Шаһар мәселесі шешімін табады

17

Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің №6 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесуі Төле би атындағы №8 мектеп-гимназиясында өтті. Бақытжан Әмірбекұлы өз сөзінде бұл басқосу туындаған мәселелерді бірлесе шешу әрі әрбір тұрғынның талап-тілегіне құлақ түру мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде аумақтағы барлық жұмыстар қарапайым халықтың игілігі үшін атқарылуда. Сондай-ақ мұнда орын алатын өзгерістерде бірінші кезекте тұрғындардың пікірі ескеріледі.

Жиында әуелі округтің бас инспекторының міндетін атқарушы Сағындық Үсіпбеков баяндама жасады. Оның сөзінше, былтыр жергілікті бюджет есебінен аумақтағы бірқатар көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, кейбіріне сыртқы жарықтандыру желілері тартылған. Бұдан бөлек, аумақтың тазалығына мән беріліп, ой-шұңқырлары тегістелген.

– Былтыр жергілікті бюджет есебінен И.Панфилов көшесі бұрылыстарымен, С.Дәненұлы, Сеченов көшелері орташа жөндеуден өткізілсе, М.Х.Дулати көшесінің 1,2-бұрылысы, Кондратьев, Тюленин көшелеріне сыртқы жарықтандыру желілері тартылып, іске қосылды. Округке қарасты Абай, Төле би даңғылдары мен Қазыбек би, Ы.Сүлейменов көшелеріне жаңа үлгідегі 7 аялдама орнатылды. «Таразға тарту» жобасы аясында Қазыбек би көшесі №117 және №179 үйлердің маңындағы скверге абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, жаңадан «Анаға тағзым» орталығы бой көтерді.

Сондай-ақ Төле би даңғылының бойына 50 дана қылқан жапырақты ағаш көшеті, «Анаға тағзым» орталығының аумағына 32 дана туя, қайың отырғызылды, ал қоқыс алаңшаларына 56 жаңа контейнер қойылды. Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «100 жобаның» аясында аумақтық округте «Discovery coffee» кофеханасы ашылды. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер тарапынан 2 үстел теннисі залдары пайдалануға берілді, – деді Сағындық Жанысбекұлы.

Бұдан кейін, қала әкімі тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Мәселен, Нурила Досалиева есімді тұрғынды №8 гимназияның жай-күйі алаңдатса, Раушан Жұматаева тұрғын үйлердегі ескі жедел сатылардың жұмысына шағымданды. Алғашқы мәселе жөнінде шаһар басшысы әлі құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленбегендіктен, мәселені заңға сәйкес шешу қажет деп жауап берді. Ал келесі мәселе бақылауға алынатынын жеткізді. Жалпы, бұл кездесуде өзге де тұрғындардың жеке өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, әрбір келушіге өз мәселелерін айтуға мүмкіндік берілді. Шаһар басшысы барлық мәселе рет-ретімен шешілетінін баса айтты.

Айта кетейік, 146 көпқабатты және 3 298 жеке үйлерде 27 463 тұрғын өмір сүретін № 6 аумақтық округтің аумағында 46 көше, 28 тұйық көше және үш даңғыл бар. Округ аумағында 3 мектеп, 4 мемлекеттік балабақша, 2 жоғары оқу орны және 1 колледж орналасқан. Бұдан бөлек, мұнда облыстық көпсалалы аурухана, облыстық диагностикалық орталық, балалар стоматологиялық емханасы, сондай-ақ 3 жекеменшік медициналық орталық бар. Сонымен қатар шаһардағы 2 саябақ және 18 сквер осы округке тиесілі.

 

 Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.