- Advertisement -

Инфрақұрылымның игілігі тұрмақ, иісі де жоқ

103

- Advertisement -

Халықты баспанамен қамту – қалыпты тіршіліктің күн тәртібіндегі басты мәселе. Осы мақсатта жыл сайын қазынадан қыруар қаражат бөлініп те келеді. Десек те, баспана мәселесі үй салумен де шешілмейтініне халықтың көзі жетіп отыр. Айталық, 53 мың халық тұратын Жуалы ауданында жаңадан бой көтерген көпқабатты үй қазіргі таңда қаңырап бос тұр. Себебі су жаңа үйде ауыз су да, жарық та, кәріз жүйесі де жоқ. Алдағы қысқа да дайын емес. Өйткені көпқабатты үй көгілдір отын мен жылу жүйесіне де қосылмаған. Ал Жуалының қыс мезгілінің қаталдығы қарапайым тұрғынның бәріне аян.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен былтыр құрылысы аяқталған ғимарат – Жуалы ауданындағы жалғыз көпқабатты үй. Бірақ алғашқы қазығы қағылмай жатып-ақ оның жобасына жауаптылар өрескел қателікке ұрынған секілді. Салдарынан көптен бері тұрғын үйдің кезегінде тұрған жуалылықтардың қуанышы қазір су сепкендей басылған.

Инфрақұрылымның игілігі тұрмақ, иісі де сезілмейтін тұрғын үй иесіз қалғандықтан, жыл өтпей жатып тозып барады. Сыртқы келбеті келіскенімен, нақты уақытта кәдеге жарамай тұрған үйдің іші кемшілікке толы.

– Бұл өзі ауданның маңдайына біткен жалғыз көпқабатты үй. Көп үй болса түсінер едім. Бір үйдің өзін сапалы соғып бітіре алмай тұрғанын көріп, бұларға қалай сенім арта аласың, кезекке тұрудың қажеті қанша?! Осындай сапасыз үй үшін жылдап кезек күтудің түйір пайдасы бар ма?
Бір жылдан асып кетті, әлі ешқандай алаңын да істемеген. Біздің Жуалының жас отбасылары босып жүр. Біреудің құлайын деп тұрған үйлерінде тұрып жатыр. Аудан әкіміне ұят келмей ме? Құзырлы орындар соның барлығын неге қарастырмайды? Жерді бөліп жатыр, ол жер қайда кетіп жатыр? Сол жерді неге жағдайы төмен отбасыларға бөліп бермейді? Шиеттей бала-шағамен бір кірпіштен тасыса да сол жерге үй салып алар еді ғой. Өзіміздің осындағы жастар далада қаңғып жүр. Менің аудандағы жас отбасыларға жаным ашиды. Бұл үйге ертең адам кіреді, ол жарық жағады, қыста қалай жылынады, кәріз суын қайда жібереді деген сұрақ неге әу баста ешкімді толғандырмаған? – дейді аудан тұрғыны Бақберген Меңлібаев.

Асан қайғының «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер? Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер?» деген жырын еріксіз еске салатын бұл жағдайға аудан тұрғындарының өкпесі қара қазандай. Себебі баспанадан үмітті тұрғындар қоныс тойын тойламақ түгілі, баспаналарына әлі қолы жетпей жүр. Салдарынан ауыл халқы, оның ішінде жастар ауданнан кетіп жатыр дейді олар.

– Әркім өзінің тірлігіне жауапты болуы керек қой. Бұл өте ұят тірлік. Ауданның жастары қалаға немесе басқа өңірлерге кетіп жатыр. Себебі оларға тұрақты жұмыс жоқ. Жұмыс бар болса, үй жоқ.
Астана, Алматыда да бара қалған жасқа бірден үй бере салмайды. Сондықтан жас отбасылар баспанасыз жан-жақта сандалып жүр. Өздеріңіз білесіздер, қазір пәтер сатып алмақ тұрмақ, жалға алу құны да шарықтап кеткен. Оларды қайтадан ауылға шақырайын десең, өздерінің туып-өскен аудандарында да дайын тұрған баспана жоқ. Осы жаңадан бой көтерген баспананы көріп, көңілімізге үміт ұялап, қуанып қалып едік. Облыс орталығына жақын жатқан аудандардың бірі болғандықтан, бізде де ілгерілеушілік болып жатыр екен ғой деп марқайдық. Өкінішке қарай, онымыз бекершілік екен. Жаңа үйіміздің сиқы мынау, сапасы сын көтермейді. Осыдан кейін кімге, қандай сенім артуға болады? – дейді тұрғын Гүлжахан Өтепбергенова.

Ауданның атқамінерлері «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған үйлерде сыртқы инфрақұрылым қарастырылмайтынын алға тартуда. Яғни оған жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылуы тиіс екен. Десек те олар жұртты алаңдатқан жаңа үйдің жайы жақында шешіледі деп сендіруге тырысып бағуда.

– Бауыржан Момышұлы ауылында 2021 жылдың қыркүйегінде құрылысы басталған осы көппәтерлі тұрғын үй 2022 жылға өтпелі болатын. Бірақ мердігер жұмысты былтыр желтоқсанда толығымен аяқтады. Ал оның сыртқы инфрақұрылымының қаржысы биылға жоспарланған еді. Жалпы инфрақұрылым қаржысының құны 88 миллион теңге болса, соның 20 миллионы ауданнан қойылып, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Мамыр айынан бастап сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заңнамаға сәйкес бүгінгі таңға мердігері анықталып тұр. Жалпы инфрақұрылым жұмысы екі аптаның ішінде қойылуы жоспарланған. Үйді толығымен осы қараша айының 1-і мен 10-ы аралығында тапсыру жоспарымызда бар. Негізінде осы үйдің алаңшасында екі үй жоспарланған. Яғни жобада бірден екі үйді абаттандыру көрсетілген. Оған кәріз, ауыз су, газ бен жылыту жүйесі және модульді қазандық, екі үйге бірдей балалар алаңшасы, автотұрақ қарастырылған. 18 пәтерден тұратын екі үйдің біреуі аяқталғанымен, екіншісі аяқталған жоқ. Биыл тұрғын үй туралы заңнамаға өзгерістер енгізілуіне байланысты екінші үйдің құрылысы тоқтатылды. Сондықтан бұл үйге әлі күнге газ, су, кәріз, жарық жетпей тұр. Әйтпесе бұл жүйелер жоспарлауда ұмытылған жоқ. Негізінде «Нұрлы жер» бағдарламасына сыртқы инфрақұрылым қарастырылмайды. Тек қана құрылысы қарастырылған. Барлық инфрақұрылым екінші үйдің аяқталуына қарай жоспарланған. Енді екінші үйдің құрылысын күтпей, инфрақұрылымын жасай береміз, – дейді Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Асхат Жабағы.

Дейтұрғанмен, былтыр желтоқсан айында аяқталған үйге инфрақұрылым жүргізу мәселесін биылғы жылдың мамыр айына дейін күттірудің қандай себебі бар екені беймәлім. Ақыры енді екінші үйдің құрылысына қарамай инфрақұрылымды тартатын болса, неліктен сол мәселені әу баста назарға алмады? Жуалыда «Нұрлы жер» бағдарламасымен тағы он көпқабатты үйдің жоба-жоспары жасалған.

Алайда тұрғын үй туралы заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты, жоспарланған құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Яғни енді олардың қаржыландырылуы немесе қаржыландырылмауы екіталай. Ал ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың қарасы күннен-күнге өсуде.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support