Бағы жанған Банати
Бағы жанған Банати
Жалпы ауданда алуан ұлыстың өкілдері «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» болып, ынтымақ-бірлігі жарасып тірлік кешуде. Бұл ұжымда да солай. «Бізде ұлтына қарап бөле-жару деген жоқ. Қандай істі қолға алсақ та жұдырықтай жұмылып, кездескен қиындықтарды еңбекпен еңсеріп келеміз. Осындай ауызбіршілігімізбен, достығымызбен әлеуеттіміз деп санаймын. Сандаған ұлыстар мекен ететін өңірімізде конфессияаралық және ұлтаралық татулықтың нығайтылуының айтулы жемісінің бірі осы», – дейді кәсіпкер. – Өзім шешен отбасында тәрбиеленіп, өскенмін. Маған кәсіпкерлік ісімді бастау аса қиынға түскен жоқ. Мектепте оқып жүргенімде-ақ ата-анама болашақта сатушы боламын деп айтып отыратынмын. Шешіміме олар қарсы болған жоқ. Қалай мектеп бітірдім, солай ауылдық тұтынушылар кооперативіне сатушы болып жұмысқа орналастым. Еңбек жолымды бастаған сексенінші жылдарда сауда орталығының барлығы да мемлекеттік меншікте болды. Басшылық қайда жұмсаса, сонда барып жұмыс істедік. Көбінесе мен ресторан саласында – буфетте, кафеде сатушылық жұмыс атқардым, – деді ол. Сол тұста күре жолдың бойынан сауда орындары, дәмханалар көптеп салына бастаған. «Мені Теріс өзені тұсындағы «Теріс» кафесіне жұмысқа жіберді. Онда бес-алты жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Бұл кафе маған әркез ыстық болды. Жұмыс істей жүріп болашақ жарымды (қазақ жігіті) таптым», – дейді Банати. Сөйтіп көп өтпей оған тұрмысқа шығады. Отбасы жағдайына байланысты барып-келіп жұмыс істеу қиын болғандықтан, 1987 жылы ол аудан орталығындағы «Райхан» мейрамханасына ауысады. Ол кезде аудан орталығындағы жалғыз ресторан да осы еді. Арада төрт-бес жыл өткен соң оның меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Кеңестер одағы тарағаннан кейін, көп нысандар, оның ішінде мейрамханалар да жекешелендіріле бастаған еді. «Сол тұста бізге де бұрынғыдай халық жиі бас сұға бермеуге айналды. Штаттық құрамымыз да қысқарып, жабылуға айналдық. Бұрынғы қызметкерлерімнің көбі сауда саласына кетті. Ойлана келе мейрамхананың екі қабатты ғимаратын сатып алып, өзімнің жеке кәсіпкерлік ісімді ашуға бел будым. Бұған жолдасым да қарсы болмай, қолдау көрсетті. Сөйтіп 1998 жылы мақсатыма қол жеткіздім. Алғашында шағын дәмхана аштым. Ал ғимараттың астыңғы қабатын түгел сауда-саттықпен айналысушыларға беріп қойдым», деп еске алды. Осылайша кәсіпкер ол қиын кезеңдерді де артта қалдырады. Еңбегінің арқасында тығырықтан жол тауып шыққан еді. – Халықтың да тұрмысы түзеліп, туған күн кештері мен кішігірім банкеттерді дәмханамызда атап өту үрдісі қалыптаса бастады. Күннен күнге тапсырыс көбейіп, 100 орындық кафемізге адам сыймауға айналды. Банктерден несие алып, ғимарат ішінде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуімізге тура келді. Сөйтіп дәмханамызды уақыт талабына сай 200 орындық мейрамхана етіп қайта аштық. Бұрынғыдай емес, бүгінде тұрғындардың да талғамы өсті. Мейрамхананың безендірілуіне, көрік-келбетіне көп мән берілетін болды. Соны ескере келіп үш жыл бұрын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алып, нысанның іші-сыртына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Енді тапсырыс берушілеріміз қонақтарын ұялмай күте алады, – дейді Банати Ибрагимова. Мейрамхананың дастарқан мәзірінің де бағасы көпшілік үшін қолжетімді. Әрине бағасының жоғарылай түсуі тапсырыс берушінің талғамына байланысты. Бүгінде мұнда жуалылықтардың туған күндерін, тұсаукесер, сүндет, тілашар, қыз ұзату, үйлену, құда күту, зейнетке шығу тойларын, басқа да қуаныштарын осында атап өтуі үйреншікті көрініске айналған. «Біз тапсырыс иелеріне мейлінше мінсіз қызмет көрсетуге тырысудамыз. Көпшілігі алғысын білдіріп те жатады. Осы кәсіпкерлікті бастағаннан бері жұмыс істеп келе жатқан Еркін, Әзиза, Зура, Гулия сынды аспазшыларды бүгінде аудан жұрты жақсы таниды. Солардың шеберлік танытып, дәмді ас дайындай алуының арқасында жұмысымыз жүріп, тапсырыс берушілеріміздің қатары артып отыр десек те болады», – дейді ол. Кәсіпкердің екі қызы бар. Екеуі де Алматы қаласында тұрады. Үйлі-баранды. Үлкені – заң ғылымдарының докторы, ҚазМУ-да қызмет етеді. Кенжесі – құрылыс саласының маманы. – Алға қойған мақсатым да жоқ емес, алдағы уақытта ғимараттың төменгі қабатынан арнайы цех ашып, кондитерлік тауарларды өзімізде шығаруды қолға алуды ойластырудамыз. Оның да жүзеге асыратын күні алыс емес деп ойлаймын. Өйткені бізде кәсіпкерлікті қолдау да, көмек те мол. Белгілі бір кәсіппен айналысуымызға қай-қайсымыздың да мүмкіндігіміз бен әлеуетіміз әбден жетеді. Біз осындай бейбітсүйгіш, ынтымақты елде тату келісіммен өмір сүріп жатқанымызды мақтаныш етуіміз керек, – дейді Банати Ибрагимова.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы.