- Advertisement -

Өзбековтің өзгеше ән әлемі

461

- Advertisement -

Өнер жолында өз соқпағын салып, өзгеше өрнегімен танылған таланттар бар. Соның бірі – ән әлеміне өзгеше бояуымен өрнек салған композитор Мэлс Өзбеков. Тіршілігінде тәлейлі тағдырының тартқызған азабы көп болды. Саяқ жүретіні, иліге бермейтіні кей кездерде жолына кедергі болды. Содан да болар, көзі тірісінде әндері лайықты бағасын ала алмады. Әйтсе де, тағдыр оған мұрасын түгендеп іздейтін ізбасар шәкірт, әнсүйер тыңдарман беріпті. Аманатқа адал буын оның өнерін өлтірмеді. Сол буынның басында жол бастағанның бірі – облыстық мәдениет, спорт, туризм қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Дүйсенәлі Бықыбаев. Өнер иесімен Мэлстің ән мұрасы, саф өнердің бүгіні мен ертеңі жайлы сұхбаттастық.

– Дүйсенәлі Дыбысалыұлы, бүгінде композитор Мэлс Өзбеков туралы сырлы естеліктер айтылып жүр ғой. Әркім өзіне қарай тартады. Бұл өзі мақтангершілік пе, қалай? Сөйтіп айтып жүргендердің кейбірі кезінде дәл қазір айтып жүргеніндей, сазгерге сөз демеуін көрсете алды ма? Өнер иесімен ағалы-інілі таныстығыңыз қалай басталған еді?

Өнер иесі өмірден өткен соң, адамның өз көңіліндегі кезінде көрсете алмаған кісіліктің сұрауы арта ма деймін. Кеткен соң еске алу, жақсы еді деп жататындары содан болса керек. Мәдениет саласында әр деңгейде басшылық қызметтерді атқарған соң, «алдыма келген еді» десем, өткенді жорта түзеп, өтірік айтқан болар едім. Композитор Мэлс Өзбековтің әндерін тыңдап өстік, сондай болсақ деп еліктеп өстік десем, дұрыс болар.

Арманы асқақ, қиялы қияға тартып тұратын көкөрім жеткіншектің көңіл көзімен өмірдің өзі өзгеше көрінетіні бар емес пе?! Құмарық ауылындағы кейін Болтай батырдың есімі берілген мектепте оқып жүрген кезім. Домбыра шертемін, баянды ойнауды да бір кісідей үйреніп қалған кезім. Мектепішілік іс-шаралар менсіз өтпейтіндей, азды-көпті өнеріммен көпшіліктің көңілінен шығып үлгерген кезім. Бибізура Тілендиева деген ұстазымның ең алымды шәкірті де өзім. Жаңа ән естісем, қара домбыраның шанағына қондырғанша ыңылдап, қос ішекке дамыл таптырмаймын. Ол кісіге ұнайтыны да – осы талпынысым.

Мектебіміздің директоры – Ұлы Отан соғысының ардагері Мәлік аға Егембердиев деген кісі. Ауданға жиі қатынайтын, өнер адамдарының біразымен таныс-біліс. Бірде композитор Мэлс Өзбековті мектепке шақырып, кездесу өткізді. Өзі ән жазып, оны өзі орындайды екен деген сөзге елеңдеп қалған оқушылар сол күні композиторды алыстан болса да көріп қалайық десіп, ешқайсысы үйіне қайтуға асықпады.

Басқаны қайдам, сұңғақ бойлы, артық қырым еті жоқ жігіт ағасының киім киісі де өзгеше көрінді. Жүрісі, тұрысы да, сөз саптасы да бір бап тілеген жүйріктей көрінген. Бәрінен бұрын баянды құлаштай созып тартып, салған әні көңілімде жатталып қалыпты. «Келші айымын» айтып берген сол жолы.

Ол кезде терме айтып, мектеп сахнасында ән шырқап жүргем. Бір тыңдағанда-ақ сазды әуен көңілімде жатталып қалды. Сол күннен бастап мектептегі кештерде тек «Келші айымды» домбырамен айтып жүрдім. Кейін мектепті бітіргенде арман қуып Алматыға кеттім. Бірінші жылы ҚазҰУ-ға оқуға түсе алмай, ауылға қайтып келдім. Аудандағы РЭМ зауытта жұмыс істедім. Сол кездерде мәдениет үйіне жиі баратынмын. Өнер ошағында құрылған ансамбльде ән салып жүрген өнерлі жігіттермен аралас-құралас, дос-жаран едік.

Соларға барып жүріп, Мэлс ағамыздың Қызылордадан келіп, «Сұлутөр» ансамблінде жұмыс істеп жүргенін естідім. Ол кісі қонақ үйде тұрады екен. Бір күні арнайы барып амандастым. Таныстық. Жанында жүріп, біраз әндерін үйрендім. «Нәзігімді» сонда естігенмін. Бұл әнді пианиномен шығарған. «Келші, Құланға» әнін де сонда тыңдағанмын.

Ол кезде аудандық газеттің белді журналисі, ақын Кәріпжан Нүсіпті жақсы білетінмін. Кәріпжан аға – Қорағаты совхозында әкеммен бірге жүрген қатарлас-замандасы еді. Ал композитормен шығармашылық байланысы орныққан, бірқатар әндерін нотасымен газетке жариялап, сазгер туралы мақала жазып жүретін.

Әнге деген құштарлық тыным таптырмай, ақынның да, композитордың да әңгімелерін тыңдап, есті өлең мен әуенге қатар бас қойып, сырлы әңгімелерін құлаққа құйып, өнер әлеміне қалай қадам басқанымды аңғармай да қалыппын. Сөйтіп жүріп Мэлс ағамыздың әндерін шырқап үйрене бердім. Біздің таныстығымыз осылай басталды.

– Бір жылдан кейін Алматыға оқу іздеп қайта бардыңыз ба?

Жоқ, сол жылы ҚазҰУ-ға оқуға түсе алмағаннан кейін Бибізура апай мені Жамбылдағы мәдени-ағарту училищесіне апарып, Яхия Шынасіловке таныстырып, «Мына баладан бірнәрсе шығады» деп табыстап, бірер ай өтіп кеткеніне қарамастан оқуға қабылдатқызған болатын. Білім алып, музыкалық сауатым артты. Өнер әлемінің қыр- сырын тани түстім.
Аудандағы мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істеп жүргенімде де Мэлс ағамызға жақын жүрдік. Ол кісі Алматыда тұрды. Келіп-кетіп жүретін. Кейін сол мәдениет үйінің директоры болдым. Қызмет бабымен Меркі ауданына барып, мәдениет саласын басқардым.

Луговой ауданында Рысхан Орекеев деген кісі мәдениет бөлімін басқаратын. Ол Мэлс Өзбековтің бір әніне байланысты талас-тартыс қызып жатқан кез. Ауданда концерт өтетін болыпты, бағдарламаға композитордың сол әнін авторы басқа деп енгізіп жіберген екен. Ал мен автордың әндерінің қалай туғанынан хабардармын, дереу түзету енгізіп жібердім. Елге әннің авторы Өзбеков деп хабарланды. Ән өз иесін қайта тауып, солай тарады. Рысхан аға бұл ісіме ренжіп, оның соңы біраз дау тудырды. Бұл іске ақын Кәріпжан Нүсіп, журналист Сейсен Қожеке араласып, кейін өз ретін тапты. «Келші, Құланға» әні авторына осылай қайтарылған еді.

— Мәдениет саласындағы басшылық қызметтің тізгінін қолға алған соң, композитормен байланыс нығайған шығар? Мэлс Өзбеков ауылға жиі келуші ме еді?

Меркіден ауданға қайта оралып, мәдениет бөлімін басқарған жылдарда Мэлс ағамыздың әндерін реттеп, жас әншілерге шырқатып жүрдім. Ара-тұра Алматыға іздеп барамын. Сол кездегі Мәдениет министрі Еркеғали Рахмадиев композиторға қаладан жатақханадан бір бөлме бергізіп, сол шаңырақта талай мәрте Тынышбай Рахымов, Нұрғали Нүсіпжанов ағалармен дәмдес болдық. Сол шығармашылық орта сондай тамаша еді.

Сондай сәттерде композитор: «Інім, ағаларың келіп қалыпты, дастарқан жасап, күтіп жіберейік» дейтін. Ауылға келгенде үйге түсетін. Сәбит Садықов ағамыздың үйіне баратын, ол үйдегі жеңгей Мадинаның Мэлс ағамызға туыстық жақындығы бар еді.

Композитордың әндері демекші, Меркі ауданында қызмет етіп жүргенімде сол жақтан шыққан шығармашылық адамдарын іздеп- тауып Бәтен Күзембаев деген азаматты біраз іздеттім. Ол кісі Швейцарияда «Меркі әуендері» ансамблінің құрамында ән салған әнші екен. Әміре Қашаубаев сияқты ерекше даусы бар дарын иесі еді. Қазақстан ауылындағы парторг болып қызмет еткен Дауылбай деген ағамызға айтып, қайтадан мәдениет үйіне жұмысқа шақырттым. Сондай күндердің бірінде ол «сенің Мэлс ағаң біздің совхозда жұмыс істеген, Мәди Артықбаева деген жеңгең болған, сол кездерде «Кел күнім» деген ән жазған», деп соны орындап берген. Жастықтың әсері ме, арқаны кеңге салып жүріп, сол әнді нотаға түсіртіп алмаппын. Кейін ол кісі өмірден өтіп кетті. Сонда «уағында әндерін жинай бермеппін» деп ойланып қалғам.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына басшы болып қызметке келгенімде марқұм Арғынбай Бекбосыновпен көп әңгімелестім. Көргені де, көкейге түйгені де көп кісі ғой, маған «мына шығармашылығыңды қолдан шығарма, қызмет – уақытша, өнер – мәңгілік» деп кеңес беретін. Сонда Мэлс туралы біраз естеліктерден сыр шертетін. «Бірде шипажайда ем алып жатқанымда Бәтен деген керемет әнші Өзбековтің бір әнін орындап берді. Әні әсерлі, керемет екен. Бірақ сөзі көңіліме қонбады. Содан мен оның сөзін «Кел, күнім» деп қайта жазып бергенмін», – деп қағазға түсірілген нотасын да әкеп берді. «Бұл әнді бұрын естігем, бірақ сөзін сіз жазып бергеніңізді білмеппін»,– дедім.

Шындығы сол, осы жағдай ой салып, барлық ауданға қатынас хат жіберттім. Мэлстің айтылмай кеткен әндеріне сұрау салдым. Тірлік жайлап жүре бастаған соң, Мақұлбек Рысдәулетті шақырдым. Ол кісі сол шақта Басқар Битанов туралы дерек жинап жүрген екен. Екі өнер иесі туралы деректерді жинауды тапсырып, жинақ шығару қамына кірісіп кеттік.

– Т.Рысқұлов ауданында мәдениет бөлімін басқарып тұрғаныңызда «Келші, Құланға» атты М.Өзбековтің әндерінен байқау ұйымдастырғаныңызды білеміз…

— Одан бұрын Т.Рысқұлов ауданында қызмет етіп жүргенімде Әлібек Әмзеевтің қолдауымен «Келші, Құланға» деген республикалық ән байқауын өткізген болатынбыз. Облыста соны қайта жаңғырттық.

Бірақ ноталарын түсіріп, жинақ шығарсақ деген бастамамыз Мақұлбек Рысдәулет өмірден озған соң, аяқсыз қалды. Кейін Ерман Әбдиев жалғастырып, Ержан Рысметов ноталарын түсіріп, кітапты шығардық.

Естелік айтылса, өткенге кері шегініс көп қой. Композитор өмірден озғанда тоқсаныншы жылдардың аяғында, ауданды Қасымхан Естемесұлы басқарып тұрған кезде Мэлс Өзбековтің әндерін жаңғыртып, композитордың қарындасын, қызын шақырып концертін өткізгенбіз. Көкдөнен ауылында асын беріп, шығармашылық еске алу кешін сондағы мәдениет үйінде ұйымдастырдық. Тәліпбек аға Шақбаев Мэлстің жақын туысы, басын қарайтып, тасын қойды.

Негізі Көкдөнен – таланттар туған, өнерге жақын, қыдыр дарыған ауыл ғой. Мэлс ағамызбен қатар, композитор Жаңбыршы Үсейінов сонда туып-өсті. Денсаулығы болмай, үйде отырып, әндерін жарыққа шығара алмады. Сазгердің 50 жас мерейтойында әндерін әншілерге орындатып, сол ауылдағы мәдениет үйінде шығармашылық кешін ұйымдастырғанбыз сонда. Қазір композитордың қызы өнерді түсінетін, журналистикада өз қолтаңбасымен танылған Ардақ әкесінің әндерін жинап жүр. Биыл 75 жылдық мерейтойына орай ән жинағын шығарып, облыс көлемінде концертін өткізді. Әкенің өнерін өлтірмеген Ардаққа рақметімді айтамын. Мақсаты – әкемнің әндері ұмытылмасын, өнерін ел танысын деген ниет қой.

Жаңбыршы Үсейінов те – міне осы ауылдың азаматы. Сөз өнерін жоғары бағалаған Қамшыбек Ахатаев, ақын Кәріпжан Нүсіп те осы ауылдан шыққан. Тәліпбек Шақбаев, Ардақтың өзі де, ініміз, талантты ақын, «Eqemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев, өмірден ерте озған бауырларым Басқар және Сапар Битановтар, қарындасымыз, әнші-композитор Гүлнұр Өмірбаева, тағы да басқа өнер қонған шеберлер туып-өскен топырағы құтты ауыл.

Көкдөненде бір көшеге Мэлс Өзбековтің есімін бергіздік. Аудан басшысы Қасымхан Төлендиев руханиятқа жаны жақын болған соң, осындай игі бастамаларға көп қолдау көрсетті. Сол кісінің қолдауымен аудандық мәдениет үйіне есімін бердік. Одан басқа да өнер, ұлттық спортты дамытуға үлес қосқан азаматтардың есімдерін жаңғырттық.

-Ән байқауын өткізіп, композитордың әндерін, ескерткіш-бюст қойып, бейнесін жаңғырттыңыз…

-Иә, композитордың әндерін жинақтап жүргенде орталықтағы мәдениет үйінің алдына ескерткіш-бюстін қойсақ деген бір ой туған. Бұрын ол жерде Лениннің ескерткіші тұратын. Болат Құсайынов деген мүсінші бар, соған барып, Мэлс Өзбековтің суретін апарып, ескерткішке тапсырыс бердім. Суреттері ескіріп, анық түскен фотосы табылмай, біраз қиындық туғызды. Сондықтан туысы Тәліпбек Шақбаевты ескерткіштің эскизін дайындау барысында ілестіріп апарып, көрсетіп тұрдым.

Аудан әкімі Абдалы Нұралиевтің қолдауымен ескерткіштің ашылуына орай ауданда 200-дей адамды жиып, үлкен іс-шара өткіздік. Облыстан Әлібек Әмзеев бастаған, Қасымхан Төлендиев бар, біраз руханиятқа жақын кісілер келді.

Қазір барлық салада өзгеріс көп. Дүбәра дүниелер шынайы, саф өнерді сахнадан ығыстырғандай болып тұрғаны жасырын емес. Бүгін екінің бірі – композитор, екінің бірі – әнші. Әйтсе де шынайы өнер иелерінің Шәмшінің, Мэлстің, Әсет Бейсеуовтың әндері, нағыз таланттардың шығармашылығының бояуы өшпейтініне сенемін. Кейінгі ұрпақ өзіне керекті, нағыз ән мұраны өзі іріктеп алады әлі.

Осындай тенденцияға қарамастан, осындай таза өнер иелерінің мұрасын жинақтап, өшпестей етіп сақтап қалу – біздің парызымыз. Әншілердің ішінде қазақы қоңыр даусымен тыңдарманын тапқан Досымжан Таңатаров Мэлс Өзбековтің, басқа да нағыз композиторлардың әндерін жазып, насихаттап жүр. Жақында ініммен сөйлескенімде Мэлстің әндерін жинақтап, республика деңгейінде концерт өткізсек деп бір ой айтты. Расында сол жоспарды жүзеге асырсақ деп ойластырып жүрмін.

Өнерге келуімнің бастауында Мэлс ағаның тұрғанын айттым ғой. Баянмен, домбырамен ән шырқап жүргенімде ол кісі: «Сенің даусыңда бір өзгеше саз, бояу бар. Сен әнді көбірек айт. Әннен алыстама. Сенен бір дүние туары анық», – деп ақыл-кеңесін берген.

Сол сөз көкейімде өшпестей болып ұялап қалыпты. Бертінде қандай қызмет атқарсам да, шығармашылығымды ұмыт қалдырған емеспін. Ән жазып, күй шығарсам, азды-көпті әндерім тыңдарманын тапса, сол өнердегі ағаларымның жылы сөзі демеу болды ма деп ойлаймын. Зейнетке шыққанға дейін өнерден алыс кете алмағаным да содан ба деймін. Өмірде көргенім, көкейге түйгенім – ешнәрсе себепсіз болмайды екен.

-Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support