- Advertisement -

Өсиеті, қасиеті бар қария

77

- Advertisement -

«Халық ағарту саласына өлшеусіз еңбек сіңірген профессор ақсақал, Білім беру ісінің үздігі, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Тараз қаласында тұрады екен» дегенді естіп, жолығуға асықтық. Қырық жыл қызмет еткен өңірге адалдығы болар, бала тәрбиесінде өлшеусіз еңбегі бар қария облыс орталығындағы жаңадан бой түзеген Мойынқұм көшесінде тұрады екен.

Біз әңгімелегелі отырған кейіпкеріміздің аты-жөні – Сағынбек Әшірбекұлы. Ол 1966 жылы Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтын физика және химия пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіреді. Ол уақытта ондай оқу орнын күндізгі бөлімде бітіріп шығу – ілуде біреудің басына қонатын бақыт.

Ауыл мектептерінде жоғары оқу орынын сырттай оқып жүргендер, мықтағанда училище мен техникум (қазіргіше колледж) бітіргендер сабақ беріп жүрген. Тіпті, орта мектепті жоғары үлгеріммен бітірген түлектер де бастауыш сыныптарға білгенін үйрете беретін жағдайлар да кездесуші еді дейді көнекөз қариялар.

Ал осыдан алпыс жылға жуық уақыт бұрын үлкен оқуды ұлы мен келіні қатар бітіріп, жолдамамен ауылға қызмет істеуге келе жатқанда әкесі Әшірбек қария қандай сезімде болды екен. Әңгіменің анығына көшсек, жалындаған 23 жасында Сағындық ұстаз көңілі қалаған ару Айсұлу Тәнекеқызын өмірлік жар етіп, туған жеріне алып қайтқан еді.

Ерлі-зайыпты екеуі Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке мұғалімдікке жіберілді. Ол кездегі мұғалімнің беделі деген қандай биік. Екеуі де химия мен физика пәндерінің мұғалімі екенін жоғарыда айттық.

Дегенмен, олар сол кезеңдердегі маман тапшылығына байланысты математика, биология пәндерінен де сабақ берді. Бір сөзбен айтқанда, шалғайда жатқан Құмөзекке жарқырап жанған жарық шам келгендей болғаны анық. Бұл жөнінде беріректе Білім беру ісінің үздігі Кәрішал Дәуренбековтің Сағынбек Әшірбекұлын «Мойынқұмның Алтынсарины» деп атауы бекер болмаса керек.

Осылай үлкен сәттілікпен басталған еңбек жолы абыройлы қызметке ұласты. Сағынбек Әшірбекұлы 13 жыл ішінде мұғалім, сынып жетекші, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде жақсы тәжірибе жинап, қалыптасты. Бірер жыл директордың міндетін уақытша атқарып та жүрді. Осыны ескерген аудандық партия комитеті мен білім бөлімі Сағынбек Әшірбекұлын қазіргі Қарабөгет ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепке директор етіп жіберді. 36 жастан енді асқан білікті маман 200 оқушысы, 27 мұғалімі бар ұжымды басқаруға тәуекел етті. Өз алдына жауапкершілік алып, мекеме басқару оңай шаруа емес. Ал білім саласына басшылық жасау – өте күрделі.

Аталған мектепті де Әшірбеков аз жылда алдыңғы қатарға шығарды. Онан соң өзі еңбек жолын бастаған Ы.Алтынсарин орта мектебін табаны күректей 15 жыл басқарды. Бұл барғанда мектептегі оқушы саны 300 бала болса, оншақты жылдың ішінде 630 оқушыға көбейді. Осы жылдар ішінде аталған мектептен 9 мұғалім Одақ, республика деңгейіндегі ірі марапаттарға ие болды.

Олардың ішінде КСРО Білім беру ісінің үздігі атанғандар да, орден-медальдармен марапатталғандары да болды. Ал Ы.Алтынсарин орта мектебі республикадағы үздік он мектептің қатарына енді. Республикадағы он мектептің қатарына ену деген қандай ерен еңбек, уақытпен санаспау, маңдай тердің жемісі екені белгілі. Сол жылдары аталған мектепте жоғары сынып оқушыларын еңбекке баулу үрдісі ерекше белең алды.

Мектептің қосалқы шаруашылығында 200 бас мүйізді ірі қара, 200 бас қой болды. 100 гектар жерге егілген жүгеріні де күтіп баптау осы орта мектеп ұжымына жүктелді. Жазғы еңбек демалысында жоғары сынып оқушыларын еңбекке тарта отырып, аталған мектеп ұжымы бұл жұмыстың да үдесінен шықты.

Бұл да әрине, Сағынбек директордың ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығын көрсетеді. Сол кездегі «Құмөзек» кеңшарының директоры Несіпбай Есілбаевпен берік байланыс орнатып, мектептің қосымша қаржы табуына жол ашты. Бұл орайда С.Әшірбекұлының төл шәкірті, филология ғылымдарының докторы, облыстық мәслихаттың депутаты, Халықаралық Тараз инновациялық институтының президенті Ерболат Саурықов «Сағынбек Әшірбекұлы ағайым жайлы өте көп естелік айтуыма болады. Мыңдаған оқушылармен бірге менің де қалыптасуыма ерекше ықпал еткен мұғалім сол кісі.

Сағынбек ағай Құмөзектегі Ы.Алтынсарин орта мектебінде білім алған жылдарымда мектеп директоры болды. Ағай жүріс- тұрысымен де, елгезектігімен, әр оқушыны танып тұратын асыл қасиетімен де ерекшеленді. Балалық жылдарымда осындай білікті ұстаздың алдынан сабақ алғанымды, тәрбиесін алып өскенімді мақтан тұтамын», дейді.

Кейіннен С.Әшірбекұлы Айдарлы ауылындағы Кеңес орта мектебін басқарып, төрт жылда жақсы білім ошағының қатарына қосты. Ол уақытта көгілдір отын жоқ. Мектептер пешпен жылиды. Қыстың күні білім ошағын жылыту оңай емес. Сағынбек Әшірбекұлы бұл жұмыстың қиындығына да төтеп беріп, жолға қойды. Кейіннен аудан орталығындағы Жамбыл орта мектебін алты жыл басқарып, мектеп- гимназия статусын алып берді. Осы мектептен сол жылдары бірнеше оқушы «Алтын белгі» жоғары марапатына ие болыпты.

Түйіндеп айтқанда, 65 жасына дейін 30 жыл үздіксіз мектеп директоры қызметінде болды. Мектептерге бұлай ұзақ жыл бірінші басшы болған мамандар көп емес шығар. Шәкірттері де шетінен дарынды болды. Бір шәкірті Гүлмира Исаева ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі болса, Болат Еспенбетов – биология ғылымдарының докторы. Алдынан тәлім алған Абзал Бейсенбекұлы Әділет министрлігінде жауапты қызметте.

Ел алдында сан алуан еңбегімен көрініп жүрген Ерболат Саурықов та, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Нұрлан Саурықов та – ағайдың төл шәкірттері. Бұл тізімді жалғай беруге болады.

Зейнетке шыққан соң да қарап отырмады. Алматы қаласы, Алатау ауданында тұратын кіші баласы Қанаттың қолына барды. Ол жақта да мектептерде мұғалім болып, шахмат үйірмесін басқарды. Осы жылдары оның шәкірттері арасынан Алматы қаласының, республиканың чемпиондары шықты. Алматыда оқушыларды патриоттық рухқа тәрбиелеу жөніндегі қалалық комиссия құрылып, қоғам қайраткері, Қазақстанның Чехияда елшісі болған Бижамал Рамазанова басшылық жасады. Сәкең бірнеше жыл осы комиссия мүшесі болып, Алматы қаласы мектептерін түгелге жуық аралады. Бұл да бір қуанышты һәм ерекше сәт. Кейінірек Мойынқұм ауданына сіңірген еңбегі үшін Мойынқұм ауданының «Құрметті азаматы» атанды.

Сағынбек ақсақал асыл жары Айсұлу Рахметова екеуі бес ұл- қыз тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғары білімді, үйлі-баранды. Үлкені Ләззат Талғар қалалық ауруханасында бөлім басшысы, балалар дәрігері болса, Жанат Алматы қаласындағы экономикалық колледжде аға оқытушы. Манат Алматы қаласы No98 орта мектебінің директоры.

Ал Санат Қордай ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы болса, Қанат Алматы қаласы, Алатау ауданы әкімінің орынбасары. Немере-шөберелерінің ортасында бақытқа кенелуде. «Жақсы қария белгісі, жанып бір тұрған шам болар» деген осы болар. Қарияның елге айтар өсиеті, берер батасы көп.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support