Экономика

Бас жоспар: қала қалай дамиды?

Бас жоспар: қала қалай дамиды?

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте Тараз қаласының бас жоспарына түзетулер мен өзгерістер енгізу жобасы талқыланды. Жиында сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Абдешов, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, жобалаушы мердігер мекеме «Қолдау» ЖШС-ның бас сәулетшісі Асқар Рысбаев және экономисті Анна Аблеева баяндама жасап, түзетулер мен өзгерістер жобасы жөнінде кеңінен айтты.

Жалпы, қала аумағын дамыту мақсатында Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты жалпы 14 елді мекен және 2 саяжайды облыс орталығына қосу жоспарлануда. Олардың қатарында Байзақ ауданына қарасты Қызыл жұлдыз, Талас стансасы, Талас ауылдары, Жамбыл ауданына қарасты Шайқорық,Танты, Қоңыртөбе стансасы мен Шайқорық, Ақбұлым, Кемел, Түрксіб, Пригородное, Жалпақтөбе, Қызылшарық, Бектөбе ауылдары бар. Бас жоспарға сәйкес, Байзақ және Жамбыл аудандары есебінен қала аумағын 11 755 гектарға ұлғайту жоспарланса, нәтижесінде жалпы 30 542,0 гектарды құрайтын болады. Басқосуда облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Абдешов бас жоспарға түзетулер мен өзгерістер енгізу жобасына қатысты жобалаушы мекеме тарапынан берілген ұсыныстар толығымен қамтылғанын әрі тиісті басқармалардың келісімі барын атап өтті. Ал қала әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, нақты көрсеткіштерді талдау, табиғи және механикалық өсуді болжау, сондай-ақ Тараз қаласының әкімшілік шекараларындағы аумақтық өзгерістерге байланысты жобалау кезеңдері бойынша халық есептеу жүргізілген. – Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы 1993 жылғы 8 желтоқсандағы №2572-XII Заңының 2-бап 5-тармағының негізінде Тараз қаласы халқының саны 400 мың адамнан асуына байланысты бұл жобада қаланың әкімшілік аудандарының шекарасы мен қаланың әкімшілік аудандарын бөлу ұсынылған. Әрбір әкімшілік ауданның саны кемінде 200 мың адамды құрайды. Осыған байланысты бас жоспарда әкімшілік шекара және қаланы екі әкімшілік ауданға бөлу ұсынылды, – деді Б.Орынбеков. Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы шаһарды инфрақұрылым және ирригациялық жүйелермен қамту сондай-ақ тұрғын үй құрылысы мәселелерін айрықша назарға алу қажеттігін баса айтып, қаланың дамуына қатысты барлық есептеулер мен талдаулар мұқият зерделенуі керектігін ескертті. Айта кетейік, алдағы уақытта бас жоспарға түзетулер мен өзгерістер енгізу жобасы облыстық және қалалық мәслихаттардың отырысына келісу үшін ұсынылып, содан соң сараптамаға жіберу және оны бекіту үшін ел Үкіметіне жолдау көзделуде.  

Есен ӨТЕУЛІ