- Advertisement -

Ауылда амбулатория ашылады

151

- Advertisement -

Халықтың сұранысына орай Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылында 25 орындық дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Бұл ғимарат кең әрі ыңғайлы болмақ.

Ғимараттың құрылысын тараздық «Таразқұрылысинвест» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда ғимарат тұрғызылып, шатыр жабындысы жабылуда. Оның құрылыс жұмысына 181 миллион теңге бөлінген.

Шатыр жабындысымен қатар ғимараттың ішкі сылағы сыланып, енді ондағы құрылысшылар әрлеу жұмыстарына кірісіп кетіпті. Сонымен бірге ауласындағы абаттандыру, ішкі және сыртқы инфрақұрылымы қатар жүргізілуде. Қазандығы салынып, жылу жүйесі де орналастырылуда. Қайда қарасаңыз да құрылысшыларда тыным жоқ. Барлығына жүктелген міндет пен жүктеме бар. Құрылыс басында құрылыс прорабы Дүйсенбек Сейдалиевті сөзге тартқан едік.

– Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталды. Кірпіш қалау жұмыстары бітіп, шатыры жабылуда. Ішкі сылағы бітті. Енді құрылысшылар әрлеу жұмыстарына кірісіп кетті. Бір-екі күнде терезелерін орнататын боламыз. Құрылыс басында 32 адам жұмыс істеуде. Оның 15-і аудан тұрғындары. Нысанды қыркүйек айының соңында тапсырамыз деген ниетіміз бар, – деді ол.

Құрылыс жұмыстарына отандық материалдар пайдаланылуда. Бетонды Тараз қаласынан жеткізуде. Кірпішті Байзақ ауданындағы Түймекент пен Т.Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе ауылындағы кірпіш зауыттарынан тасымалдаған. Құрылыс материалдарын 5 техника, 1 кран мен 2 экскаватор тынымсыз жеткізіп берумен айналысуда.

Құрылыс жұмысына тартылған ауыл тұрғындары Ермекбай Шынтаев пен Хайбула Ерназаров осы жерден нәпақасын тауып жүр екен. «Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Өз ауылымыз болғандықтан, құрылыс жұмысын сапалы атқаруға бар күшімізді салудамыз. Ең бастысы, бұл нысанның халық үшін, халықтың денсаулығын жақсарту үшін салынып жатқандығы қуантады», дейді олар.

– Бұған дейін дәрігерлік амбулаторияның өз ғимараты болған жоқ. Олар әкімшілік ғимаратында қысылып-қымтырыла жұмыс істеп келді. Бұлай жұмыс істеу, әрине, қолайсыз еді. Оның үстіне, дәрігерлік амбулаторияға Қызыларық ауылдық округіндегі медициналық пункттер қарайды. Қарамағында 40 адам жұмыс істейтін мекеменің тар жерде жұмыс істеуін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Енді өз алдына мекеме болып, сырқаттарды емін-еркін қарап, жұмыстарын ширата түседі деген ойдамыз, – деді Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Жуалы ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support