- Advertisement -

Жұрт жүрегіндегі жазушы

262

- Advertisement -

Шерхан Мұртаза тойы – ел тойы. Саналы ғұмырын халқының баянды болашағына, білімі мен біліктілігін баспасөзіне, түйгені мен тұжырымын әдебиетіне арнап, бар қазақтың жүрек төрінен ойып тұрып орнын алған ақиқаттың алдаспаны көзі тірі болғанда биыл тоқсанға толар еді. Қайраткердің өзі айтып кеткендей тұлғаның арамызда жоқтығы да «Бір кем дүние». Десек те сол кем дүниенің кетігін жамап, кемшілігін кеңдік һәм кемеңгерлікпен алмастырып тұрған мол мұрасы бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа ардақты аманат.

Шер-ағаның мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Десек те қаранар қайраткердің қасиетті туған жері, алтын бесігіндегі шаралар легінің орны бөлек. Қай дәуірдің көзімен қарасаң да биіктігі көрініп тұратын Шер-аға шығармашылығының шыңы өнеге өрнектерімен өр биікке өрлемесе, аласармайтыны ақиқат.

– 2009 жылы жазушының өзі Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Шерхантану» ғылыми- зерттеу орталығын ашып, әртүрлі тақырыпта жазған мақалалары, қолжазбаларын бізге өткізіп кеткен болатын. Өмірден өткенше ол кісі институтқа келіп тұрды. Оқытушылар құрамына және өскелең ұрпаққа өзінің тәрбиесін беріп кетті. Ағамыз қазір ортамызда жоқ болса да өзінің батасын беріп кеткен орталықта игілігі мол жұмыстар жалғасуда.

Шер-ағаның 80 жылдығы өткеннен кейін он жылдың ішінде 15 томға жуық ғылыми еңбектерін шығардық. Бұл еңбектер осыған дейін еш жерде жарияланбаған еді. Осының барлығын қазір біздің студенттер оқу құралы ретінде пайдаланады. Оған қоса бізде дәстүрлі Шерхан оқулары өтіп келеді. Жеңімпаздар грант ұтып алып, оқу ордасынан тегін білім алуда. Биыл тоқсан жылдыққа арналып ауқымды шаралар өткізудеміз. Оның ең бастысы – Шер-ағаның ескерткішін орнату. Арнайы комиссияның шешімімен ескерткіш біздің институт алдындағы скверге орналасты. Ескерткіштің негізгі мағынасы да, мазмұны да терең.

Шер-ағаны білмейтін қазақ жоқ. Елдің өркендеуі, мемлекеттің қалыптасуы жолында атқарған еңбегі зор. Студенттер үшін үлкен тәрбие болады деген сенімдеміз. Одан бөлек институт ұжымы, құрылтайшылардың шешімімен саябақ жасауда.

Ол саябақта студенттердің тағылымды, сүйікті орындарының бірі болады деп ойлаймын. Шерхан ағамыздың бұрын-соңды шыққан еңбектерін қамтып, тоқсан жылдыққа орай бес томдық жинақты сыйлық ретінде шығарып отырмыз. Оның ішінде Шер-ағаның әйгілі шығармалары, эсселері және естеліктер қамтылды. Осы ретте көпшіліктің сұранысымен соңғы бір-екі жылда халықаралық Тараз инновациялық институтын неліктен Шерхан Мұртазаның атымен атамаймыз деген мәселе көтердік.

Әрине, бұл оқу ордасының облыста өзіндік орны, тарихы бар. Республикамыздағы жоғары оқу орындарының ішінде рейтінгісі жоғарғы оқу орны. Қазіргі уақытта осындай шешімге келіп отырмыз. Өзара шешім шықты. Енді тек құжат түрінде заңды тіркелуін күтіп отырмыз.

Тіркелуі аяқталған жағдайда оқу ордасы Шерхан Мұртаза атымен аталып, еліміздегі 120 жоғары оқу орындарының тізіміне енетін болады. Институтқа Шер-ағаның атын беру, ескерткішін орнату арқылы өсіп келе жатқан жастарға ол кісінің кім екенін таныта алатын боламыз, – дейді Халықаралық Тараз инновациялық институтының президенті Ерболат Саурықов.

Оған қоса қазіргі таңда Тараз қаласындағы Бейбітшілік көшесінің атын Шерхан Мұртаза атына ауыстыру туралы да ұсыныс беріліп қойыпты. Ал Ерболат Байұзақұлы атап өткен бес томдықтан бөлек, Тараздағы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының бастамасымен тағы екі кітап қалың оқырманға жол тартпақ. Бұл ретте Жуалы ауданы, Талапты ауылындағы Шерхан Мұртаза шаңырағы да аталған орталықтың теңгеріміне өтіп, ол әдеби мемориалды үйге айналатын болды.

– Әдеби мемориалды үй халыққа және өскелең ұрпаққа қызмет етуі керек. Шер-аға шығармаларының барлығы кездейсоқ жазылған жоқ. Сол дәуірдегі қазақ халқының тұрмыс тіршілігі, қиын қыстау соғыс кездері бүкпесіз, боямасыз ашық жазылды. Тарих қамтылды. Шер-аға күнделіктерін қарап отырып, ол кісінің тек жазушы, журналист қана емес, сонымен қатар өлкетанушы екенін де аңғарамыз. Әсіресе Жуалы жеріндегі көптеген жер, су атауларын, тарихи тұлғаларға қатысты атауларды өзінің шығармаларына арқау етті. Ол кісі әрбір хаттарында, жазбаларында қазіргі Тараз қаласын «қасиетті Әулиеатам» деп қатты қастерлеген. Сонымен қатар «біз сонау Тәңіртаудың, қасиетті Мыңбұлақтың етегіненбіз» деген сөзді көп пайдаланады. Осы шығармалардың өскелең ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие берудегі алатын орны ерекше деп ойлаймын. Кейбіреулер «Талапты жеріне қаладан кім барады, алыс қой» деуі де мүмкін. Бірақ Шер-ағаны танимын деген кез келген ұрпақ үшін оның туған жері, тұрған үйінің мәні ерекше әсер етері сөзсіз. Сондықтан осы үйді рухани ордаға айналдырғымыз келді. Мақсатымыз – алдағы уақытта Шер-аға шығармаларына қатысты байқауларды осы жерде өткізіп тұру. Облыс көлеміндегі үлкен іс-шараларды да осы үйде ұйымдастырсақ дейміз. Шер-ағаның мол рухани қазынасы жекелеген тұлғаларға емес, өскелең ұрпаққа қызмет етсе дейміз. Шер-ағаның жүз жылдығындағы мерейтойды да осы үйде өткізсек деген жоспарымыз бар. Әрине, оның барлығы уақыттың еншісінде. Ол кісінің жарық көре алмай кеткен дүниелерін халыққа таратсақ, таныстырсақ, насихаттасақ, одан кем болмайтынымыз анық, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев.

Аталған орталық тарапынан баспада басылып жатқан кітапқа қаламгердің бұрын-соңды жарияланбаған күнделіктері мен естелік хаттары топтастырылған екен.

– Тоқсан жылдыққа орай Шер-ағаның күнделіктерін, хаттарын жинақтап екі кітап әзірледік. «Ауылды, сені сағынамын» деген тақырып Шерхан ағаның өз сөзі. Кітапты солай атадық. 1951-1952 жылдары анасы Айша екеуі хат жазысқанда өлең жолдарымен «Ауылды, ана сені сағынамын» деген екен. Жинақта Шер-ағаның мәңгілік сағынышына айналған Тәңіртауы, анасы, туған жері туралы сырлары қамтылды. Бірінші кітабында сағыныш толы хаттары жинақталды. Анасымен, сыныптастарымен, ауылдастарымен жазысхан хаттары енгізіліп отыр. 1999-2000 жылдары Мәжіліс депутаты бола тұра ауылдағы балалармен жазысқан хаттары да енгізілді. Ол хаттарына да өзінің күнделіктерінде түсініктеме береді. «Күнделікті тіршілік күйбегінен шаршағанда ауылға барғым келеді. Барған кезде үлкендерге емес, дәл осы кішкентай балаларға барғым келеді. Олар пәк, жаны таза достарым», деп айтады. Осылайша ауылдың жағдайын қарапайым балалардан сұрап отырған. Осының барлығын кітапқа кіргіздік,– дейді Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының бөлім меңгерушісі Назым Қожамарова.

Қазіргі таңда Шер-аға тойын ауылдастары да асыға күтуде. Еңбектеген баладан, егде жастағы қариясына дейін Шер-ағаның ауылға жасаған жақсылықтарын жарыса айтудан алдарына жан салмайды.

– Ол кісі жылына бір рет ауылға шығармашылық демалыс алып келетін. Келе сала атқа мініп, ескі жұртты аралайтын. Үнемі ауылдың кітапханасына арнайы атбасын бұрып, өзінің рухани қорынан жаңа кітаптар алып келіп, беріп тұратын. Ауыл кітапханасының жартысынан астамы Шер-аға тарту еткен кітаптар десем артық айтқандық болмас. Ол кісімен әдебиет төңірегінде оқырмандар болып жиналып ұзақ әңгіме-дүкен құратынбыз. Түрі сұсты болғанымен жүрегі жұмсақ, мейірімге толы болатын. Ол кісінің ауылға келгенінің өзі біз үшін мереке еді. Сол кісінің арқасында ауылға көгілдір отын, ауыз су кірді, жол төселді. Ауылға жасаған жақсылығын айтып тауыса алмаймыз. Ауыл балаларын, немерелерін қатты жақсы көрді. Күллі ауыл халқы ризашылығын білдіріп, шаңырағынан табылатын. Ол кісіден өзіміз де мол тәлім-тәрбие алдық. Соңғы келгенінде Тәңіртауға ұзақ қарап, қоштасқандай болды. Дүниеден өтсе де ол кісі біз үшін мәңгі есте қалатыны анық, – дейді Талапты ауылында қырық жыл кітапханашы болып еңбек еткен Сара Зиятханова.

Қаламының оты талай жүрекке жылу, талай жігерге жанартау және талай санаға сәуле сыйлағаны қалың оқырманның да, тонның ішкі бауындай аяулы ауызбіршілікте өзімен бірге еңбек еткен көзкөргендердің де көңілінде сайрап, замандастарының жадында жаңғырып тұр. Ел жадында, ұрпақтарының жүрек төрінде оның бейнесі аласармайтын асқар тау, халықтың жоғын жоқтап, барын бағына айналдыратын өр мінезді, батыл қаламгер, ұлттың тағдыры мен ұрпақтың тағылымын таразылап, өз үлесін іргелі іспен қосып, еңбекпен еселейтін іскер майталман ретінде мәңгілік сақтап қалды. Ғибратты ғұмырын хәкім Абайша түйіндесек, «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған?!».

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support