Мәдениет

Бейнелеу өнерінің құдіреті

Бейнелеу өнерінің құдіреті

Бейнелеу өнері – дүниені көзбен көріп түйсіну негізінде бейнелейтін пластикалық өнердің бір саласы. Бұл өнер танымдық, құндылық және қарым-қатынастық қызметімен де ерекшеленеді. Уақыттық даму процесі басқа өнер түрлеріне қарағанда бейнелеу өнерінде шектеулі, ол негізінен кеңістіктік ауқымымен ерекшеленеді. Суретші өз көзімен көріп, түйсінген шындығын сол сәттегі қалпымен көрсетуге ұмтылады.

Бұл аксиоманы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының көрме залындағы «Жамбылым қандай, тамаша!» атты өңіріміздегі суретшілердің көрмесі тағы бір айғақтап берді. Өлкеміздің 75 жылдық мерейтойына орай жасақталған көрменің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов арнайы қатысып, суретшілерге шығармашылық табыс тіледі. Екінші кезекте сөз алған белгілі суретші, Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Айдархан Сихаев кейінгі кездері суретшілер қауымына аса назар аударылып жатқанын ықыласпен тілге тиек етті. Көрмеде тек суретшілердің ғана емес, сондай-ақ, қолөнершілермен ағаш шеберлерінің де шығармаларын тамашалауға мүмкіндік жасалғаны бізді қуантты. Көрмеге жүзден аса шығармашылық суреттер қойылса, олардың әрқайсысы­ның өз өмірі мен тарихи баяны бар. Қырықтан аса автордың шығармаларын қамтыған көрмеде елімізге танымал суретшілердің де еңбектері экспонаттар қатарын толықтыруда. Атап айтар болсақ, Мәдениет қайраткері Талғат Көшербаевтың «Батыр Бауыржан», «Күз», «Менің отбасым», «Автопортрет», «Қонақ күту», Қазым Аманқосовтың «Тұғыр», «Уақыт», Айдархан Сихаевтың «Бан-гок, Гоген, және Мен» секілді дүниелері де өзге шығармалармен қатар көпшілікті тамсандыра түседі. Ал ағаш шебері Асан Бейсенқұлов көрмеге өзінің кейінгі кездері қашап шыққан «Шығыс әуені», «Қобыз», «Тұғыр» сынды бірегей еңбектерін әкеліпті. Осынау қиял-ғажайыпқа негізделген қилы өнердің жемісін көруге асыққан жандар болса, өз құмарларын осы көрмеден таба алады деп сенеміз.

Жанғазы АХМЕТОВ, «Ақ жол».