- Advertisement -

Құрылыста –инновациялық өнім

61

- Advertisement -

Бүгінгі таңда қай салада болсын, заман көшінен қалмай еңбек еткен адам нақты мақсатына жете алады. Сондай мақсаткер жанның бірі – «Қазақстанның үздік тауары» облыстық байқауының жеңімпазы, «Алатау Групп» ЖК басшысы Әлкен Ашамаев.

Ол құрылыс саласындағы инновациялық өнім – полистиролбетонды өндіруді қолға алған. Құрылыс саласы елімізде тұрақты сала ретінде қала беретіні белгілі. Экономиканың ауытқуларына қарамастан, құрылыс материалдарына деген сұраныс толастамайды. Сондықтан да кәсіпкер полистиролбетон жақын арада тұтынушылар арасында жоғары сұранысқа ие болатынына сенімді.

Әлкен Ашамаев инновациялық материалға 2000 жылдардың басында көңіл аударған. Оны бетонның жылу сақтағыш қасиеті қызықтырған. Жылыблоктан салынған үй жазда – салқын, ал қыста – жылы. Бұл үйді жылыту шығынын айтарлықтай азайтуға көмектеседі екен. Оған қоса, блоктардың көлемі ірі болғандықтан, қалау жеңіл, жұмысы өнімді болады. Полистиролбетоннан қаланған қабырғалар ауаны жақсы өткізіп, бактериялардың әсеріне ұшырамайды. Сонымен қатар ол жанбайды, өрт шыққан жағдайда пенополистиролдың түйіршіктері буға айналып, өрттің от алуына жол бермейтіндігімен ерекшеленеді.

– Тұрғын үйде ең маңыздысы – жайлылық. Ал ол өз кезегінде жасалған материалға байланысты. Полистиролбетон құрылыстағы тиімділігін бірнеше мәрте дәлелдеді. 2007 жылы оны жасайтын құрал-жабдықты Тула қаласынан сатып алып, өндірісті іске қосқан едім. Енді тапсырыс берушілер қатары артып, осы материалдан баспана салып жатқандар көп, – дейді кәсіпкер.

Материалдың жылу оқшаулағыш қасиеттерінің арқасында қабырғаларды қосымша жылыту құралдарымен қаптаудың қажеттілігі жоқ. Бұл баспана салушыларға кәдімгідей арзанға түседі. Оған қоса үйреншікті бетонға қарағанда полистиролбетон блоктар неғұрлым жеңіл. Яғни іргетасқа жүктеме азайып, оны көлемді етіп жасамаса да болады. Демек, тасымалдау мен қалауға шығын азаяды деген сөз.

Бір блок шамамен 18 қызыл кірпішті алмастырады. Мәселен, ауданы 100 шаршыметр үй салу үшін 1200 блок жеткілікті. Қазіргі таңда өнім Қордай ауданынан бөлек, Тараз қаласы мен барлық аудандарға және Алматы қаласына жеткізілсе, сонымен бірге Қырғыз Республикасына да шығарылуда.

Бір атап өтерлігі, кәсіпкердің цехында өндірілген құрылыс материалы басқа өндіріс ошағына қарағанда сапасымен ерекшеленеді. Себебі блоктарды өндіру барысында дірілмен престеу тәсілі қолданылады, соның арқасында олар қатты болып шығады. Әзірлеудегі барлық техникалық сипаттамалар Алматы қаласында құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу және жобалау институтында расталған. Сондықтан ол үйді салу кезінде көтергіш қызмет атқара алады. Қазақстанда осындай инновациялық әдісті қолданып жатқан басқа кәсіпорындар жоқ.

Өндірісті жолға қойған соң кәсіпкер ісін кеңейтіп, тұтасқұйма құрылысын қолға алған. Бұл әдіс арқылы қабырғалар әдеттегідей қаланбай, қалып қолданылып, полистиролбетонмен құйылады. Осылайша бірден еден мен қабырғалар салынады. Нәтижесінде еңбек шығыны аз, жылы үй бой көтереді.

– Бізде білікті кадрлардың жетіспеушілігі қатты сезілуде, сондықтан автоматтандыру – бизнестің көптеген мәселелерін шешудің жолы. Адам еңбегін көп талап етпейтін жүйе жақсы нәтиже беруде. Сыртқы және бөлмеаралық қабырғаларға арналған екі түрлі блок шығаратын цехқа шикізат Ресей, Корея, ҚХР елдерінен жеткізілуде, – дейді ол.

 

Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА,

журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support