Туған жер
Туған жер
Тапқаныңнан жат жерде алтын уыстап,
Туған жерде жүрген артық ту ұстап. Елге еркелеп жүргеніме қуанам, Атамекен ауасымен тыныстап.
Ортақ бесік әруақ пен тірі үшін, Сені сатып көрген күнім құрысын. Сенен артық мекенді мен таппаспын, Дүниенің кезсем де төрт бұрышын.
Сенен мені айыра алмас тегі ешкім, Өзіңнің бір бөлшегіңмін деп өстім. Өзгермеймін өзегімнен тепсең де, Өйткені, мен өгей балаң емеспін.
Безе алмаймын ащы екен деп суыңнан, Сол суыңнан нәр алғам мен, жуынғам. Безе алмаймын жаңбырсыз деп жазыңнан, Аңызақ пен аптабыңнан қуырған.
Қаталдығыңа қарамастан сүйем мен, Саған ғана сан сындарда сүйенгем. Жанға жайлы жаққа кетіп қалуға, Жан мекенім, қорқам сенің киеңнен.
Сенде жатыр бабаларым ақылды, Сәл ұзасам, солар мені шақырды. Ұшқан ұям өзің едің алғашқы, Қонар жерім сен боларсың ақырғы.
Нарша ҚАШАҒАНҰЛЫ.