Жаңалықтар

АҚБАҚАЙДЫҢ АЛТЫНЫ – ЕЛ ИГІЛІГІ

АҚБАҚАЙДЫҢ АЛТЫНЫ – ЕЛ ИГІЛІГІ

Қазақтың даңқты геологы Дубек Дүйсенбеков Бетпақ даланы шарлап жүріп, 1960 жылы алтын кен орнын табады. Сол кездегі қалыптасқан дәстүр бойынша кен орнының атын атау геологтың еншісіне тиіпті. Дукең көп ойланбастан қазақтың әйгілі тұлпарына арнап шығарылған «Ақбақай» әнімен атапты. Кім білсін, атақты геолог жер апшысын қуырған Ақбақай тұлпардай алтын кен орны заман дүрсілінің тұлпары болсын деп ойлаған шығар. Одан бері де жарты ғасырдан аса уақыт өтті. Кейіннен барлау жұмыстары нәтижесінде «Ақбақай» кен орнынан бөлек «Бескемпір», «Ақсақал», «Жайдарман», «Думан-Шуақ» «Светинское», «Қаракөз», «Аңдысай», «Көкпар», «Ашок», «Әлтай қазған», «Карьерное» және «Кенжем» кен орындары анықталды. «Ақбақай», «Бескемпір» және «Ақсақал» кен орындары 1975 жылдан бастап өндіріле бастады. Алғашқы жоба жұмыстары бойынша жылдық кен өндіру шамамен 50000 тонна болды. 1978-1981 және 1999-2001 жылдары тереңдеп өндіру және кен орындарын дамыту бағытында қосымша барлау жұмыстары жүргізіліп, кен өндіру қуатын бір миллион тоннаға жеткізу көзделді. Ол үшін жаңа инновациялық технологияны қолдану қажет болды. Осыдан барып, 2010 жылы 20 жылдан астам жұмыс істеп келген кен өңдеу шамасы 150000 тоннадан аспайтын бұрынғы кен өңдеу фабрикасы тоқтатылып, қайтадан қуаты 1 000 000 тонна болатын кен өңдеу фабрикасы салынып, іске қосылды. Сонымен қатар, «Ақбақайда» бұрыннан қолданыста болған қазу-қопару жабдықтары жаңартылып, мейлінше өздігінен жүретін механикалық техника іске қосылды. Осының нәтижесінде жұмыс жеңілдетіліп, кен өндіру көлемі артты. Ақбақайдың алтыны – облыстың байлығы. Аса құнды затты мол өндірген сайын жергілікті бюджетке де салық түсімі артатынын ескерсек, өңірдің бір қиырындағы Бетпақ даланың кіндігінде жатқан алтынды мекеннің де облыс экономикасының өркендеуіне қосып жатқан үлесі бар.

Мақсұт ДҮЙСЕНАЕВ, «Алтыналмас» акционерлік қоғамы «Ақбақай» филиалының директоры.

Мойынқұм ауданы.