- Advertisement -

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа өнеге

96

- Advertisement -

«Мен атамды көргенім жоқ. Бірақ оның өмірі, соғыстағы ерліктері жайлы көп естідім. Биыл атамның туғанына 100 жыл толуына орай, осы зерттеу жұмысыма «Менің атам – менің мақтанышым» деген тақырыпты таңдап, атам туралы көп мағлұматтар жинадым. Атамның еңбегін, ерлігін өнеге тұтып, мақтан етемін!..»

Осыдан он бір жыл бұрын (2011) Қордай ауылындағы Ломоносов атындағы мектептің үшінші сынып оқушысы Ақжол Шахтербекұлы майдангер атасы туралы жазған зерттеу еңбегін осылай бастаған екен. Иә, ол атасын көрген жоқ. Сексен жеті жасты еңсеріп 1998 жылы дүниеден озғанда майдангердің бұл жиен немересі әлі жарық дүние есігін ашпаған да болатын. Бірақ бойында нағашы атасының да қанын бүлкілдетіп тұрған бармақтай жүрегі тынбай іздеді, аңсады, ақыры тапты. Жүректен шыққан сөздерді балғын саусақтарын майыстыра отырып оқушы дәптеріне маржандай тізді.

Бүгінде Алматыдағы халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің төртінші курсында оқитын Ақжолдың атасына деген ыстық ықыласы анасының, бауырларының, майдангердің көзін көрген үлкендердің естелік әңгімелерінен қалыптасқан. Иә, соғыс және еңбек ардагері Сәскебай Шубаевты кезінде бүкіл ауылдастары, аудан төрге оздырып құрметтейтін еді ғой.

Ол кісінің мереке күндері киіп шығатын костюмінің омырауын жапқан орден, медальдарының өзі-ақ оның қан майданда осал соғыспағанын сездіретін. «Ерлігі үшін» медалі (1943ж. 2 қазан), «Қызыл Жұлдыз» (1944ж. 5 ақпан), II дәрежелі Отан соғысы (1944 ж. 17 желтоқсан), I дәрежелі Отан соғысы (1945ж. 3 мамыр) ордендері және әрқайсысы бір орденге татитын бес бірдей сталиндік Алғыстар … Қан майданнан тағып қайтқан бұл жауынгерлік наградаларының әрқайсысының өз айтары бар. Қай-қайсысы да жан алып, жан беріскен небір алапат шайқастардың, ажалмен бетпе-бет келген ұрымтал сәттердің белгісі. Ал соғыстан кейінгі жылдары алған мерейтойлық төсбелгі, медальдары омырауын түгел жапқандай еді ғой.
Майдангердің қанды көйлек қаруластарымен хат алмасулары да оның соғыста көптің бірі емес, бірегейі болғанын көрсететін. Қараңыз:

«Қымбатты Шубаев Сәскебай! Червонодонецк No2 орта мектебінің қызыл ізшілері Сізді ССРО Қарулы Күштерінің 70 жылдығымен құттықтайды. Сіз оның лайықты өкілі болдыңыз және өз балаларыңыз бен немерелеріңіздің өмірі арқылы әлі қатарда келесіз. Жас ұрпақты біздің советтік Отанымызға шексіз берілгендік рухында тәрбиелеуде табысты бола беріңіз.
Қызыл ізшілер штабы».

***
«Біздің майдандас досымыз Сәскебай! Өзіңді, отбасыңды 1 май және бәріміз үшін қымбатты Жеңіс күні мерекелерімен құттықтаймыз. Барлығыңа мықты денсаулық, көктемгідей көтеріңкі көңіл-күй, барлық игілікті, ең бастысы көптеген бейбіт те тыныштықты жылдар тілейміз.
Қолдарыңды қысып, беттеріңнен сүюші өздеріңнің Вера Константиновна мен Леонид Александрович Петровтар».
***
«Қымбатты жауынгер досым Сәскебай!
Хатыңды алып қуанып қалдым. Уақыт өз дегенін істеуде, қатарымыз селдіреп барады. Өткен жылы комбатымыз Федор Викторович Худзик бақилық болды. Менің де «моторым» жиі сыр беріп қалып жүр, өткенде алған жүрек талмасынан кейін қалпына келер емес. Ал Вера Константиновна болса қазір ауруханада жатыр. Сенде бәрі жақсы екенін естіп қунып отырмын. Аман болайық. Қолыңды қатты қыстым, қарулас досың Петров. 17 ақпан 1995 жыл».

Хаттар, ашық хаттар, жеделхаттар… «… аймалап сүюші Никитаң», «өздеріңнің Поля және мен», «байырғы қаруластарың» деп қол қойған хат-хабарлар Қасық ауылында тұратын майдангер Сәскебай Шубаевтың пошта жәшігіне әр мереке сайын үйіліп-ақ қалатын. Ал Сәкең оларды ұқыптап жинап, әрине, өзі де қолына қалам алып сағынышты сезімдерін достарына білдіргенше асығатын еді. Челябинскде тұратын М.А.Папиш, томскілік Н.А.Гордиенко, Первомайский қаласынан А.Ф.Вишневский, Волгоградтан Ф.В.Худзик, Тираспольден Михаил және Раиса Майданиковтар, дивизияның бас дәрігері болған мәскеулік Вера Константиновна мен оның жұбайы бұрынғы комбат Леонид Александрович Петровпен араларындағы байланыс желісі бір сәт те үзілген емес-ті. Олардың достығының тамыры тереңде – сонау от оранған жылдарда болатын. Ел басына күн туған қасіретті шақта оларды бір тілек табыстырып, туысқа бергісіз жақындастырып жіберген еді.

…Қасықтық С.Шубаев Алматыдағы үш айлық сержант мектебінен сапер болып шығып, соғысқа 1942 жылдың көктемінде Калинин майданында кірді. «Саперлер бір-ақ рет қателеседі», сәл жаза бастың-ақ миналанған алаңнан тірі шығуың екіталай. Сәкең де талай мәрте өлім аузынан қалды. Алғаш рет оң иықтан ауыр жараланды. Жарақатынан емделіп Горкий госпиталінде аттай алты ай жатты. Қайтадан майданға кіргенде мүлде басқа ортаға – 228 Вознесенскілік атқыштар дивизиясының 81-ші саперлар батальонына түсті. Осы құрамда Жеңіс туы желбірегенше қызмет етті. Саперлар бөлімшесінің командиріне, аға сержантқа өсті. 1943 жылдың қақаған ақпан күнінде автоматын кеудесіне қыса ұстап ВКП(б) мүшелігіне өтті. Тағы да қанды шайқастар, тағы да екі мәрте тамағынан және оң аяғынан ауыр жарақат алды. Әр жазылып шыққан сайын өз бөлімшесіне, қаруластарына барып қосылуға тырысатын.

1943 жылы Молдавияның Тирасполь қаласындағы жау бекінісін талқандау жолындағы бір айға созылған қиян-кескі шайқастың өзі бір қиямет еді. Немесе, Венгрияның ағыны арынды, аса терең, ені 50- 60 метр болатын Тисса өзенінен түн жамылып пароммен талай әскерді Сегед қаласы бағытына қарай өткізгені ше. Бірде сегіз сапер паромды кері алып қайтарда жау сезіп қалып, қарудың барлық түрімен атқылап паромның тас-талқанын шығарып, суға батырып жібереді. Сол жолы алты жауынгер суға кетіп, Сәскебай мен тағы бір солдат екеуі су бетінде қалқыған әлдебір бөренеге жармасып ағынмен бірге кетеді. Тастай суық су қапсыра құшақтап алған бөренемен бірге аяқ-қолын қатырып тастаған. Талай жерге ақса керек, жағалаудағы жолдастары бөренемен бірге қатып серейген оларды ағашымен қоса судан шығарыпты. Тұла бойларын спиртпен ысқылап, әлден уақытта жан шақырып, әупіріммен аман қалған

… Бұдан кейін де Тиссаның қарсы бетіндегі әскерлерге тәуліктер бойы дамыл таппай оқ- дәрілер, азық-түліктер тасымалдады. Ақыры үш күн, үш түн дегенде жаудың қарсылығына қарамастан, Сегед қаласы алынады. Бұл жолғы ерлігі Жоғары Бас қолбасшының алғысымен бағаланады: «Тисса өзенінен өтудегі және Венгрияның ірі саяси-шаруашылық және әкімшілік орталығы Сегед қаласын алудағы ерлігіңіз үшін Сізге, аға сержант, взвод командирінің орынбасары Шубаев Сәскебайға Жоғары Бас қолбасшы Совет Одағының Маршалы Сталин жолдастың 1944 жылғы 11 қазандағы бұйрығымен алғыс жарияланады.

383 саперлік батальонның командирі капитан Худзик».

Бұл С.Шубаевтың сұрапыл соғыста жауынгерлік үш орден, бір медаль, сталиндік бес алғыспен бағаланған көп ерліктерінің бірі ғана.

С.Шубаев кейіннен өзі соғысқан жерлерде үш мәрте болып қайтты. Алғаш рет 1976 жылы Мәскеуде ерлі-зайыпты Петровтарда қонақ болды. 1984 жылы жазда 53-ші Армияның соғыс қимылдары басталуының 40 жылдығына арнайы шақырылғанда өзі қорғаған Тираспольді көрді. Бұдан соң әйелін, баласын ертіп Украинадағы қаруластарын аралап қайтты. Өз бөлімшесінің жауынгері А.Ф.Вишневский де бала-шағасымен Сәкеңнің Қасықтағы үйінде бір айдай жатып қонақ болған-ды. Хат-хабар алмасулар өз алдына, жүзбе-жүз кездесулердің жөні бөлек, жанарларға жас толып, көңілдері босап шер тарқатады дейсің бір. Майданда шейіт болған қаруластарын еске алысып, өздерінің де жыл айналып Жеңіс күні келген сайын бір жасқа қартая түскенін сезіп мұңайысатын. Қаруластары Ф.Худзик пен Л.Петров «Жеңістің қара жұмыскері» деген естелік кітабында батыл да епті бөлімше командирі, қордайлық қазақ досының есімін ілтипатпен еске алыпты.

Екінші топтағы соғыс мүгедегі С.Шубаев соғыстан кейін де өнегелі өмір сүрді. «Талапты» кеңшарында әртүрлі жұмыстар атқарды. Зайыбы Бәтима екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиеледі. Ұлы әскерге шақырылғанда ақ батасын беріп аттандырған болатын. Оның ұғымында әскерге бармау – Отанын сатқанмен тең абыройсыздық, барлық ер азамат солдат шинелін киіп, әскери дайындықтан өтуі тиіс. Абас Шубаев 1981-83 жылдары Ауғанстанда борышын өтеп, талай қанды шайқастарға қатысты. Дұшмандармен сондай бір ұрыста ұлының ауыр жараланып үйге құр сүлдері қайтқанда қарт сарбаз соғыс атаулыға тағы да лағынет жаудырған еді.

Шүкір, Абас жазылып кейін кеңшарда еңбекке араласты. Ата-анасын қуантып қара шаңыраққа келін де түсірді, үбірлі-шүбірлі де болды. Кейінірек Абастың да үш ұлы атасы мен әкесінің даңқты жауынгерлік жолын жалғастырып тәуелсіз Қазақстанның әскерінде-сержант Абасбек Шубаев Семейде автополкте жүргізуші, аға сержант Қуатбек Қапшағайда десантшы, қатардағы жауынгер Батырбек Өскеменде жаяу әскерде қызмет етті. Бүгінде әрқайсысы жеке отау құрған, кәсіпкерлікпен айналысып атадан қалған қара шаңырақтың орнында зәулім үй тұрғызып жатыр екен. Абастың қыздары Маржан мен Мейрамкүл де өсіп-өнген шаңырақ иелері.

Ал Сәскебай атаның о бастан үй шаруасына мығым қызы Орынкүл жеке кәсібін дөңгелентіп отырса, ұстаздық жолды таңдаған Балжан мен оның жұбайы Шекербек аудан орталығында тұрады. Жоғарыда айтылған өзі көрмеген нағашы атасы туралы он жасында- ақ тебірене толғайтын Ақжол осы кісілердің ұлы. Ол аудан орталығындағы Ломоносов атындағы мектептің сегізінші сыныбынан кейін, Алматыдағы Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық физика-математика мектебін бітіріп, қазір халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің соңғы курсында оқып жүр. Оның мектептерде репетиторлық қызметпен өзін-өзі дамытып жүрген іскерлігін, ғылым жолын таңдағанын мақтан етеді ата-анасы.

Бір айта кетер жайт, Қасықтағы біраз үйде Әшімұлы Ботай жүйелеген шежіре тақталар ілулі тұр. Онда Сырымбет, Ырысқұлдан тартып, Маман руының бүгінгі еңбектеген баласына дейін қамтылған. Шубаевтар болса сол Маманның алтыншы-жетінші ұрпағы болып келеді. Шубайдан Мамыт, Сәскебай, Әлібек және екі қыз болса, Мамыт жастай қайтыс болып, одан қалған Мүсірәлі мен Қайшатайды Сәскебайлар бағып адам қатарына қосады. Бүгінде бір қауым елге айналған олардың ұрпағы Сәскебайды туған әке-атасындай көретіні сондықтан. Сәскебайдың інісі Әлібек те оншақты балалы болған, қарындастары Сағына мен Шәйбала да өсіп-өнген әулеттердің отанасы.

Шубаевтардың қай үйінің де төрінде Ұлы Отан соғысының қаһарманы – Сәскебай аталарының омырауын орден, медальдары жапқан үлкен суреті ілулі тұр. Ұрпағы оны мақтан етеді, соған қарап бой түзейді, «өсіп-өніңдер, еңбек етіңдер, бейбіт күннің қадірін біліңдер» деген аталық өсиетіне адал болуға тырысады. Жауынгер аталары жайлы деректерді жиыстырып жергілікті музейлерге қоймақ, тіпті туған ауылындағы бір көшеге есімі берілсе дейді. Біздіңше орынды ұсыныс.

Құрманбек ӘЛІМЖАН

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support