Құқық

ӨҢІРДІҢ БАС ЖОЛ ПОЛИЦЕЙІ ҚАМАЛДЫ

ӨҢІРДІҢ БАС ЖОЛ ПОЛИЦЕЙІ ҚАМАЛДЫ

2728

«Өңірдің бас жол полицейі қамалды». Облыстық тәуелсіз газет «Тараз Таймстың» соңғы саны (№35 (378), сейсенбі 6 қараша 2014 жыл) осындай оқыс хабармен басталды. Газеттің жазуы бойынша, өткен аптада облыстық ішкі істер департаментіне қарасты әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Жүнісбековті қаржы полициясының қызметкерлері ұстап, тергеу изоляторына қамаған. Тараздағы автожолдарға видеобақылау жүйесін орнатуға бөлінген миллиондардың біразын Жүнісбеков мырза қымқырып қалған. Ақшаның көлемі 100 миллион теңгеге жуық көрінеді. Подполковник С.Жүнісбековтің үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 176-бабы, 4-бөлігі бойынша («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету») қылмыстық іс қозғалған. Егер тағылған айып дәлелденсе бар мүлкі кәмпескеленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін сотталуы мүмкін. Алғашында тергеу изоляторына қамалған Серік Жүнісбеков кейін үйқамаққа ауыстырылып, сосын қайтадан изоляторға жіберілген. Бұл жолы тергеу амалдары аяқталғанша ұзақ отыратын сыңайлы. Сонымен қатар, облыстық ІІД-нің басқа да құрылымдарының басшылары мен видеобақылау жүйесін орнатуға қатысы барлардан жауап алынуда. Соның салдарынан ІІД құрылымдарындағы лауазымды екі адам ешқайда шықпау туралы қолхатпен үйқамақта отыр екен. Естеріңізде болса, «Ақ жол» газеті әкімшілік полиция басқармасының жұмысын сынға алып, «Жол сақшысының жұмысы қорқыту ма?», «Әмбебап па, әпербақан ба?», «Арғымаққа» міндім деп, ақыл-естен адаспа!» атты мақалалар жариялаған болатын. Серік Жүнісбековтің облыстың бас басылымына сұхбат беруден сан түрлі сылтаулар айтып үнемі бас тартатыны туралы да жазылды. Алайда сол күйі басқарма бастығы атқарылған жұмыстары жайлы оқырманға жарытымды ештеңе айтып бере алмады. Мамыр айының соңында Жүнісбеков мырзаның қарамағында қызмет істейтін бір жол сақшысының қызметтік қаруымен әріптесін жайратып салғаны туралы ақпарат таралды. Көшелерде жол ережесіне қатысты белгілердің дұрыс қойылмағанын жүргізушілер де «зар жылап» айтып жүрді. Одан кейін естіп отырғанымыз осы оқыс хабар... Рас дейміз бе, өтірік дейміз бе, ағайын? Біз осы материалды дайындау барысында мәселе­нің анық-қанығына жету үшін облыс бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) департа­ментіне ресми хатпен қайырылған едік. Олардан төмендегідей жауап келді: Жамбыл облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) департаментінде, Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Жүнісбековке қатысты, ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабының 4-бөлімі «б» тармағы бойынша, ҚР ЭСЖҚ Агенттігінің тергеу тобы тергеу амалдарын жүргізуде. Қазіргі таңда осы қылмыстық іс бойынша толық мәліметті алу үшін ҚР ЭСЖҚ Агенттігінің баспасөз қызметіне хабарласуыңыз қажет. Жауап мәтіні мәселенің рас екеніне сендірді. Енді тергеу амалдарының аяқталуын күтеміз.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».