- Advertisement -

Салық саласының саңлағы

82

- Advertisement -

Бүгінде 70-тің күнтізбесін жауып, 80-нің сеңгіріне аяқ басып бара жатқан Әділбек Әлішевке осы теңеу лайық. Мен онымен республикалық-аймақтық «Салық тәртібі» газетінде қызмет атқарған кезде танысқанмын. Басылымның белсенді авторы еді. Облыс бойынша салық комитетінің бөлім бастығы Әділбек Әлішевтің мақаласы әр нөмір сайын шығып тұрды десем, жалғандығы жоқ. Бас редактор Ғалым Қасабай «Бөке, Әділбектің мақаласына мұқият қараңыз. Жаңа сала ғой, салық заңдылықтарын оқырмандарға түсінікті етіп жеткізуіміз керек», деп ескертіп қояды.

Бас редактор баса ескерткеннен кейін, Әділбек әкелген әр мақалаға мән бере қарайтын болғанмын. Шынында да салық жүйесінде біз білмейтін нәрселер көп екен. Әсіресе еліміз егемендігін алып, Тәуелсіздігін жариялап, нарықтық экономикаға көшкелі бері саланың көп қырлары ашыла түскен. Мен оны Әділбектің мақалаларынан түсініп, түйсінетінмін. Түйсінетінмін де сүйсінетінмін. Оның білімділігіне, білгірлігіне, ізденгіштігіне және салық туралы заңнамалық құжаттарға терең сараптама жасап, салық төлеушілерге түсінікті қарапайым тілмен жеткізуіне.

Есептей білгеннің есесі кетпес, салық дұрыс есептелініп, уақтылы төленіп жатса, барлық байлық, ырыс-береке сонда екен ғой. Бюджеттің бүйірі – тоқ, қоржыны – тола болмаса, өркениетке барар жолда кедергі көп. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсы болмаса, алға басу қайда?

Мен Әділбектің мақалаларынан осыны ұқтым. Мемлекет байлығының жидашысы– салықшыларға сол мақалалар арқылы құрметім арта түсті.

Салықтан жалтару, табысты жасыру немесе кірісті кем көрсету… Осының бәрі мемлекет қазынасына қол салу екен ғой. Бұрындары табыс салығы, мүлік салығы, жер салығы дегендерден аздап хабарымыз болса да, нарықтық экономика жағдайында салық – мемлекет байлығының қайнар көзі екенін кейіндеу білгеніміз рас.

Міне, осындай адамға да, қоғамға да пайдасы зор мақалалардың авторы – Әділбек Әлішевпен етене танысып, жақсы араласа бастағанымыз беріде. Бір жылдың төлі, құрдас болып шықтық. Ол көп сөзге жоқ, көбінесе пайдалы кеңес, әсерлі әңгімелерді тыңдауға дайын. Орынды жерінде өз ұсыныс- пікірлерін іркілмей айтады. Дұрысын айтады. Әңгімесінің басым бағыты қаржы, мемлекет кірісі, салық туралы. Соның бәрінде оның қоғамға жанашырлығы ашық аңғарылып тұрады.

Оның отаншыл, мемлекетшіл, қоғамшыл, ағайыншыл, бауырмал қасиеттері ата-анасы Қожалы мен Әсиядан дарыған.

«Әлім перзенттерінің ішінде әпкем Зура, ағам Зәуірбек және мен жастайымыздан Қожалының ұл-қызы болып, Әсия анамыздың бауырында өстік. Қожалы әкем мен Әсия
анамыздың балалары болмағандықтан, Әлім мен Құлханстан туған ұл-қыздың үлкендері сол кісілерге тән едік.

О, ол кісілерге жететін жан жоқ қой жер бетінде! Балаларына барын сыйлауға шебер, солар үшін аспандағы айды да алып беруге бар. Құдайдан «Солардың табанына батқан шеңгел біздің маңдайымызға кірсін!» деп тілеген әке-шеше солардай-ақ болар. Бір сөзбен айтқанда, жандары құрбан. Бар тілектері мен пейілдері біздің үстімізде.

Біз осындай қамқор, мейірбан ата-ананың құшағында ешқандай таршылық, қиындық, жоқшылық дегенді білмей өстік. Ішкеніміз – алдымызда, ішпегеніміз – артымызда. Біз жырғамай, біз ерке болмай кім ерке болсын. Бірақ ессіз ерке емеспіз. Әдептен асу деген болған жоқ. Тәрбие, тәлім жақсы ғой. Сонан соң, шектен шығудың өзі – ақылсыздық. Өйткені бастықтың баласымыз. Біз есіміз кіргеннен білетініміз, әкеміз үнемі басшылық қызметтер атқарған кісі».

Әділбек Әлішев өзінің «Менің өмір мектебім» атты мемуарлық кітабында осылай деп жазыпты. Жақынының жабырқау көңілін көтеру үшін, ошағының отын сөндірмеу үшін бауыр еті баласын басқаның бауырына салып беру – қазақта ғана бар қасиет. Міне, осы жайды бастан кешкен Әділбек оны кітабында өте шынайы қалпында суреттеген. Бұл – оның шығармашылық қыры.
Мектептен кейін екі жыл әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтқан азамат Алматыдағы халық шаруашылығы институтына құжаттарын тапсырған. Талапты ерге нұр жауып, оқуға түсіп кетті. Институтта жақсы оқыды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын.

Әділбек өмірлік серігі Перизамен институтта оқып жүргенде-ақ тілекті де, жүректі де бір арнада тоғыстырып, отбасын құрған. Оқу орнынан қаржыгер мамандығын алып шыққанда олардың екі перзенті болатын. Периза Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген. Мамандығы – мұғалім.

Мамандығына адалдық танытқан азамат басқа салаға барған жоқ. Бар саналы ғұмырын өзі оқыған қаржы, салық саласына арнаған. Институт бітіргеннен кейін 12 жыл облыстық қаржы бөлімінде аға инспектор, аға тексеруші, инспекция бастығы қызметтерінде ысылған тәжірибелі маман 1990 жылдан жаңа құрылым – салық комитетінің іргетасын қалауға белсене атсалысты. Ол Тараз қаласы Зауыт аудандық салық инспекциясының бастығы, қалалық салық комитеті бастығының орынбасары, бастығы, облыстық салық комитеті департаментінің бөлім басшысы қызметтерінде саланың қалыптасуына зор еңбек сіңірді.

Еңбегі ескерусіз емес. Мамандығына сәйкес, «Салық қызметінің үздігі» төсбелгісін омырауға таққан. Оның қатарында «Еңбек ардагері» медалі жарқырайды. Республика Қаржы министрлігі, облыстық салық департаменті, облыс әкімінен алған Құрмет Грамоталары мен Алғыс хаттары тағы бар. Ең бастысы, өз ісінің білгірі, саланың білікті маманы. Талай жасқа тәлімгер болды.

Институтта оқып жүргенінде отау құрып, бірге шаңырақ көтерген Перизат екеуі жарты ғасырға жуық жұбайлық ғұмыр кешіп, ұл- қыздарының ардақты ата-анасы, немере- шөберелерінің сүйікті ата-әжесі болып отыр.

Зейнеткер Әділбек Әлішев қол қусырып қарап отырған жоқ. Қашан көрсең, қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасында жүргені. Ол – республикалық «Салық қызметі органдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы. Сала ардагерлерінің мүддесін ойлап, облыстық «Ғұмыр-Дария», «Салық тәртібі» газеттері мен басқа да басылымдарға мақалалар жариялап тұрады.

Міне, біз білетін белсенді ардагер Әділбек Әлішев – осындай ізгі ниетті жан.

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support