Сырбаз сөздің сүлейі!

34

Қарсы алды, шуақ шашты аппақ,
Тосумен арттан, алдан да өр…
Баукеңмен даңқы асқақтап,
Шерханмен шырайланған жер!

Кешегі бала Барсхан
Анасы Айша екеуі,
Жүрген жер. Иә, таныс маң!
Тәңірітаудың етегі…

…Көз аштың, міне, осында
Сені Ақсай, Көксай тербетті.
Бала кеудеңде – жосылған
Ашу мен кегі жер-көктің!

Әкесін соғыс жалмаған
Бірі едің он-сан жетімнің.
Қарайып жесір қалды анаң
Қасында бір қыз, екі ұлдың!

Ұл едің салар мың езге ой,
Құдіретті сөзге ие, өктем…
Тау ұлына тән мінез ғой
Қанмен кеп, кетер сүйекпен!

Болар ма сірә мұңы ұмыт,
Өзегіңнен өксік толғаған.
Сөз-семсеріңді суырып,
Сілтеуші ең оңды-солға, аға!

Иә, мұным емес түк те әзіл,
Өнбойың толы от, білсем…
Халқыңның мұңын, мұқтажын
Айтудай айтып өттің сен!

Найзағай еді намысың,
Даусыңнан дауыл тұратын!
Қайран ер елдің бағы үшін
Жүз жылда бір-ақ туатын!

Айтты ма саған мұңын Ай,
Жырладың өмір бойына.
Жаралған, жарықтығым-ай,
Кескекті ердің сойынан!

Күбіжіктеп, жасып кіл мықтың…
Ортаға шықсаң қай күн сен,
Мінберден ақиқи шындықты
Шымбайға батыра айтушы ең…

Демейік оның бәрі елес…
Мұзжарған алып кеме едің,
Кітабыңдағы Тұрар ғана емес,
Өзің де «Қызыл жебе» едің!

Жан дүниең сенің – ұлы арна,
Шеті де, шегі жоқ елсің!
Тектілікті теліп Тұрарға,
Өзіңді жаздың ба екенсің!

Түсіңе ылғи кіретін
Шолпан жұлдызға жеттің бе…
Рухыңның сәуе-құдіретін
Сол жақтан енді төктің бе?

Жүрміз сол… таңы арайлап,
Мөлдірей тұнып тұрар көк…
Мыңбұлақ жаққа қарайлап,
Сендей ұл тағы туар деп!

Жаһұт көз гүлдер жаутаңдар,
Жанары алдын жас қаптап.
Бауыржан, Шерхан –тау, таулар..
Алдынан шықса асқақтап!

Шер-аға, сенсең, бұл – аңыз,
Басы тек туар өлеңнің!
Басталды (оған куәміз),
Бітпейтін де шығар ол енді!

 

Баймаханбет АХМЕТ,
ақын,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

Comments are closed.