Әдебиет

Әлемге әйгілі әдебиетшілер

Әлемге әйгілі әдебиетшілер

Түгел сөздің түп атасын Майқы биден түгендеп, өлеңді сөздің патшасы еткен қазақтан әдебиет аталымы бойынша әлемдік Нобель сыйлығын неге ешкім алмайды деген сауал көптен бері отандық қаламгерлердің жүрегіне жүк, санасына салмақ болып келе жатқаны мәлім. Әрине, төл әдебиетімізде төрт құбыланың төріне шығарып, төбемізге көтеретін авторлар да, шығармалар да аз емес. Десек те, ғаламды мойындатып Нобель алған нөкерлер осы уақытқа дейін не жазды? Және олардың қандай шығармалары әлемде ең көп сұранысқа ие? Біз олардың ішінде биылғы жылдың өзінде ең көп оқырман жинаған үшеуін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Жоғарыда аталған сауалдарға осы шығармалардың бірін болса да оқи отырып жауап алады деген сенімдеміз. Ендеше, мархабат! width=

  «МЕНІҢ АТЫМ ҚЫРМЫЗЫ», ОРХАН ПАМУК

2006 жылы түрік жазушысы Ферит Орхан Памук әдебиет саласы бойынша «туған қаласының меланхолия жанын іздеу кезінде мәдениеттер қақтығысы мен соқтығысының жаңа белгілерін тапқаны үшін» Нобель сыйлығын алды. Памуктың шығармалары 64-тен астам тілге аударылған. Автордың жазушылық даңқын «Ақ қорған», «Қара кітап» атты романдары асқақтатқан. Оның шығармалары негізінен АҚШ пен Батыста жоғары бағаланады. Қалың оқырманның сүйікті туындысына айналған «Менің атым Қырмызы» детектив романын журналист Амангелді Құрметұлы қазақ тіліне шебер тәржімалаған. Бұл кітаппен сіз ХVI ғасырдағы Ыстамбұлға сапар шегесіз. Қызығы, туынды өлген адамның монологынан басталады. Оқиға желісі бойынша Османлы падишасының құпия жасалуға тиіс кітабы үшін қанішер алдымен Зариф Ефендіні, сосын нақышкер Жездені өлтіреді. Осы қанішердің кім екенін анықтау үшін әр кейіпкер өз-өзін «Мен Қарамын», «Мен Шекуремін», «Мен ағашпын» деп сипаттап, ақталуға тырысады. Кейіпкерлер кезекпен сөйлесе де, оқиға бір-біріне ілесе жалғасып отырады.

 «I AM MALALA», МАЛАЛА ЮСУФЗАЙ

2012 жылы Малала Юсуфзай Пәкістанда өзі оқып жүрген мектеп автобусына жасалған шабуыл кезінде басына оқ тиіп, жараланған. Шабуылды Малаланың қыздарға білім беру компаниясына қарсы тәліптер жасаған. Малала шабуылдан ауыр жараланып, Ұлыбританияда емделіп, аман қалды. Қазір сол елде тұрып жатыр. Өзіне қастандық жасалғалы бері Малала дүниежүзін аралап, қыздардың білім алуына мүмкіндік беруге шақырып келеді. Оған 2014 жылы үндістандық құқық қорғаушы Кайлаш Сатъяртхимен бірге бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы берілген. «I am Malala» кітабын Малала Юсуфзай әскери корреспондент Кристина Ламбпен бірге жазған. Кітап 16 жастағы Малаланың өмірін, Пәкістан тарихын, Сват алқабының айналасындағы адамдарды суреттейді. Оқиға жылдам әрі қызық өрбіп отырады. Кітапты оқып еш зерікпейсіз, өмір шындығына куә болып, адамдардың тәліптердің құрығына қалай өздігімен түсетінін, көзі ашық адамдардың жанкештілігін көріп, Малаламен бірге өмір үшін, білім үшін күресесіз. Автобиография сізді бірден баурап алады. «Бұл кітапты әділетсіздікке тап болған, бірақ, өкінішке қарай, үнсіз қалуға мәжбүр болған барлық қызға арнаймын», – деген автордың өзі.

 «ОБА», АЛЬБЕР КАМЮ

Француз жазушысы, философ «батыстың ар-намысы» деп құрметтелген Альбер Камю 1957 жылы «ар-ожданның маңызын көрсете отырып, әдебиетке қосқан орасан зор үлесі үшін» Нобель сыйлығының лауреаты атағын алған. Оның әйгілі туындысының бірі — «Оба» роман-эпопеясы. Оқиға вирус жұқтырған қалада обаға қарсы шараларды басқарған доктор Бернард Рионың атынан айтылады. Роман Оран қаласының көшелерінде, үйлерінде өлі егеуқұйрықтардың пайда болуымен басталады. Көп ұзамай қалада олардың күн сайын мыңдағаны табылады. Қала басшылары шындықты жасырып, тұрғындарды эпидемияға кепілдікке алады. Сол кезде әр тұрғынның алдында өмір үшін күрес, құтылудың жолын іздеу немесе індетке көніп, өліммен жолығуы сияқты таңдау тұрады. Бір қызығы, Альбер Камюдің «Обасы» коронавирус пандемиясы басталғалы әлемде көп оқылып жатыр екен.

 «ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖАЛҒЫЗДЫҚ», ГАБРИЭЛЬ ГАРСИА МАРКЕС

Колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романы ХХ ғасырдың ең оқылымды шығармаларының бірі болды. Осы романы үшін авторға 1982 жылы Нобель сыйлығы берілді. Шығармада Макондо қаласында (метафоралық Колумбия) орналасқан Хосе Аркадио Буэндиа атты ақсақал негізін салған Буэндиа әулетінің бірнеше ұрпағының тарихы жайлы баяндалады. Буэндиа ұрпағының өсіп-өркендеуі арқылы Латын Америкасының тарихы мен өркениеті, адамзаттың сана-сезімдік эволюциясы көрсетіледі. Аңыз бен ертегіні бүгінгі өмір шындығымен шебер ұштастыра білген жазушы оқырман назарын бірден өзіне баурап, беймәлім Макондода болған оқиғалар ортасынан бір-ақ шығарады. Роман бойында әлдебір жылулық сезіледі, қалашық, оның тұрғындары, ондағы күйбең тіршілік – барлығы да автордың терең симпатиясымен құрылған. Маркестың өзі де «Жүз жылдық жалғыздық» романын өзінің балалық шақ естеліктеріне арналатынын мойындаған-тын. Оның қызықты сюжеттері мен шытырман өрімдері әжесінің ертегілері мен атасының әңгімелерінен құралған. Сол оқиғалардың барлығына да: қалашық тұрғындары, әрбір ұмытылмас сәттер, қандай да бір көзге көрінбейтін ерекшеліктер баланың, бала Маркестің көзімен баяндала бастағанда, оның балаға тән шынайылығы ешқандай артық суреттеусіз көрсетілгендігін байқайсыз. Романда Колумбияның жүз жылға таяу тарихы толығымен көрініс алады. Роман лирикалық шегіністерге, бас кейіпкердің ішкі монологтарына толы. Әрбір кейіпкердің өмірі қалашық тағдырына етене аралас болса да, олардың әрқайсысы да жеке қырынан ашылып, барынша айқындала түскен. Романда қамтылатын туыстық қарым-қатынастар, рухани-адамгершілік мәселелер, соғыс пен бейбітшілік, адамның айнала қоршаған ортамен байланысы, жалпыадамзаттық азғындалу, іштей қамалу, бұл тақырыптың барлығы да қашан, қай жерде болмасын – өзектілігінен арылмайтыны хақ. Қазақтың белгілі ақыны, әдебиет сыншысы Әмірхан Балқыбектің «Жүз жылдық жалғыздық» қазақ даласында жазылуы керек еді» деген сөзінің өзі бұл романның қадірін асқақтатып тұрғаны сөзсіз.  

Нұржан Қадірәлі