- Advertisement -

Қарашаның қаламы

267

- Advertisement -

Мен газеттерді қарашаның қаламы дер едім. Алайда бұл барлық басылымға тели салатын тіркес емес. Қарашаның қаламы бола алатын басылым бар, бола алмайтын басылым бар. Бұл орайда, бағыты мен бағдары күн сайын құбылатын, кеше ашылып, бүгін жабылып жатқан «сарыжағал» атанып кеткен газеттерді есепке алып, сөз сарқымай-ақ қойған абзал. Қазақ баспасөзінде қысқа тарихымен-ақ оқырманының көзайымына, үніне, қаламына айналып үлгерген үнжариялар жетіп артылады. Десе де, бүгінгі жазбамыз олар туралы емес, өз баспасөзіміздің өткенінен ой толғау, бүгінінен бүтін ой айту, ертеңіне зер салу еді.

ОЛ ГАЗЕТТЕР ҚАЗАҚТЫҢ КӨЗІН АШТЫ

Еліміздегі баспасөз, радио және интернет журналистика саласында Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тағайындаған «Үркер» сыйлығын иеленген Жамбыл облыстық «Aq jol» газеті биыл ғасырлық мерейтойын атап өткелі отыр. Осынау тарихи басылым жүзжылдық шежіресінде небір талайлы оқиғалардың куәсі болды, оларды Әулиеатаның көзі қарақты оқрыманына жеткізді, қалың бұқараның мұң-мұқтажын атқарушы биліктің назарына салды. Газеттің өзі де марғасқа редакторларының тұсында қоғамдық-саяси шаруалардың бел ортасынан табылып, қажет кезінде ұлт зиялылары мен қайраткерлерінің де сөзін сөйледі, үнін жаңғыртты.

Рас, қазақ баспасөзінің өткеніне зер салсақ, «Aq jol» газетінен де ертерек шыға бастаған басылымдарды білеміз. Жамбылдық газет те соларға қарап түрленді, түледі, бағыт-бағдарын түзеді, кәсібилігін қалыптастырды. Нақты деректерге сүйенсек, қазақ газеттерінің өткені «Түркістан уәлаяты» басылымынан бастау алады. Іргеміздегі Ташкент шаһарында Түркістан генерал-губернаторының ресми газетіне қосымша ретінде 1870 жылдың сәуірінің соңын ала шыққан бұл үнжария да, одан кейінгі «Дала уәлаяты» газеті де өзіміз бодауында болған тоталитарлық жүйенің сөзін сөйлейтін құралы саналса да, жіті цензурамен жағаласа жүріп, қалың қазақтың өзекті мәселелерін қамтуға тырысқан-ды.

Осылардан кейін кешегі жүзжылдықтың басында ұлт зиялыларының сондай жанкештілігімен «Бірлік туы», «Қазақ газеті», «Дала», «Қазақстан», «Ешім даласы», «Қазақ», «Айқап», «Алаш», «Сарыарқа», «Ұран», «Үш жүз», «Тіршілік» сынды газет-журналдар шыға бастады. Олар сол кездегі қазақ қоғамының көзін ашты, көкірегін оятты, саяси ағартушылық шаруасында аянып қалған жоқ. Ұлттық әдебиеттің, мәдениеттің, руханияттың ілгерілеуіне де ілкімді үлес қосты. Сол арқылы ұлтты тәрбиелеуге, ұрпақтың ойы мен деңгейін қалыптастыруға күш жұмсады.

Отарлықтың қамытын таңып үлгерген қазақтың рухын оятуға септесті, тілін, сөзін түзеді, сөйтіп ұлттың өзін де сауаттандыруға талпынды. Сол кезде «Қазақ» газетін шығарған Алаш қайраткерлерінің сөзімен айтсақ, қазақ баспасөзі «өзіне артылған жүкті жетер жеріне дейін апарды».

БЕЛГІСІ БАР БЕЛЕСТЕР

Осылай Кеңес дәуіріне иек артқан ұлт басылымдары цензураның қатаң қадағалауына ұшыраса да, жаңарған уақытпен бірге дами түсті. Бұл кезеңде «Еңбекші қазақ», «Қазақ мұңы», «Мұғалім», «Кедей сөзі» секілді газет-журналдар қазақ оқырмандарының рухани азығы бола білді. 1919 жылы «Ұшқын», 1920 жылы «Известия Киргизского края» газеттері қазақ баспасөзінің қарасын көбейтті. Бұл басылымдардың мұрагері – қазіргі ел газеті «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда». Іле-шала Әулиеата аймағынан осы «Ақ жол» газеті «Кедей еркі» атауымен шыға бастады.

Биыл жүз жылдық белеске шыққан басылым 1924 жылдың тамызынан бастап «Еңбек» деп аталса, 1929 жылдың 1 қаңтарынан «Диқан даусына» айналды. Артынша, жаппай ұжымдастыру науқаны кезінде «Колхозшы» атауын иеленді, 1938 жылы сәл өзгеріске ұшырап, «Колхоз жолы» болды. Ескі тігінділер газеттің 1944 жылға дейін «Коммунист», одан кейін «Сталиндік жол» атанғанын айғақтайды. 1958 жылдан бастап «Еңбек туы» деген атқа ие болды.

«Ақ жол» газеті үнемі жаңарып, жаңғырып отырған жоқ. Әпербақан саясаттың тас құрсауына да түсті, тынысы тарылып, тоқпағын да көрді. 1960 жылдары жабылып та қалған, үстем тіл саналған тек орысша да жарық көрген сол жылдары. Жарқын белестері де жоқ емес. 1970 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденін қанжығаласа, он жылдың бедерінде көшін түзей түсіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сондай алып империяның іргесі сөгілер тұста әулиеаталық басылым тағы бір түледі, түрленді.

1990 жылдың 3 сәуірінен бастап газет «Ақ жол» деген атпен шыға бастады. Өңірдегі қазақ баспасөзінің қара шаңырағына Сыдық Абланов, Ғабды Аманғалиев, Жайық Бектұров, Ғайса Сармұрзин, Төленді Оңғарбаев, Беген Байсақалов, бүгінде өзінің де жасы жүзге таяған Баттал Жаңабаев ақсақал, «қазақтың Омар Хаямы» атанған Арғынбай Бекбосын, балалар әдебиетінің бағбаны Әлдихан Қалдыбаев, белгілі журналист, публицист Мақұлбек Рысдәулет сынды тұлғалар жетекшілік етті. Олардан бөлек, көрнекті қаламгерлер Мұхтар Әуезовтің, бүгінгі Президенттің әкесі Кемел Тоқаевтың, лирик ақын Тынышбай Рақымның, қазақ журналистикасының атасы Шерхан Мұртазаның, кеше ғана өмірден озған Несіпбек Дәутайұлының еңбектері осы газетте басылуы ұлт руханиятын бір мысқал болса да салмақтандыра түскені сөзсіз.

ТОҚЫРАУҒА ҚАРАМАЙ, ТҮЛЕГЕН ЕДІ…

Негізі, қазақ баспасөзінің қанат жайып, қарыштаған уақыты өткен ғасырдың 60-80 жылдарына саяды ғой. Сол жылдары «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Қазақстан әйелдері», «Жұлдыз», «Жалын», «Білім және еңбек», «Ара», «Балдырған» сияқты газет-журналдардың алғашқы сандары оқырман қолына тиген. Бұл басылымдар содан бергі уақыт аралығында бірнеше буынды тәрбиелеп, рухани азығына айнала білді. Бұл газет-журналдарды көпшіліктің сусап оқығаны соншалық, кейбіреуінің таралымы 200 мыңнан асып жығылса, кем дегені 5-10 мың данамен шығып жатты. Біздің «Aq jol»-дың да сол тұстағы тиражы 50 мыңды төңіректегенін айтады ардагер-журналистер.

Ал тәуелсіздік келгелі еліміздің ақпараттық кеңістігінде уақытша тоқыраумен бірге, үлкен дүмпу болғанын білеміз. Газет-журналдардың қатары әлденеше есе жиілеп, отандық БАҚ нарығында бәсеке қыз-қыз қайнағанын көз көрді. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған «сары» басылымдарды былай қойғанда, айтары бар «Айқын», қазіргі «Қазақстан дәуірі» – сол кездегі «Қазақстан-Заман», алғашқы бас редакторы халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов болған «Түркістан», өз тіліміздің мәртебесін көтеруге өлшеусіз үлес қосқан «Ана тілі», батыстан шығып, бұқараның үніне айналған «Алтын Орда», «Жас қазақ», өзіміздің Маралтай жастар шығармашылығына арнап шығарған «Кентавр», «Дала мен қала», «Алаш айнасы», кейінірек «Халық сөзі» сияқты жаңа газеттер ақпарат айдынында құлаш сермеді. Осы газеттердің қай-қайсының да ел тәуелсіздігінің нығаюына қосқан үлесі бар. Олар ұлттың мүддесі сынға түскен сәтте сындарлы ойларын қосты, пікірлерін білдірді, аянып қалмады. Сонымен қатар экономикадағы оң өзгерістер, рухани құндылықтар сияқты мәселелердің бір де бірі ұлттық баспасөз назарынан тыс қалған емес.

Сол кезде «Aq jol» газеті де көштен қоныс бөлектемеді. Өңір халқының жоғын жоқтады, мүддесін жақтады. Жол қиындығына қарамай, алыс ауылдардың, шалғай мекендердің проблемасын көтерді. «Амангелді газ» кен орны ашылғанда, «Қазфосфат» ЖШС қайта түлегенде, Талас, Сарысу, Мойынқұм сияқты әлеуеті төмен аудандардың тыныс-тіршілігінен үздіксіз мақалалар әзірлеп, оқырманымен бірге қуанды, көпшілікпен бірге күрсінді… Сол тұстарда Елен Әлімжан, Бақытяр Әбілдаев, Сапарғали Әлібай, Махамбетәлі Дүйсебай, Лесбек Сайлаубек, Тұрсынхан Толқынбайұлы, Баймаханбет Ахмет сияқты өңір журналистикасының майталмандары, Шер-ағаның «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» дейтініндей еңбек етті. Бұқара мен басылымның, басылым мен биліктің арасындағы алтын көпір болды.

УАҚЫТТЫҢ ТЫНЫСЫН ТАП БАСҚАН

Соңғы бес-алты жылдың бедеріндегі уақыт БАҚ-қа басқаша талап қоя бастады. Соған икемделу үшін бірқатар газет-журналдар интернет-ресурстарға айналып кетті. Бұған мысал ретінде «Дала мен қала», «Алаш айнасы» сияқты газеттерді атауға болады. Тағы біреулері («Нұр-Астана», «Алтын Орда», «Ұлт Таймс») жабылып үлгерді. Ал қаржы тапшылығына байланысты кей жылдары төрт бетпен ғана оқырманымен қауышуға мәжбүр болған «Ақ жол» газеті кейінгі он-он бес жылдықта еңсе түсірген жоқ. Бұл орайда, Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, Нұрбек Бекен, Оралхан Дәуіт сияқты басшылардың тынымсыз тірліктерін атап өту керек. Олар өңірдің бас басылымын уақыт талабына сай жаңғыртып, оқырманының сұранысын қанағаттандырып жатыр.

Рас, дәстүрлі медиа бәсекеге қабілетсіз. Мойындауға тиіспіз. Бұл таралымның тынысын тарылтты. «Ақ жол» да осыған мойынсұнуға мәжбүр. Алайда жұрт шынайы дерекке мұқтаж. Осы орайда, басылымның орны бөлектігі байқалады. Әрбір жазба жіті тексеріліп, зерделеніп, оқылып, оқырманға жол тартады. Өңірлік газет жаңа медиаға тән жетістіктерден де шет қалып жатқан жоқ. Газет бетінен орын алған мақалалар, сараптамалар, аналитикалық дүниелер әлеуметтік желі, интернет сайт арқылы да смартфон, компьютер, ноутбук қолданушыларының көз алдынан табылуда.

Мұндай ілкімді істерді жасау – айтуға ғана оңай, ал редакцияның ішінде қандай қарбалас жұмыстар жүріп жатқанын ұжым біледі. Бұл шаруаларды «Ақ жолдың» бүгіні десек, ертеңіне де сеніммен қарауға негіз бар. Өйткені жаңа медиаға айнала алған газет әр уақытпен бірге жаңара біледі, жасара береді. Демек, «Ақ жол» газеті кеше де қарашаның қаламы болса, бүгін де осы үдеден шығып жүр, ертең де бұқара мен биліктің алтын көпірі болатыны сөзсіз.

 

 Асхат РАЙҚҰЛ,

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы.

Астана қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support