- Advertisement -

Ұлт перзенті ұстаз тұтқан Сырбай ақын

457

- Advertisement -

Биыл жүз жылдығы тойланып жатқан тұлғаларды «Aq jol» газетінің құрдасы деуге болады. Солардың бірі – Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сырбай Мәуленов. Қазақ поэзиясының лирика жанрын дамытуға зор үлес қосқан классик ақын алғашқы өлеңін 1937 жылы «Колхозшы» (қазіргі «Аq jol» ол кезде осындай атпен шығып тұрған) газетінде жариялаған.

 Бұл кезде ол әкесі Мәулен тұрмыс тауқыметімен атамекені Торғай өлкесінен 1922 жылы көшіп келген Қызылорда қаласындағы ауылшаруашылық техникумының студенті болатын. Дүниеге шыр етіп келіп, кіндігі кесілген, ата-анасы «Сыр бойында туды» деп есімін Сырбай қойған жер де осы қала. Құжатында туған жері ретінде атажұрты көрсетілгенімен Сыр бойы мен Торғай өлкесіне тел ұл болып өсіп, ержеткен ақынның өзі 1958 жылы жазған «Қызылорда» деген өлеңінде:

Қызылорда жақынсың,

Алғаш сенде шықты үнім.

Өзің жайлап жатырсың,

Жанның терең түкпірін…..

Кешікпей аз жылдан соң,

Өмір мені шақырды,

Сыр бойында туған соң,

Сырбай қойды атымды, – деп толғаған.

Балауса өлеңі газетке шығып, талабына қанат байланған бозбала Сырбай ауылшаруашылық техникумынан соң Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түседі.Он сегіз жасқа толғанында әскерге алынып, бірақ денсаулығына байланысты жыл өтпей әскери қызметтен босатылып, институттағы оқуын қайта жалғастырады.

Екінші дүниежүзілік соғыста, Ленинградтағы Волхов майданында ротаның саяси жетекшісі болып шайқасқан лейтенант Сырбай Мәуленов 1943 жылдың күзінде ауыр жараланып, госпитальде емделген соң елге қайтарылған.

Мың қолдар сау болсын деп,

Мен бір қолымды бердім.

Мың жолдар жалғансын деп,

Мен бір жолымды бердім, – деп жырлағанындай ақын соғыстан оралысымен журналистика мен әдебиетте еселі еңбек етті. Атажұрты Қостанай облысы радио комитетінде редактор, облыстық «Большевиктік жол» газетінде редактордың орынбасары болып істеген.1951 жылы Алматы қаласына ауысып, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редакция меңгерушісі болған. Осы қызметте жүргенінде 1954 жылы сәуір айында Жамбыл облысына келіп, ақын-жазушылардың екі күндік кеңесіне қатысқан. Бұл шақта облыстық басылымның «Сталиндік жол» аталғанына он жыл болған. Бас редакторы журналист, очеркист, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінен ауысып келген Ғайса Сармурзин болатын. Кеңеске жас талапкерлермен қатар соғыс ардагерлері – мұғалім Қобыланды Көрегенов, журналист Сырайыл Керімбаев, қаржыгер Әмірбек Есенбаев, мәдениет қызметкерлері – Сырбайдан бірер жас қана кіші Дулат Шалқарбаев, Тұрар Дүйсебаев, облыстық газеттің жас журналисі Шекербек Садықанов та қатысқан. Кеңеске арналған «Әдебиет беті» газетке «Дүрілдетіп еңбекті, жаңғыртамыз жер-көкті» деген жалпы тақырыппен «Сталиндік жол» газетінің 1954 жылдың 14 сәуіріндегі санында беріліп, онда Сырбай Мәуленовтің кеңеске қатысқан жиырмадан аса жас ақын-жазушылардың шығармашылық беталыстарына жылы лебіз білдірген «Жастар дауысы» деген мақаласы жарияланған.Кеңестен соң облыстық газет жанынан әдеби бірлестік құрылған. Кеңеске қатысқан, Сырбай Мәуленовтің оң бағасын алып, өлеңі газетте жарияланған мәдениет қызметкері Дулат Шалқарбаев кейін «Еңбек туы» газетінің Сарысу, Талас аудандарындағы меншікті тілшісі болып істеді. Жылдар өте келе Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып қабылданды, бірнеше прозалық, поэзиялық кітаптар шығарды, балаларға арналған халықаралық «Дарабоз» әдеби сыйлығын алды. Сырайыл Керімбаев ағамыз болса,ұзақ жыл облыстық газетте қызмет істеді, артына баспалардан шыққан бірнеше кітап, соның ішінде «Өлең – өмір, өрелі өмір» жыр жинағын қалдырды. Ал Меркі ауданының тумасы өлең, дастандары енген бірнеше кітабы шыққан Шекербек Садықанов та Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды.Көп жыл Алматы қаласында газет-журналдарда еңбек етті, Қарасай аудандық газетінде бас редактор болып та істеді. Өткен жылы өмірден озды. Ал ақындық қабілеті барын Сырбай Мәуленов байқаған Әмірбек Есенбаев өлеңдер жаза жүріп Мәскеу қаржы-экономикалық институтын, С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін бітірген, он екі кітаптың, соның ішінде «Аманат пен жаманат» атты Алматыдағы баспадан шықан жыр кітабының авторы. Жеті рет қажылық сапарға барған. Бұл кісі де бақилық болған.

Сол 1954 жылы облыстық газетке Казақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде істеп жүрген ақын, Үшарал ауылының тумасы Өкім Жайлауов ауысып келген. Ол Сырбай Мәуленов қатысқан кеңесте тұсауы кесілген әдеби бірлестіктің жұмысы жандануына көп еңбек сіңірді.

Талай жас таланттардың талабы ұшталып, әдебиет әлемінде биіктерді бағындырды.

Белгілі сыншы, академик Серік Қирабаев дәл бағалағандай Сырбай Мәуленов қазақ поэзиясының көрнекті өкілі болумен қатар журналистиканың барлық жанрында қалам тербеген. «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» басылымдарының бас редакторы болған. Шер-ағаң – Шерхан Мұртаза: «Тағдыр екен, мен Сыр-ағаңның ізбасары болдым. Ақындық жағынан емес, редакторлық, журналистік жағынан. «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы бас редакторы Сырбай Мәуленов болды.1957 жылдың көктемінде қазақ тілінің мәртебесі, тағдыры туралы газетте үлкен мәселе көтерген Сырбай «ұлтшыл» атанып орнынан алынды…» деп жазған.

Көрініп тұрғандай журналистикада Сырбай Мәуленовті өзіне ұстаз, аға тұтқан әрі шығармашылығын, ақындығын жоғары бағалаған Шерхан ағамыз 1980-1989 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болғанда оның дәстүрін жалғастырған. Өз кезегінде Сырбай Мәуленов те ізбасарының ісін қолдап, ақ батасын беруден айнымаған.

Бұл деректі біз Шерхан Мұртазаның «Волховта

болдым, орманды көрдім» деген әңгімесінен алдық. Бұл әңгімесінің жазылуына Шер-ағаңның Жамбыл ақынның 150 жылдығын бұрынғы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында атап өтуге республикадан барған топ құрамында алған әсерлері өзек болған. Ресей қаласына келген соң өзі қадірлеген ағасы Сырбай Мәуленов жаумен шайқасқан Волхов орманын аралап көреді. Ақынның аузы дуалы әдебиет сыншылары мен замандас-қаламдастары жоғары бағалаған «Құлын» атты өлеңін жатқа білетін Шер-ағаң ол жатқан окопты, он жасар бала кезінде, колхоздың жылқысын бағып жүргенінде соғысқа алып кеткен тұрқы есік пен төрдей, тұқымы, бітімі бөлек қара биені іздейді:

Шаршаған жол батып,

Волховтың батпағында,

Жатыр бие толғатып,

Зеңбіректің арт жағында.

Фугас бомбасы,

Жерді өртеген қиын күнде.

Тіршілік жолдасы,

Бүлкілдейді биенің бүйірінде.

Адамдай жапа шегіп құса-мұңнан,

Сәби бір үн сағынған.

Жалын тарап, көзіне үнсіз қарап.

Солдат оны сипайды құрсағынан.

Шашыраған көк жалын бүркіп темір,

Орманның іші үрейлі,

Ал оттың ортасында,

Шіркін өмір құлын боп кісінейді.

«Зеңбіректер зіркілдеп, фугас бомбалары ышқына жарылып, жер-орманның ішек қарыны ақтарылып, дүн-дүние астан-кестеңі шығып жатқанда менің Мыңбұлақтан кеткен қара бием құлындап, қан майданның қақ ортасында құлын дауысын естіртті. Сол құлын шіңгірлеп кісінегенде зеңбірек те, бомба да жым болғандай.

Тіршілік атты құдірет осы. Мұны жазған Сырбай ақын. Сырбай ақын сонау Михаил Светлов, Михаил Дудин, Сергей Наровчатов, Расул Ғамзатов, Мұстай Кәрім, Дәуіт Күгілтинов, Қайсын Құлиевтермен қатар тұрған, бәлкім, олардан еңселірек тұрған ақын», деп жазды Шерхан Мұртаза аталған әңгімесінде.

Соғыс қасіретін жүрекпен сезінуге мәжбүр ететін өлеңдерді Сырбай Мәуленов аз жазбаған. «Құлын» ғана емес, «Түбірлер», «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты өлеңдерін толқымай оқу мүмкін емес. Соңғысы ән болып шырқалып та жүр.

Сырбай Мәуленовтің журналистік, редакторлық қана емес, аудармашылық шеберлігі де үлкен мектеп.

Әлі есімде, Алматыда білім қуып жүрген кезімде, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1970 жылғы 8 наурыздағы санында ауылдас ағам, Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз Ақәділ Суханбаевтың ерлігі мен махаббаты туралы орыстың майдангер ақыны, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше жыр жинақтарының авторы, мәскеулік Нина Новосельнованың «Батыр және оның қалыңдығы» деген шағын болса да, мазмұны бай, үлкен дастанға татырлық өлеңі шықты. Одақтық «Работница» журналында сол жылы, дәл сол айда жарияланған өлеңді қазақ тіліне жедел аударған және өзі редактор болған газетке жариялаған – Сырбай Мәуленов. Сол газетті сақтап қойып, 2015 жылы облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы Жеңістің 70 жылдығына арнап шығарған, өзім құрастырып, баспаға әзірлеген «Еріне қарап, елін таны. Жамбылдықтар отты жылдар қаһарманы» жинағына енгіздім. Облыстың барлық кітапханалары алған.

Қазақстанның Халық жазушысы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев: «Біз бала кезімізден бастап Сырбайша оқуға, Сырбайша жазуға, Сырбайша сөйлеуге ұмтылған ұрпақпыз. Сырбай – тек өз мектебі бар ақын ғана емес, қазақ поэзиясын жарқыраған жаңа кезеңге көтеріп бере алған кемел құбылыс. Бұл тұрғыдан келгенде Сырбай қазақтың ұлттық әдебиетінің классигі» деп баға берген Сырбай Мәуленовтің тұсаукесер өлеңі «Аq jol»-да басылғанын, газетімізде әдеби бірлестік ашылуына ықпалы тигенін мақтан етуге тұрады.

 

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support