Денсаулық

Ақынның аты өлмейді

Ақынның аты өлмейді

Қазақ айтыс өнерінің шоқжұлдызы, тамаша талантымен Алты алашты тәнті еткен Әзімбек Жанқұлиев қазақ руханиятындағы аяулыесім. Бар болғаны 41 жыл ғұмыр кешкен ақынның атамұра айтысқа сіңірген еңбегі орасан. Сонау сексенінші жылдары Қызылорда Ғани Мұратбаевтың құрметіне арналған республикалық комсомолдар айтысында жасындай жарқылдаған Әзімбек ұзақ жыл айтыс аспанында жұлдыздай жанып тұрды. Өмірі қысқа болғанымен, Әзекеңнің артында талай жас ұрпаққа тәрбие болатындай мұра қалды. Көзі тірі болғанда ақын биыл 60 жасқа толар еді. Әз-ағаның тойына ортақтасып, дүркіретіп жатар едік. Амал қанша?

Әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен еске алу кешін Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулет ашып, аяулы айтыскердің қазақ өнеріне сіңірген елеулі еңбегіне тоқталып, ақынның бауырлары Алтынбек Жанқұлиев, Мейізкүл Жанқұлиеваға аудан әкімінің атынан құрмет көрсетті. Кешті ақын, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыр жүргізіп отырды. Мұнан соң айтыскер ақын Болат Басығараев арнау өлең айтып, Әз-ағаңа деген сағынышын өлең жолдарымен жеткізді. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан, ақын Ербол Қамбатыр Әзімбек ақын жайлы жылы естеліктер айтып, тапқыр шумақтарынан үзінді келтіріп, сағынышпен сыр шертті. Ақындар Бақытжан Советұлы, Жанат Тұрғымбаев та әдемі, мөлдір естеліктер айтты. «Интернационалист жауынгерлер» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Керім Ізбасаров барша ауған ардагерлері атынан сөз алып, Әз-ағаның ерлігі мен айтыстағы еңбегін жоғары бағалайтынын жеткізді. Байзақтық жыршы-термеші Ертай Тазабеков терме орындап берді. Жас айтыскер Дархан Әбдіманат Есет Досалымен айтысып, Әз-ағаның лайықты ізбасары екенін толғана жырға қосты. Әз-ағаның бауыры Алтынбек Жанқұлиев сөйлеп, өмірден ерте озған ақын бауырына жасалып жатқан құрмет, еске алу іс- шаралары үшін Байзақ ауданы әкімдігіне, жаны ізгі азаматтарға алғысын білдірді. Әзімбекке арналған айтыс, спорттық іс- шаралардың қасында үнемі өзі куә болып жүретініне тоқталды. Іс-шара соңында байзақтық мектеп оқушылары Әзімбек Жанқұлиевтің жырларын жатқа оқыды. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінің әншілері сағынышқа толы ән шырқады. Кешке жиналған көпшіліктің көңілінде аяулы Әзімбек ақынға деген сағыныш пен құрметтің тұрғаны анық.

Есет ДОСАЛЫ.