- Advertisement -

Энергия көзін арттыру маңызды

150

- Advertisement -

Дәстүрлі экономиканың шығындарын ескеріп, «жасыл» экономикаға қадам басу – мемлекет алдындағы маңызды міндеттің бірі. Өз кезегінде электр энергиясын өндіру арқылы елді үнемдеуге үйретіп, халықтың тұрмыстық әлеуетінің жақсаруына түрткі болады. Жаңа технологияның нәтижесінде қоршаған ортаға келетін зиян азайып, бірқатар балама қуат көзі пайда болуда. Табиғи қуат көзін өндіру Т.Рысқұлов ауданында ең алғашқылардың бірі ретінде жүзеге асырылған.

Бүгінгі таңда Қарақыстақ ауылдық округіндегі тау шатқалында «Қарақыстақ» су электр стансасы жұмыс істейді. Стансаның жобалық қуаты 2,3 мегаватты құрайды. Станса директоры Нұрдос Қалдыбалиннің айтуынша, станса 2013 жылы іске қосылған. Жобалық құны – 1 миллиард 007,9 миллион теңге. 2013 жылдың 14 маусымында ашылған станса сағатына 2300 киловатт электр энергиясын өндіруде.

– Табиғат көздері – жел, күн мен су энергиясынан алынатын қуат көзін пайдалану арқылы әлемнің дамыған елдері дербес экономиканы қалыптастыруға көшкен. Мәселен, Оңтүстік Корея ішкі жалпы өнімнің үш пайызын немесе 60 миллиард АҚШ долларын «жасыл» сектордың дамуына бөледі. Сонымен қатар АҚШ «жасыл» экономиканы дамытудың негізгі бағыты ретінде баламалы энергияны жетілдіру жолын таңдады. Бұл тұрғыда біздің мемлекет те Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылдан «жасыл» экономикаға өте бастады. «Қарақыстақ» су электр стансасы сол кездегі «жасыл» экономиканың алғашқы қарлығашы десе де болады, – дейді Нұрдос Мұханұлы.

Елімізде «жасыл» экономиканы өркендетуге мүмкіндік мол. Оған әлдеқайда тиімді әрі қолжетімді ұлан-байтақ жер мен климаттық жағдай қолайлылық туғызады.

«Әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасалған «Жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, бүгінде облысымызда түрлі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Біздің алдымызда алдағы уақытта судан алынатын энергия көзін арттыру жоспары тұр. Біз тұжырымдама аясында жүктелген міндеттерді орындау арқылы экологиялық өнімнің үлесін арттыратын боламыз», деп жоспарымен бөліскен серіктестік директоры, судан өндірілетін мегаватт көлемін арттырмақ ниетте.

Бүгінгі таңда аталған стансада 15 адам жұмыс істеуде. Судан өндірілген өнім КЕGОG-тың біртұтас энергия жүйесіне берілуде.

 

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support