Балабақша мәселесі – бақылауда
Балабақша мәселесі – бақылауда
Басқосуға аталған қоғамдық кеңестердің мүшелері қатысып, білім саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді қозғады. Алдымен кеңес мүшесі, зерделеу тобының басшысы Қасымхан Төлендиев баяндама жасап, ағымдағы жылдың 10-19 тамызы күндері облыс әкімдігі білім басқармасы мен оның аумақтық органдары мен бағынысты мекемелердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жағдайы туралы баяндады. Келесі кезекте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева хабарлама жасап, басқармаға қарасты мекемелердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл жөніндегі жұмыстарының барысын сөз етті. – Соңғы екі жылда 5 мыңға жуық бала түзету-оңалту көмектерін алды. «Облыста мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасын» жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасарымен «Жамбыл облысындағы ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілді. Жол картасына сәйкес жоспар жасалынып, мүмкіндігі шектеулі балалар көп шоғырланған Тараз қаласы мен аудандардағы жалпы білім беретін мектептерден инклюзивті қолдау кабинеттерін, ресурстық орталықтар және психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің бөлімшелерін ашу жоспарланып отыр, – деді Айдын Орынбекқызы. Мұнан соң, кеңес мүшелері білім басқармасының өкіліне өткір сауалдар жолдап, оған нақты жауап алды. Сонымен қатар кеңесте соңғы жылдары балабақшаларда бүлдіршіндерді ұрып-соғу жағдайлары көбейіп кеткені туралы да мәселе көтерілді. Бұл жөнінде білім басқармасының өкілі мұндай жағдай көбіне жекеменшік балабақшаларда болатынын жасырмады. – Бүлдіршіндерге қол көтеру орын алып жатқаны жасырын емес. Мұндай жағдайлар негізінен жекеменшік балабақшаларда болады. Дегенмен оларға облыстық білім басқармасы зерделеу жұмыстарын жүргізе алмайды. Сондықтан балабақшаларды лицензиялауды қайтару ісі қолға алынуда. Естеріңізде болса, 2011 жылдан бастап жекеменшік балабақшалардың лицензиясыз жұмыс істеуіне рұқсат берілген болатын, – деді А.Досыбаева. Жиында құрылысы мерзімінен кешеуілдеп жатқан бірқатар білім нысандарының жағдайы да қаралды. Ол бойынша жауапты тұлғалар мердігер компанияларға жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті шаралар қолданылғанын жеткізді.
«Aq jol»-Aqparat».