Денсаулық

Абыройлы міндет, аяулы парыз

Абыройлы міндет, аяулы парыз

Тараз қаласында орналасқан «No2 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі қарттарға қамқорлықпен қызмет көрсетуде. Мұндағы әрбір ата-әженің тағдыры бір дастан, жазылмаған тарих, өшпес өнеге. Қазір бұл үйде 125 азамат бар. Бүгінгі таңда қарттармен қатар мұнда 32 мүмкіндігі шектеулі азамат та мемлекет күтіміне алынған. width=

Қарттардың ең үлкені 98 жаста болса, мүмкіндігі шектеулі азаматтың ең жасы 27 жаста. Мұнда бір тыл ардагері, 93 зейнеткер бар. Оларға мекеменің жүзден аса қызметкері қызмет көрсетуде. Орталықта ата-әжелердің аялы алақаны мен ақ батасы бар. Бұл – жүректі жібітетін, кейбіреудің бойында ұйықтап жатқан мейірім мен адамгершілікті оятатын орын. Мекемеде 40 жылға жуық еңбек етіп жатқан қызметкерлер де бар. Соның бірі – Жанаркүл Бесбаева. Ол алғаш жұмысқа санитар болып алынса, қазір залалсыздандырушы болып жұмыс істеуде. Одан кейін жұмыс істегеніне ширек ғасыр толған Райхан Айдарбекова мен Нұржамал Күзенованың еңбегі де ерекше атап өтуге тұрарлық. Соңғы азаматшаны алдағы айда зейнет жасына жетуіне байланысты марапаттағалы отырмыз. Қарттар үйі 1971 жылы ашылған. Содан бері мұнда талай басшы келді, олардың әрбірі өзінің жаңалығы мен идеяларын сіңіруге күш салды. Ал бүгінде мекемені басқарып отырған Балабек Нарбаевтың да жұмысы көптің көңілінен шығуда. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қағидасын берік ұстанған басшымыз тәртіппен қатар, ардагерлерге деген құрметті де арттырды. Талай жылдан бері жөндеу көрмеген жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көп бөлмелер ағымдағы жөндеуден өткізіліп, уақыт талабына сай қайта жабдықталды. Ғимарат пен аула тазалығы қарттарға деген күтіммен қатар қойылды. Қарттардың көңілі үшін келетін қайырымды азаматтар да аз емес. Үнемі келіп, демеушілік жасап отыратын кәсіпкерлер қатары жыл санап артуда. Олар жай келмей қарттарға сыйлық әкеліп береді. Мәселен, «Ақ жол» партиясының өкілдері өткенде кітапханамызға 200 кітап сыйласа, «Amanat» партиясының өкілдері ардагерлерге естелік сыйлықтар тапсырды. Қазір кітапханамызда үш мыңнан аса кітап қоры бар. Қарттарға арналған мәдени іс-шаралар да тұрақты өткізіліп келеді. Биыл қарттармен бірге «Наурыз келді – құт келді», «Аналар – асыл жандар», «Ардагерлерді ардақтайық», тағы басқа да спорттық, мәдени іс-шаралар ардагерлермен бірге өткізілуде. Бізде діни мерекелер де атаусыз қалмайды. Мұнда Ораза айты, Құрбан айт пен өзге ұлт өкілдері көп болғандықтан олардың да наным-сеніміне байланысты мерекелер де ұйымдастырылып келеді. Ас мәзірі де талапқа сай дайындалады. Қорыта айтқанда, мұндағы қарттарымыз қызметкерлердің қамқорлығы мен ілтипатына дән риза.

Гүлхан ТҰРСЫНБАЕВА, No2 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары.