Қарбаласқа толы қала тіршілігі
Қарбаласқа толы қала тіршілігі
Әлбетте, проблемамен танысу, оны назарда ұстау бар да, оның орындалуы тағы бар. Халыққа керегі де сол, айтылған мәселенің орындалуы, шешілуі. Бұл ретте қаланың жаңа басшысы мәселені екіге бөліп қарастырмақ екен. Бұл жөнінде Тараз қаласы әкімінің қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі Зарина Қуатова: «Айтылған проблемалар шұғыл және қаржы талап ететін болып қарастырылуда. Мәселен, өткен аптада БАҚөкілдерімен кездесуде бірнеше мәселе көтерілген болатын. Солардың бірқатарына тоқталып өтсем. Мысалы, бұрынғы «Көк базар» орталықта жұмыс істеп тұрған кезде А.Асқаров, А.Пушкин көшелері бір бағытта болғандығы анық. Бүгінде ол өзектілігін жойғандықтан, қайта екі бағытта автокөлік қатынайтын жол ретінде қарастыру, No15 шағынаудандағы «Бүркітәлі» жекеменшік мектебінің алдына жол белгісін орнату ұсыныстары айтылған еді. Айта кетерлігі, аталған мәселелерді басқа да қала тұрғындары әлеуметтік желіде көтерген болатын. Өткен аптада екі көше де зерделенді. А.Асқаров көшесі 2 бағыттық ретінде қайта ашылатын болды. Бірақ алдымен бағдаршам қою жұмыстары жүргізілмек. Ал А.Пушкин көшесінің бойында No 1 гимназия, полиция басқармасы, мектептен тыс іс-шараларды ұйымдастыру бөлімі, медицина мекемелері орналасқандығын ескере отырып, бұл көше бір бағыттағы автомобиль қозғалысымен қалатын болды» деген пікір білдірді. Айта кетейік, бүгінгі таңда жекеменшік мектеп маңына жол белгісі қойылып, жүргіншілер жолағы салынды. Сондай-ақ жолдың екі жағындағы лотокқа өткел салу жұмыстары да қоса жүргізілмек. Қала тіршілігі қашанда қарбаласқа толы. Күндіз де, түнде де бір дамылдамайтын шаһардың гүлденуі үшін қалтқысыз қызмет ету әкімнің де, әрбіріміздің де тікелей міндетіміз.
Маржан РАҚАЙ
Тараз қаласы.