» газеті әуелгі «Кедей еркі» газетінің жалғасы еді. Әуелі «Кедей еркі» деген атпен 1922 жылы жарық көрген Әулиеата өңірінің бас басылымы әр жылдары «Еңбек», «Диқан дауысы», «Колхозшы», «Колхоз жолы», «Коммунист», «Сталиндік жол» және «Еңбек туы» деген атаулармен оқырманға жол тартты. Тарихи басылымды сол бір қиын-қыстау кезеңдерде Сыдық Абланов, Ғабды Аманғалиев, Жайық Бектұров, Ғайса Сармұрзин сияқты қалам қайраткерлері басқарды. Газеттің мазмұны да, ақпарат беру тәсілі де, көлемі мен шығу жиілігі де уақыт ағымымен өзгеріп отырды.

Тоқсаныншы жылдардың басында белгілі қаламгер Арғынбай Бекбосын бас редактор болған тұста газеттің атауы «Ақ жол» болып өзгертілді. Талай-талай тарлан таланттың ізі қалған тарихи басылым талай тарихи сәттердің куәсі болды. Жалпы, басылымның тағдыр-талайы өз алдына, «Aq jol» газеті туралы сөз болғанда мына бір екі тарихи ерлік ойға оралады. Оның
біріншісі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа қара күйе жағылған тұста газет қызметкері Қыстаубай Байтуовтың қайраткермен сұхбат жариялауы.

Газет журналисі бас редактор Арғынбай Бекбосынның тапсырмасымен Алматы қаласына арнайы барып, есебін тауып Дінмұхамед Ахметұлымен жолығып, жазықсыз азаматты туған халқымен қайта қауыштырды. Ал екіншісі – газеттің көрнекті қайраткер Асанбай Асқаровқа араша түсуі. 1986 жылғы оқиғадан кейін Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл секілді үш облысты абыроймен басқарған, басқарып қана қоймай ел үшін елеулі еңбек еткен Асанбай Асқаровқа жазықсыз жала жабылып, түрмеге қамалғаны белгілі. Сол кезеңде белгілі ақын, газет қызметкері Жақсылық Сәтібеков Бішкек қаласында өткен Асанбай Асқаровтың сотына қатысып, қайраткер тұлғаға араша түскен атақты мақаласын жазады.

Бұл да «Aq jol» газетінде басылған. Аталған дерек Жақсылық Сәтібековтің «Асқаровтың соты» деген кітабында кеңінен айтылады. Бұл ретте «Aq jol» газеті де қазақ баспасөзіндегі тарихы терең, талғамы биік газеттің бірі деуге болады.

Жалпы, қазақ баспасөзі туралы сөз болғанда, қазақтың қалам қайраткерлері ойға оралады. Ұлт баспасөзінің негізін қалаған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Смағұл Сәдуақасұлы сияқты тұлғаларды айтпағанда, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сейдахмет Бердіқұловтардың кәсіби шеберліктері бір-бір мектеп. Мәселен, Шерхан Мұртаза басшылық жасаған тұста «Лениншіл жас» газетінің ел іздеп жүріп оқитын басылымға айналғанын, атақты «Жұлдыз» журналының редакторы болған кезде журнал таралымының екі жүз мыңнан асып кеткені аңыз болып айтылады.

Мұндай мысалдар көп-ақ. Алайда бүгінде қоғамда газет-журнал оқылмайды немесе оны кім оқиды деген сияқты керітартпа көзқарас пайда болды. Оған интернет- ресурстар мен түрлі әлеуметтік желілер де әсер етуде. Себебі, бірінші кезекте қазір ақпарат тарату жылдамдығы алдыңғы орынға шығып кетті. Ал оның дұрыс- бұрыстығына, сауаттылығына және өзге де қажеттіліктеріне мән беру кейінге ығысты.

Мәселен, қазір біз цифрлы дәуірге көштік, заманауи масс-медиа қалыптастыру керекпіз деген пікірлерді жиі естиміз. Сондықтан да қазір еліміздегі баспасөздердің көпшілігі ақпарат таратумен ғана айналысуда. Қазір газет беттерінен көркем очерк, фельетон, суреттеме сияқты дүниелерді табу қиын. Көбіне-көп мемлекеттік тапсырыстардың шеңберінде немесе «сары басылым» деңгейінде, яғни ақиқаты анық емес алып- қашпа әңгіменің төңірегінде ғана жүрген ортаңқол баспасөздер де бар. Мұны ақпарат саласының сапасымен де, оқырманның сұранысымен де, түрлі тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының көбейіп кетуімен де байланыстыруға болады.

Бүгінде көптеген мамандар цифрлы дәуірде газеттің конвергентті болуы керектігін айтып жүр. Сонда контентті оқырманның түрлі тобына түрлі формада ұсынған жағдай болған күннің өзінде ақпараттың сапасын арттыру мүмкін бе деген сұрақ туады.

Мәселен, қазір интернет заманы. Мұнда бәрі де бар. Бірақ, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарын да, өзімізді де алып қарасақ ақпарат майданында алашапқын болған кезеңдерді көреміз. Қазір ақпарат қарудан да күшті болып тұр. Дегенмен ақпаратпен ғана ұлттың ой-өрісін одан әрі кеңейту, жастарға жаңа жол көрсету, бағыт беру мүмкін болмай тұр. Бүгінгі оқырманның көпшілігі жай ақпарат оқушы ғана болып қалыптасып кетті. Бірақ, бір ақпараттың өзі әр жерде әртүрлі жариялануда.

Соңғы кезде елімізде газеттердің жойылу қаупі туралы көптеген әңгімелер айтылуда. Алайда әлемдік өркениетке қарасақ, Америка Құрама Штаттарынан шығатын «New York Times» газеті әлі жарық көріп келеді. Сол сияқты Жапония мемлекетіндегі «Асахи Шимбун» газеті 6 миллион 200 мың таралыммен тәулігіне екі рет шығады. Газеттің әлем бойынша 320 офисі мен 39 бюросы бар. Мұнда 5000-ға жуық қызметкер жұмыс істейді.

Тіпті бүгінде Жапонияда кітап, газет оқыту мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Барлық дамыған мемлекеттерде цифрлық технология екінші орында тұр. Ал бізде керісінше, газет-журналдардан гөрі әлеуметтік желілерге жиі көңіл бөлініп кетті. Мұндағы ақпараттың дұрыс-бұрыстығы есепке алынып жатқан жоқ. Сол сияқты, түрлі жазбалардағы грамматикалық қателер, жалаң ұрандар мен құрғақ ақыл айтулар да ұлттық журналистиканың бәсін төмендететін құбылыс.

Сонымен қатар бүгінгі таңда қазақ газеттерінің таралым мәселесі де өзекті болып тұр. Бұл күнде газетке жазылу көптеген адамдардың санасында «босқа ақша шығындау» болып қалыптасқан. Сондай-ақ өңірдегі аудандық газеттердің жекенің қолына өтуі де жас журналистердің буынын қалыптастырмай отыр. Газет табыс табудың құралы, бизнестің көзі болмауы керек. Ол бірінші кезекте әрбір оқырманға рухани серпіліс сыйлайтын, ойлы оқырманның сұранысын қанағаттандыратын құрал болуы тиіс деп білеміз.

Ал қазақ баспасөзінің келешегі мемлекеттің, жергілікті биліктің және журналистердің өз қолында дер едік. Десек те, қазақ даласында бір ғасырдан бері тасқа тарих болып басылып келген ұлт баспасөзінің рухы бұдан кейінгі дәуірлерде де самғай беретіні анық.

 

Айгүл ӘНУАРБЕКОВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Филология және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support