Баянын тапқан бастама
Баянын тапқан бастама
Таразда «Ардагерлер үйі» салынуда
Еліміздің экономикасы қарыштап дамуына байланысты облысымызда көптеген әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне берілуде. Кейінгі кезде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың бастамасымен ауылдық елді мекендерде мәдениет ошағы – клубтарды жөндеу қолға алынуда. Бүгінде біраз осындай мәдени нысандар жұмысын қайта жандандыруда. Осыған дейін ел арасында ардагерлер басқосып, кеңесіп, сырласатын және демалатын орын керек деген әңгіме ара-кідік айтылып жүретін. Әлбетте, еліміз, оның ішінде облысымыздың өсіп-өркендеуі, гүлденуі жолында аянбай тер төгіп, өз үлестерін қосқан аға-ұрпақ өкілдері қандай құрметке болса да лайық. Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаевтың қолдауымен осы игілікті істі жүзеге асырудың сәті биыл түсті.
Қазір Тараздағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтың қасында үстіміздегі жылдың 2 қыркүйегінен бері «Ардагерлер үйінің» құрылысы жүргізілуде. Нысанның жобалық-сметалық құны – 120640 мың теңге. Оны салумен «Жамбылхимстройинженеринг» ЖШС шұғылдануда. Ғимарат биыл жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Ашығын айту керек, бір топ ардагерлер үздіксіз өтініш жасап, жүгірмесе, бұл іс биыл қолға алынар-алынбасы екіталай еді. Солардың арасында есімі облысқа кеңінен танымал, ұзақ жылдар басшылық қызметте істеп, өңіріміздің өсіп-өнуіне зор үлес қосқан ардагер ағамыз Халел Бейсеевтің есімі ерекше құрметке лайық. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, Халел ағамыз нысанды жобалаудан бастап, оны мемлекеттік сараптамадан өткізуге, тиісті қаржының бөлінуіне, бүгінде оның құрылыс ережелері мен нормаларына сәйкес жүргізілуіне белсене атсалысып келеді.
Қазір де оны жұмыс сапасына қадағалау жасап, құрылысшылардың арасында жүргенін жиі көресіз. Соның нәтижесінде қазір бөлінген қаражаттың 80 миллион теңгеден астамы игеріліп, негізгі жұмыс аяқталды. Бүгінде мұнда әрлеу, есік-терезесін орнату қолға алынуда. Үш қабатты ғимаратта ардагерлерге арналған әдістемелік, мәдени іс-шаралар өткізетін және демалатын бөлмелер бар.
Рахманқұл Байтелиев, облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.