Мәдениет

Сахнада – Шәмші әндері

Сахнада – Шәмші әндері

Қазақ музыка өнерінде өзіндік орны бар композитордың бірі – Шәмші Қалдаяқов. «Баласағұн» орталық концерт залында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның «Ән падишасы – Шәмші аға» атты концерті өтті.

Филармонияның эстрада және дәстүрлі әншілері композитордың «Өмір-өзен», «Арыс жағасында», «Кешікпей келем деп ең», «Қайықта», «Көгілдір көкше», «Сүймегендер сағынбайды», «Сыған серенадасы», «Әнім сен едің», «Ақ келес-Арайлым», «Ана туралы жыр», «Қуаныш вальсі», «Ақ бантик», «Бәрінен де сен сұлу» және тағы басқа әндерін шырқады. Олардың қатарында ҚР Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Ғани Мәтебаев, Жанатбек Қадіров, Мадина Сағымбекова, Маралбек Бабақұлов және бірқатар жас таланттар және «Тараз» триосы бар. Сондай-ақ кешті «Ақкербез» би ансамблі, «Айша Бибі» фольклорлық-этнографиялық би ансамблі бимен көркемдеді. Концерт соңында сөз алған филармония директорының орынбасары Жандос Омаров Шәмші әні, Шәмші ғұмыры мәңгілік екенін айта келіп, ән кешіне келген көпшілікке ұжымның атынан алғысын білдірді. Ән кеші Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимніне айналған туындысымен аяқталды.  

Есет ДОСАЛЫ