Саясат

Баянды болашаққа бағыт сілтеген бағдарлама

Баянды болашаққа бағыт сілтеген бағдарлама

Сыбайлас жемқорлықтың бүгінгі таңда қоғам дамуындағы ең бір көкейкесті мәселелердің біріне саналып отырғандығы – өмір шындығы. Мемлекеттің қарыштап өсуіне кері әсерін тигізетін осынау кеселдің жолын кесу мақсатында Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдымызға айқын міндеттер қойды. Біз Қазақстанның әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына ену міндеттемесі жағдайында еліміздің жемқорлыққа қарсы іс-қимылы тиімділігін сапалық тұрғыда жақсарта түсуге тиіспіз. Сондықтан да, Саяси Доктринада партия өзіне жемқорлыққа қарсы жүйелік жағдай жасау мен қоғамда оның кез-келген көрінісіне төзімсіздік қалыптастыру жауапкершілігін алғаны белгілі. 

Елбасы, партия Көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Нұр Отанның» XV Съезіндегі айтқан «Саяси көшбасшылықтың түбегейлі мәселесі – біздің сыбайлас жемқорлықпен ымыраға келмейтін стратегиямыз» деген тұжырымы қазіргі қоғамның үмітіне толық сай келіп отыр. Осыған байланысты, партия қоғамдық пікірді ескере отырып, жаңа 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы жобасын әзірледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие мен білім берудің түп мазмұны – мемлекет пен қоғамға жемқорлықтың қатерін тереңінен пайымдау, парақордың жағымсыз бейнесін қалыптастыру, жемқорлық мінез-құлқы мен моралін қабылдамау, жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы стандартын насихаттау мен қоғамдағы құқықтық нигилизмді түп тамырымен жою болуы керек. Жаңа Бағдарламада тұңғыш рет корпоративтік жемқорлық ұғымы енгізіліп, оның квазимемлекеттік орта мен экономиканың жекеменшік секторында таралуына қарсы тұру қажеттілігі баса айтылды. Көлеңкелі экономика деңгейін бәсеңдету мен оның үлесі аса жоғары немесе төмендемей отырған салаларға бақылау орнату қажеттілігі атап өтілді. Партияның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы бизнес қауымдастықпен өзара байланысының тиімді жолы жасалды. Кәсіпкерлікті қорғау аясында бизнеске әкімшілік қысымды бәсеңсіту үшін партиялық және қоғамдық бақылау практикасы кеңейтілетін болады. Тағы бір атап өтерлігі, бағдарлама конституциялық –жекеменшікке қол сұқпау, адал бәсекелестік пен кең ауқымды кәсіпкерлік бастамалары қағидаларын тиімді іске асыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бағдарламада қоғамның жемқорлыққа қарсы күреске қатысуын заңнамалық деңгейде қамтамасыз ету шаралары қарастырылған. Бұл «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» және «Қоғамдық бақылау туралы» Заңдар. «Қоғамдық бақылау туралы» жеке Заң азаматтық қоғамның мемлекеттік органдар қызметін бақылауы мәселелерін құқықтық тұрғыда нақты реттеу, қоғамдық институттардың өкілеттілігі шеңберін белгілеу мен шектеулерін анықтау үшін қажет. «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» Заңда сұралатын ақпараттар шегін белгілеу мен оны қабылдаудың үрдісін бекіткен жөн. Ақпараттар санатын, қолданушының міндеттерін, сұранымды орындау реттілігін анықтау, ақпаратқа қолжетімділік тәсілі, олардың бұқаралық ақпарат құралдарында, оған қоса, интернет ресурстарда орналастырылу тәртібін реттеу, оның қамтамасыз етілуін бақылау мен қадағалау жүйесін енгізу біржағынан ел заңнамасындағы олқылықтардың орнын толықтай толтыруға мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибені ескере отырып қоғамдық бақылау мен ақпаратқа қолжетімділік туралы заңдарды қабылдау мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен олардың лауазымды тұлғаларының ашықтық, жариялық пен есептілігін қамтамасыз етуге тиіс. Партияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасы негізінен азаматтық қоғаммен ынтымақтасуға әрі қоғамдық бақылау жүйесін дамытуға бағдарланған. Бағдарламаны практикалық тұрғыда іске асырудың механизмі ретінде жарияланған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің нақты шаралары көрсетілген әрі екі бесжылдыққа арналған жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың Жол картасы әзірленетін болады. Жаңа бағдарламада партия Төрағасының аталмыш құжаттың іске асырылуы мен елдегі жемқорлық ахуалы жөніндегі жыл сайынғы ашық есебі ескерілгенін айту керек. Бағдарламаны нақты іске асыру үшін келесідей тетіктер қарастырылған: – Халықпен кері байланыстың тиімді арналарын қамтамасыз ету. – Биліктің партиялық тетіктер арқылы азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылының артуы. – Партиялық құралдардың жемқорлыққа қарсы тиімділігін арттыру. – Жемқорлыққа қарсы заңаманы әлемнің ең дамыған 30 елінің стандарттарына сәйкестендіре отырып жетілдіру. Мұндағы басты міндеттің бірі – жемқорлыққа қарсы кеңінен әрекет ету үшін қажетті заңнамалық негіз жасау. Бүгінде «Нұр Отан» фракциясы депутаттары тарапынан жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында бірқатар заң жобалары әзірленді. Айталық, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылдау қажеттілігі өткір тұр. Ағымдағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң осыдан 16 жыл бұрын қабылданғандықтан, заманауи реалийлерге толық жауап бере алмайды. Осы орайда 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегия жобасы мен партияның Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл бағдарламасы қосарлана әзірленіп жатыр. Бұл бағдарламалар бір-бірін қайталамауға тиіс. Сонымен қатар, бір-біріне қарама-қайшы келмеуі де керек. «Нұр Отан» партиясы әзірлеген жоба – біріншіден, концептуалдық, жүйелік сипатқа ие, яғни, жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын жоюға баса мән береді. Екіншіден, алға қойылған мақсаттарға жетудің басты шарты ретінде қоғаммен өзара байланысқа бағдарланған. Үшіншіден, ол өзінің рухы бойынша идеологиялық әрі саяси құжат болып табылады.

Қайрат Нұрманбетов,  М.Х.Дулати атындағы ТарМУ  Заң институтының директоры.