Жаңалықтар

Тарихи тұлғаларға тағзым

Тарихи тұлғаларға тағзым

Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған «Алдаспандай жарқыраған сайыпқыран» атты еске алу кеші өтті. Іс-шараға Шерағаны жақсы білетін қаламдас інілерімен, туыстары шақырылды. ШЕРХАН ШЫҒАРМАЛАРЫНАН КИНО ТҮСІРІЛСЕ...

Кешті аталған кітапхана директорының міндетін уақытша атқарушы Толқын Күзенова ашып, жүргізіп отырды. Кеш қонағы, бауыржантанушы Бекет Момынқұл Шерхан Мұртазамен бірге жүрген шақтарынан сыр шертіп, жазушының мінездері туралы жылы естеліктер айтты. Мұнан соң ҚР ақпарат саласының үздігі Ақылжан Мамыт Шерхан Мұртазамен туыс болып келетінін айтып, халық жазушысының туған ауылына келген сәттегі әсерлерімен бөлісті. Ол Шерағаның «41-ші жылғы келіншек» атты кітабындағы негізгі кейіпкерлер өзінің айналасындағы адамдар екеніне тоқталып өтіп, жазушының шығармалары желісімен фильмдер түсірілсе деген ұсынысын айтты. Жас айтыскер ақын Дидар Апбасов өзінің арнауында режиссерлар Шерхан Мұртазаның өзі жайлы да фильмдерді ойластырса деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамарова Шерағаның бала күнгі жазған күнделіктері мен хаттарына тоқталып, әлі де зерттей беретіндерінен айтты. Іс-шарада бірқатар мектеп оқушылары Шераға шығармаларынан үзінділер оқыды. Жиынды Т.Күзенова қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді. ҚОНАЕВ ЖАЙЛЫ ҒЫЛЫМИ ІЗДЕНІС БОЛСА... Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына орай «Тарих. Тұлға.Тағдыр» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара облыс әкімдігі білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл іс-шараны аталған кітапхана директорының міндетін уақытша атқарушы Толқын Күзенова ашып, жүргізді. Жиында халықаралық «Д.Қонаев қоры» облыстық филиалы директорының кеңесшісі Жапар Күздеубеков, аталған қордың Талас аудандық филиалының төрағасы Лес Нұрұлы сөз алып, алып тұлғаның есімін құрметтеу мақсатында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев және аталған университеттің тарих және география кафедрасының меңгерушісі Ермек Серікбаев Алатаудай асқақ тұлға Қонаевтың адамшылық, ізгілік асыл қасиеттеріне тоқталып, Қонаев жайлы ғылыми ізденіс өте қажет екенін баса айтты.  

Есет ДОСАЛЫ