Мотокөліктердің қатысуымен 13 жол-көлік оқиғасы орын алған
Мотокөліктердің қатысуымен 13 жол-көлік оқиғасы орын алған
Бес күн бойы облыс аумағында «Мотоцикл» жедел-профилактикалық шарасы өтті. Бұл күндері 200-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, мотошлемдерді пайдалану талаптарын сақтамағаны үшін 54, маневр жасау ережелерін бұзған 14 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, мамандандырылған тұраққа 62 мотокөлік қойылды. Шара барысында облыс бойынша 7 мас мотоцикл жүргізушісі анықталған. «Барлық көлік құралдары арнайы айыппұл тұрағына орналастырылды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысы. Біздің басты міндетіміз – жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады», – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Ержан Мананбаев. Айта кетейік, ағымдағы жылдың 8 айында мотокөліктердің қатысуымен 13 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан бір адам қаза тапқан.