Бердімбет бұлағы (Шер-ағамның рухымен сырласу) Эссе
Бердімбет бұлағы (Шер-ағамның рухымен сырласу) Эссе
Мен бұл ниетімді өзіңіз ортамызда жүргенде-ақ жүзеге асыра бастағанмын, Шер-аға. Бірақ, қайта-қайта айтпаса Бәукеңнің, Бауыржан Момышұлының 1937-38 жылдары атылып кеткен Алаш арыстарының идеясын қайта тірілткен басты әрі келер ұрпақ үшін өте маңызды ерлігі майдандағы ерлігінің даңқы мен дақпыртының астында қалып кеткені секілді Сіздің де шын ерлігіңіз қазір қаптап шығып жатқан кітаптар мен мақалалардағы «Шер-ағаң олай деп еді, бұлай деп еді» деген дақпырттардың көлеңкесінде қалып қоя ма деп қорқамын. Оның үстіне, Шер-аға қанша жақын жүрдім дегенмен мен Сізді біле бермеппін. «Тау алыстаған сайын зораятыны» сияқты мен де Сіздің көп қасиетіңіздің парқын уақыт өткен сайын ұғынып жатырмын. Сондықтан бұл жолы өзіңізбен сырласып отырып ашқым келеді шын ерлігіңізді. Есіңізде ме, Шер-аға? Жетпіс жылдығыңыздың алдындағы жазда мен Сізге барып сәлем беріп едім ғой. Сол кезде туған ауылыңыз Талаптыдағы ініңіз Батырханның үйінде едіңіз. Мен сонда көркем шығармаларыңыздың бәрін оқып, «мұздай қаруланып» барған болатынмын. Тек жадыма түйіп алған бірнеше сұраққа жауап алсам дегенмін. Басты сұрағым мынау еді. «Интернаттың наны», «Қырық бірінші жылғы келіншек», «Көкемарал гүлдегенде» сияқты көрген өмірінің қайталанбас суреттерін салған жазушының одан кейінгі шығармаларына неге әруақтар араласып кеткен? Бір қызығы ол әруақтар өткен дәуір адамдарының емес жаңа өмірде тың көтеріп, кен қазған қып- қызыл коммунистердің көкейінде жүреді. Неге? Қалай? Шаруамның шарқын шамалаған соң «Көксай жаққа барып қайтайықшы» дедіңіз. Бірақ, ауылдан көп ұзамай-ақ көлікті басқа сайға бұрғыздыңыз. Біз көліктен түсе бергенде сайдан бір топ дуадақ пыр етіп ұша жөнелді де аса әуелемей-ақ сайдың басқа шетіне барып қонды. Соны барлап біраз тұрдыңыз да: «Дуадақтар сондай, жемі мол жерден алысқа ұзамайды»деп өзіңізге сөйлегендей болдыңыз. Содан соң барып: «Бұл – Бердімбет сайы, анау тұма – Бердімбет бұлағы, ал Бердімбет менің атам, Мұртазаның әкесі» деп, бетіме бажырайа ұзақ қарадыңыз. Менде үн жоқ. Тағы айтатыныңыз бар шығар деп күтемін. Ал сіз әжептәуір көлемді сайдың бас-аяғын шолып болған соң бұлаққа қарай жүрдіңіз. Оның айналасын шөп-шалам басып қалыпты. Соны ары-бері сырып, тұманың тұнығын уыстап жұтып, бет-аузыңызды жудыңыз. Содан соң сайдың түйетайлы жарына құйрық басып отырдыңыз да ойға шомып кеттіңіз. Кенет көмекейіңізден мұңлы бір әуен шықты. Патша Балтық теңізіндегі Саарема аралына жер аударған Салауат Юлайдың «Жұлдыздарды көпір қылып жетер ем» деп келетін мұңлы болса да жігері мұқалмаған өршіл жыры. Маған сусын ішіп отырғанымызда ғана тіл бітті. «Коммунист әруақтар» деп бастай беріп едім: «Сен жауабыңды алған жоқсың ба» деп шақ ете қалдыңыз. Үнім қайта өшті де, есесіне санам сан сақты шарлады. Ой, кеш ойлайтын кеще басым-ай. Шер-ағаң бабасының бұлағына алып келгенінің өзі маған берген жауабы емей немене? Осында кіндік қаны тамған Мұртаза еліне «Жұлдыздарды көпір қылып» жете алмай қиырда көз жұмды. Сол бұлақ аршылмай жатыр. Бұдан артық не жауап керек? Сол тұспалдап берген жауабыңыздың шын астарын, Шер-аға, мен бүгін туралап айтсам деймін. Кеңес үкіметі кезінде коммунистік партия жазушыларға көп қамқорлық жасады. Бірақ, оның сұрауы бар еді. Жазушылардан тың көтеру, өндірістерді игеру сияқты нағыз кеңестік өмір шындығын жазып, коммунистердің образын сомдау талап етілді. Шерхан Мұртаза бұл үрдістен шет қалуға тиіс емес еді. Коммунист редактор ретінде тіпті алғы шептен табылуға міндетті болды. Сонда не істемек керек? Қалай жазса өзге қаламдастарының сәтсіздігін қайталамайды? Қызық болғанда Сіз осы бір шиеленіскен түйінді әруақтар арқылы шешіпсіз ғой. Коммунистер Құдайсыз қоғам орнатқан, ал Ислам діні Аллаға серік қостырмайтын заманда Әруақтарды «коммунизм құрылысшыларының» жан дүниесінің аңсаған азығына, санасының адастырмас қара қазығына айналдырыпсыз. Сөйтіп, кен игеру, тың көтеру даңқымен қазақ әдебиетінде осындай «қызық» коммунистердің бейнесі шыға келіпті. («Табылған теңіздегі» Орал, «Белгісіз солдаттың баласындағы» Исатай, «Бұлтсыз найзағайдағы» Нариман, т.б.). Оларды сомдағанда Сіз кейіпкерлеріңіздің орыстанып жатқан қоғамда ұлтсызданып кетпеуін ойлаған екенсіз-ау? Ал ұлтсызданып кетпеу үшін не керек? Ұлтыңның ұйысып тұрған қара қазығына байлануы керек. Қазақтардың бөліну үшін емес бірігу үшін, ұлтын рухтандыру мақсатында пайдаланатын ұран-қазығы осы әруақтар болатын. Тұрақты жері болғанымен тұрақты мекені жоқ халық басқаша біріге алмас еді. Керек болса, мемлекеттік құрылымы, географиялық шекарасы да осы әруақтар еді олардың. Міне, сондықтан да Сіз совет адамының образын әруақтар арқылы жасап, ұлттық болмысыңнан айырылма деген өсиетті сіңіріп отырыпсыз-ау?! Бүкілодақтық, халықаралық деңгейдегі коммунист Тұрар Рысқұловтың да жандүниесін әруақтармен жалғаған жібек жібі бір үзілмейді- ау, үзілмейді. Керек болса, кезінде сыншы Сайлаубек Жұмабеков эпопея деп баға берген бес том романның үш желісінің бірі болып жүреді де отырады. Ол үш желінің біріншісі – бас кейіпкердің көңіл-күйімен үнемі астасып жататын табиғат көріністері, екіншісі – Тұрардың бабасы Әлімбек батырдың, әкесі Рысқұлдың рухтары, үшіншісі, әрине, дүниені астаң-кестең еткен ХХ ғасырдың алғашқы отыз жеті жылындағы бас кейіпкерлердің қатысуымен өткен оқиғалар. Мен, өз басым басқа қазақ романдарынан мұндайды кездестірген емеспін. Демек, бұл жазушы Шерханның басты ерекшелігі. Басқа жазушылардың ойына келмеген, ойына келсе де батылы бармаған ерекшелігі, тіпті ерлігі. Ерлік емей немене 1960 жылы «Социалистік Қазақстан» газеті әлі саяси ақталмаған Тұрар Рысқұлов туралы Байжарасовтың мақаласын жариялағаны үшін Қазақстан КП Орталық комитеті газеттің бас редакторы Қасым Шәріповты орнынан алып тастаған күні Сіз Тұрар көкеңіз туралы роман жазуға тас түйін бекініпсіз. Жиған алғашқы материалыңыз газеттің сол санында жарияланған Тұрар суретінің ретушердан сұрап алған көшірмесі екен. Ал «Қызыл жебе» жарияланған кезде республикада ғана емес, Кеңестер Одағында әлі саяси ақталмаған арыстар туралы мұндай роман туған жоқ еді. Бірінші тәуекелге барған сіз екенсіз, Шер- аға. Сіз, Сталин заманындағы соншалықты қаһарлы Кремль мен Бутырка түрмесінің ішін сипаттаған бірінші қазақ жазушысы болдыңыз. Өзгелер бұл кезеңді аттап өтуші еді. Осынау бес кітаптық романда көркем суреттелген керемет философия бар. Ол философия Рысқұл мен Тұрар тағдыры арқылы көрініс береді. Рысқұлдың трагедиясы – Қызыл жебені (тұлпар) өз қолымен ұрлап әкеліп, Саймасай болысқа тапсыруында. Тұрардың трагедиясы – өз қолымен орнатқан өкіметінің оны «халық жауы» атандырып, азапқа салып, ақыры атып тастауында. Рысқұл Қызыл жебенің бағын ашамын деп ойлады, нәтижесінде Саймасайдың қолынан сәйгүліктің қаны шашылды. Тұрар халқын ұшпаққа шығарамын деп ойлады. Нәтижесінде оның аштан қырылғанын көрді. Автор философиясы бойынша бұл трагедия неше ықылым заманнан бері қайталанып келеді. Авторитарлық жүйе жойылмаса әлі де қайталана береді. Шер-аға, сіз «менің қос қанатым бар, бірі – жазушылығым, екіншісі – журналистілігім» деуші едіңіз. Шынында да алпысыншы жылдары «Шерхан редакторлықтан кетсе, жазушылықтан да кетеді» деп сынағандар қатты қателесіпті. Сіз «ертеден шапса кеште озған, еңістен шапса төсте озған» нағыз ерен жүйріктің өзі болып шықтыңыз. Жазушылығыңыз үдегені сонша эпопея жаздыңыз, ал редакторлығыңыз Парламент депутаттығына ұласып, мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілдіңіз. Қайраткерлігіңіздің басты ерекшелігі – қасыңызға кіл таланттарды топтастыра алдыңыз. Содан да «Лениншіл жасыңыз» туралы ойласам ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газеті (1913-1919 ж) есіме түседі. Ахаңның айналасына топтасқандар «Алаш» партиясының, Қазақ автономиясының бағдарламаларын жасауға белсене атсалысты. Ал «Шерханның шекпенінен шыққанбыз» дейтіндер арнайы бағдарлама жасамаса да, әлі ақталмаған арыстарды бағдарға алып (өйткені сіз оны қаладыңыз), ту, сонау тоқырау заманында-ақ ұлт рухын қалай көтергеніне сіз басқарған басылымдардың барлығының таралымы күрт өсіп жатқаны куә еді. Сол бағдарды сіз «Жасасын Лениндік ұлт саясаты!» деп кеңестік-коммунистік қаулыларды орындап жүріп-ақ бере алдыңыз. Өйткені тоталитарлық жүйелерде үйреншікті болып кеткен сөз бен істің алшақтығына шамаңыз жеткенше жол бермедіңіз. Қаулыны арқаланып, кезеңдік басшының қас-қабағына қарамайтын табандылығыңыздың бір-екеуін ғана мысалға келтірейінші. Сіз Қазақстан телерадиосына басшы болып келген соң (1992 ж. қазаны) бұл саладағы қазақ хабары 70 пайызға дейін жетті. Сіз, сол үшін ешқандай басшының қас-қабағына қарамай күрестіңіз. Солтүстік облыстарға ұшып барып, олардың әкімдерімен ырғасып отырып телерадиоларындағы орыс тілді төрағаларды қазақ тілді төрағалармен ауыстырып жүргеніңізде Алматыдағы кеңсеңіздің алдында «Шерхан Мұртаза – ұлтшыл!» деп ұрандатқан топ кетпей тұрып алған күндер де болып еді-ау! Сізге дейін ешқандай төраға атқара алмаған телеорталықты бір сағаттың ішінде шығармашылық топқа қосып, бюрократиялық кедергілерді жойғаныңыз да ерлік еді-ау. Ал 56 пәтерлік бір үйді түгелдей телерадио қызметкерлеріне алып бергеніңіз ше? Бұл да ешқандай басшы атқара алмаған жұмыс болатын. Рас, Жұмабек Тәшенев бір үйді түгелімен қазақ зиялыларына бергізген дегенді еститінбіз. Бірақ, ол кісі қолында билігі бар үкімет басшысы еді ғой. Дегенмен Жұмабек Тәшеневтің сол ерлігін қайталауыңыз ұлтын шын сүйген адамдар ғана осындай кесек әрекеттерге бара алатынын көрсетті. Сіз, жазып отырып Тұрар көкеңізді көрдім деп едіңіз ғой, Шер-аға. Тереземнің алдына келді дегенсіз. Мен де сізді түсімде көрдім. Баяғы сол Бердімбет атаңыздың бұлағының басында екенбіз деймін. Бұлақтың айналасы қорыстанып, жайылып жүрген дуадақтар тіпті көбейіп кетіпті. Кенет ғайыптан қыс түсе қалды. Ал сіз болсаңыз қос қанатыңызбен әуеде ұшып жүрсіз. «Қаңтардың суығы қатты тиді-ау» деген екенсіз деймін. Даусыңызды естімесем де, солай деп айттыңыз екен деймін. Сөйттіңіз де Алатауыңыздың ақ сүңгі шыңдарын бетке алып алыстап бара жаттыңыз. Ал мен болсам «әруақ, дуадақ» деп міңгірлегеннен артыққа тілім келмей қала бердім...
Елен ӘЛІМЖАН.
Тараз қаласы.