Шынның жүзі –Шер-аға

56

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туған күніне орай Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығында «Шынның жүзі – Шер-аға» атты зиялы қауым өкілдерімен дөңгелек үстел өтті.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев сөз сөйлеп, қаламгердің есімі облысымызда төрт мектепке берілгенін, отыз мектепте «Шерхантану» танымдық сабақтары өткізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар ол жазушының мерейтойы аясында қолға алынған игі істерге тоқталды.

Басқосу барысында белгілі жазушы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан сөз алып, Халық жазушысымен қызметтес, сырлас болған жылдардан сыр шертті. «Шерхан басқа жазушылар бармаған өндіріс тақырыбына барды. Барғанда да роман жазып, ерекше қолтаңба қалдырды. Ол шығармаларында қазақы болмысты, сол кездегі саясаттың бізге ұмыттыра бастаған тұстарын ашып айта білді. Тағы бір ерлігі «Қазақстан» мемлекеттік телерадио кешеніне төраға болып келгенде ондағы хабардың 70 пайызын мемлекеттік тілге көшіре білді. Тіпті, орыстанған солтүстік облыстарға өзі арнайы барып, тіл мәселесін жолға қойды», деді.

Келесі кезекте Шерхан Мұртазаның сыныптасы, ҚР Құрметті теміржолшысы Әбдуалы Данаев сөйледі. Ол өз сөзінде: «Шерханмен бірге оқыдым, замандаспын. Біздің уақытымыз аса ауыр, күрделі болды. Мәселен, ашаршылық жайлап, халық жаппай шығынға ұшыраған 1932 жылы біз өмірге келіппіз. Сол кездегі небір зұлматтан, ашаршылық, соғыс жылдарынан аман-есен өттік. Шерхан талантымен Мәскеуде білім алды. Одан кейінгі қызметтері халықтың көз алдында», деді толғанып.

Ғалым, Халықаралық Тараз инновациялық институтының президенті Ерболат Саурықов өзі басқаратын оқу орнына Шерхан Мұртаза есімінің берілуі, осы оқу орны ғимаратының алдында жазушы ескерткішінің ашылуы үлкен құрмет екенін айтты. Дөңгелек үстел отырысында жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, ғалым, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ Шерханның шығармашылық және қайраткерлік қырларына терең тоқталса, ғалым Меруерт Көпбаева да өзінің ғылыми жұмыстарын Шерхан Мұртаза шығрамашылығынан қорғағанын айтып, Шер-аға әлі де көп зерттеле беруі керегін алға тартты. Басқосу барысында басқа да орамды ойлар ортаға салынды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.