Экономика

Қазыналы Қаратау

Қазыналы Қаратау

Қаратау қаласы кешегі кеңес заманында жасыл-желегімен, архитектуралық ерекшеліктерімен республикадағы шағын қалалардың алдында болды. Тоқсаныншы жылдардың басындағы экономикалық қиындықтар өндірісті қаланың тыныс-тіршілігіне кері әсер етті. Одақ ыдыраған соң, Кеңес одағының әр қиырынан келген өзге ұлт өкілдері өздерінің тарихи Отанына қоныс аударып жатты. Тіпті қазақ елінің әр өңірінен келген жергілікті ұлт өкілдері де Астанаға, Алматыға, Таразға, басқа да облыстарға жаппай көшіп, көптеген көпқабатты үйлер қаңырап бос қалды. Қаратаулықтар жарқын күндердің, жақсылық кезеңінің келетінін, туған қаласының қайта көркейіп, гүлденетініне сенді. width=

Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау-көмек бар, облысты әр жылдары басқарған әкімдердің қамқорлығы бар қаратаулықтар қаланы қайта көркейтуге білек сыбана кірісті. Басқарудың әкімдік жүйесі енгелі бері қаланы, ауданды басқарған азаматтар да Қаратауды қайта қалпына келтіруде аз еңбек сіңірген жоқ. Оны 2005 жылы «Aq jol»-дың Сарысу және Талас аудандарындағы тілшісі болып жүрген кезде өзіміз де облыстың бас басылымына үздіксіз жазып келдік. Бүгінде Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков қаланың, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев аудан әкімі еді. Осы екі азаматтың командасымен күндіз- түні аттан түспей, тынымсыз еңбек еткені көз алдымызда. Бұл кісілерден бұрын да, кейін де қала, аудан басқарған азаматтар да қаланы қайта қалпына келтіру жолында аянбай еңбек етті. Олар аудан орталығы – Қаратау қаласы көркейіп, қуатты қалаға айналса, аудан да өсіп-өркендей түсетінін білді, сөйтіп барын да, жанын да салды. – Қалада 30725 адам тұрады. 152 шағын және көпқабатты, 4630 жеке сектордағы үй, 76 әлеуметтік нысан бар. Облыс әкімінің тапсырмасын басшылыққа ала отырып, қала тұрғындарымен тұрақты түрде кездесулер өткізілуде. Биылғы сәуір айынан бері 81 отбасының әлеуметтік және тұрмыстық жағдайы зерделеніп, сұраныстары қанағаттандырылды. Тұрмысы төмен көпбалалы үш отбасы «Асар» жобасына енгізіліп, сонымен қатар жалғыз басты зейнеткердің үйінің шатыры жаңартылды. Ұлы Отан соғысының ардагері және мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын көпқабатты тұрғын үйлердің баспалдағына пандус қойылды. Бірқатар көпқабатты үй тұрғындарының сұранысы бойынша гүл, тал егетін орындар ретке келтірілді. Мақұлбек елді мекеніндегі арықтар тазартылып, жылыжай кешендерін кеңейту мақсатында үш кәсіпкерге қосымша жер телімі берілді. «Флора» саяжайындағы төрт гектар алқап тазартылып, тегістелген жер телімдері жылыжай кешенін ашуға ниетті бағбандарға берілуде. Биыл үш жылыжайда көкөніс өндіріліп, өнімдері Қаратау және Жаңатас қаласының тұрғындарына ұсынылуда. Ал инфрақұрылымының дамуы, абаттандыру барысы, тазалығы, тағы басқа тірлігін қаланы аралап, бірге көрейік, – деді Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетов. І.Жансүгіров, Ы.Алтынсарин, А.Байходжаев, Ә.Молдағұлова, Арыстан баб, Б.Қарашаұлы көшелеріне және қаланың оңтүстік кіреберістегі 4,1 километр жолға 433 175 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Күншығыс беттегі А.Иманов, А.Байходжаев, Ғ.Мұратбаев, Ш.Смаханұлы, Қ.Сәтбаев көшелеріне 160 диодты түнгі жарықшамдар орнатылған. № 3 шағын аудандағы № 48, 49, 50 және 51 үйлердің аулаларына 25 бағана орнатылып, көше жарық шамдары қойылған. Қаланы жарықтандыру әлі де жалғаса беретін көрінеді. Ә.Молдағұлова көшесіндегі № 55, 57 және Ә. Ақшораев көшесіндегі № 5, 9, 14, 16-шы үйлердің аулаларына 10 миллион теңгеге диодты жарықшам орнату жоспарланыпты. Жобалық- сметалық құжаты дайындалып, бюджеттік өтінім беріліпті. Қаратаулықтар спортқа жақын екенін бұрыннан білеміз. Аталарының, әкелерінің осы жолын ұстанып, спортпен шұғылданып жүрген жастар аз емес. Қаланың қай жағында да доп қуған жеткіншектерге көз түсті. Біздің балалардың ойынына сүйсіне қарап қалғанымызды сезген қала әкімі «No3 шағынаудандағы № 51 үйдің ауласындағы спорт алаңы, «Жастар» және «Орталық» саябақ ішіндегі волейбол, баскетбол, футбол алаңдары жаңартылып, пайдалануға берілді. Д.Нұрпейісова көшесіндегі ескі балабақшаның орны құрылыс қалдықтарынан тазартылып, 26 миллион теңгеге шағын футбол алаңы мен «Street Workout» соғып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта қаланың «Шанхай» және «Городок» бөлігіндегі футбол алаңшаларын қайта жаңғыртудан өткізу жоспарлануда», – дейді Д.Баймбетов. Қала әкімі А.Шейн және Б.Момышұлы көшелерінің аралығына мешіт жанынан жаяу жүргіншілерге арналған жол түсетінін, Б.Момышұлы көшесі бойынан 5 588 мың теңгеге жасыл желекті суландыру жұмысы жүргізілгенін де еске салды. Қала әкімі алдағы жылға жоспарланған тірліктен де хабардар етті. 47 көшенің жобалық-сметалық құжаты дайындалып, келер жылға 18 көшені жөндеу жоспарланыпты. Алдағы жылы да жөндеу, абаттандыру жұмыстары тым ауқымды көрінеді. Жыл өткен сайын жасарып, көркейіп жатқан Қаратауда кәсіпкерліктің де қанат жайғаны қуантты. Шағын инвестициялық жобаларды дамыту барысында 478 миллион теңгені құрайтын 45 жоба әзірленіп, оны қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктерге ұсыныстар берілген. Оның ішінде бес жоба бойынша 72 миллион теңге алынып, кәсіптерін ашуда. Қалған жобалар да өз қолдауын тауып, кезең- кезеңмен қаржыландырылатын көрінеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында былтыр екі жер телімі аукцион арқылы берілсе, биыл 13 жер телімі уақытша және жекеменшікке беріліпті. 101 қайтарымсыз грант беру жоспарланып, бүгінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 78 адам оқытылуда. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында 212 адам жұмыспен қамтылмақ. Бүгінде қалада 229 жеке кәсіпкер қаратаулықтарға және ауыл тұрғындарына түрлі қызмет түрлерін ұсынады. Алдағы жылы сүт өңдеу, балық өңдеу цехын, көкөніс сату орталығын ашу, үш жылыжай кешенін кеңейту, тағы басқа да инвестициялық жобалар жоспарланыпты. Осы жобалар іске асқанда 33 адам жұмыспен қамтылатын көрінеді. Қалада болсын, ауылда болсын шешімін күткен мәселе болады. Таластықтар өздерінің шама- шарықтарынша ондай түйткілді шешіп те жатыр. Кейде өзекті мәселе қыруар қаржыға тірелетіні бар. Қазір қаладағы бос қалған жеті көпқабатты тұрғын үйдің үшеуі коммуналдық меншікте болса, төртеуі жекеменшік иелігінде екен. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж ретінде 1523 адам тіркелгенін ескерсек, бос үйлерді күрделі жөндеуден өткізіп, пайдалануға берілсе баспана кезегінде тұрғандардың саны 500-ге жуық кемитін көрінеді. Жекеменшіктегі Б.Момышұлы көшесіндегі № 10 үйде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал коммуналдық меншіктегі көпқабатты үйлерге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, облыстан қаржыландыру күтілуде. Дегенмен қала әкімінің пікірінше қалалықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бірнеше көпқабатты тұрғын үй салу қажет. Тәуелсіздіктің елең-алаңында бір қоғамнан екінші қоғамға өткенде кездеспей қоймайтын қиындықтарды еңселері түспей еңсеріп шыққан қаратаулықтардың төзімділігі мықты. Қайта туған қалаларын аяғынан нық тұрғызу жолында аудан, қала басшылығымен бірге тынымсыз еңбек етті. Енді, міне, қыздың жасауындай қайта құлпырып, ажарлана түскен қалада балалары, немерелерімен бірге алаңсыз ғұмыр кешуде. «Баспана – бақыт» екені рас. Облыстың бюджеті молая түссе, Қаратауда көпқабатты тұрғын үйлер де бой түзер. Оның үстіне моноқала Қаратауға Үкімет те қаржы бөлер, инвесторлар да көмек қолын созар. Сәтін салса, сол кезде тұрғын үй кезегі деген атымен болмайды.  

Амангелді ӘБІЛ

Талас ауданы.