Әуелгі мәселе – әлеуетті арттыру

26

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының әлеуметтік еңбек саласындағы негізгі бағыттары мен Әлеуметтік кодексінің нормаларын толығырақ түсіндіру мақсатында жұмыс басталды. Бұл Жолдау негізінен елімізде тұрақты даму арқылы қиындықтарды жеңудің алгоритмін көрсетуімен ерекшеленеді. Әсіресе өңірлік саясатта әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңсіздікті азайтуға айрықша мән беріліп отыр. Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы мобильдік топтар құрып, аймақтарды аралап, түсіндіру жұмыстарын бастады. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» Акционерлік қоғамының бас директоры Нұрсұлу Кемелдің қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте осы мәселелер кеңінен талқыланды.

Мобильдік топтардың құрамында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері, министрлікке қарасты еншілес ұйымдардың, еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменттерінің, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарының, мемлекеттік аннуитеттік компанияның, еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының басшылары бар. Мобильді топтар екі ай бойы республиканың барлық аймақтарын аралайды. Облысымызға қарасты Шу, Меркі, Талас, Сарысу және Мойынқұм аудандары осы өңірлердің қатарында.

«Кодексті заңнамалық құжат ретінде қарасақ, әлеуметтік салаға қатысты 16 заң бар. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі азамат өзіне қатысты әлеуметтік төлемді білу үшін бес түрлі заңды қарауы керек екен. Ол азамат үшін өте қиын. Мұндай жағдайда азамат бір көмекті алып, екінші көмекті ала алмай қалуы ықтимал. Осындай жағдайларды болдырмау үшін ақпараттық жүйелердің интеграциясы толыққанды жасалып жатыр. Кодекстің өзі негізгі және жалпы бөлім болып екіге бөлінеді. Жалпы бөлімде азаматтардың базалық әлеуметтік кепілдіктері көрсетілетін болса, негізгі бөлім әрбір азаматтың өмір сүру циклінде кездесетін барлық әлеуметтік тәуекелдерге арналған», деді Нұрсұлу Мырзагелдіқызы.

Бүгінде отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әртүрлі өмірлік жағдайларды көздейді және МӘСҚ-тен жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемді, бала тууына, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақыны, мемлекеттік бюджеттен жұмыс істемейтін әйелдер үшін және МӘСҚ-тен жұмыс істейтін әйелдер үшін жәрдемақыны, көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға отбасының табысы есепке алынбай төленетін жәрдемақыны қамтиды. «Жолдауда Президентіміз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылатынын хабарлаған болатын. Сондай-ақ алдағы уақытта әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін наградталған аналарға берілетін жәрдемақының мөлшері сараланатын болады», деді Н.Кемел.

Сонымен қатар брифингте қазақстандықтарға отбасының цифрлық картасын енгізу, жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясат, жаңа көші-қон саясаты, балалы отбасыларды қолдау шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру мәселелері де талқыланды.

Өңірлерді аралау барысында мобильдік топтың мүшелері медициналық-әлеуметтік мекемелердегі халықпен, жұмыс берушілермен және еңбек ұжымдарымен, жастармен кездесу өткізетін болады.

 

Гүлжан РАХМАН

 

Comments are closed.