- Advertisement -

«Мемлекеттік қызметкер де бюджетке қарап сөйлеуі керек»

261

- Advertisement -

Шәкір Сұлтанхан, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы: 
«Мемлекеттік қызметкер де бюджетке қарап сөйлеуі керек»

«Жаңа Қазақстанның» іргесі берік болсын десек, істің басын әуелі мемлекеттік қызметтің сапасынан бастаған жөн секілді. Цифрландыру заманында бюрократиядан құтылып, ашықтық қағидатын қалыптастырамыз деп ұрандатқанымызға да аз болмады. Мемлекеттік қызметтегі осы және өзге де өзекті сұрақтардың жауабын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Шәкір Сұлтанханнан сұрап білген едік.

– Шәкір асылханұлы, Президент Жарлығына сәйкес биыл 13 сәуірде мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар агенттікке жүктелгенін білеміз. Билік пен бұқараны байланыстыруға негізделген тапсырмадан қандай нәтиже күтеміз?

– Иә, Президент Жарлығы бойынша агенттік және оның аумақтық департаменттеріне мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жұмысы жүктелді. Сәйкесінше біз алдымен жұмыс барысын ойластырып, Мемлекет басшысының тапсырмасын үйлесімді іске асыру үшін жоспарды нақтылап алдық. Қазір білім, денсаулық саласы және әлеуметтік мәселелерге байланысты үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Осы үш бағыттағы жұмысты бақылау бойынша үш мониторингтік топ құрылып, 15 тамызда жұмысын бастаған. Осы жұмыстарға біз сан саладан мамандар тарттық. 15 қыркүйекте талдаудың бірінші кезеңін аяқтап, екінші кезеңге кірістік. Осылайша 15 желтоқсанға дейін мемлекеттік қызметті бюрократиядан арылту бойынша жүктелген міндетті орындап, нәтижесін агенттікке жолдаймыз. Одан әрі жұмыс нәтижесі пысықталып, Президентке ұсынылады. Биыл алғаш рет іске асқан тәжірибе оң нәтиже беріп, үш негізгі сала бойынша заңға өзгерістер енгізілсе келешекте басқа да салалар осы ережеге сай зерделенеді. Расында, ең әуелі білім, денсаулық саласымен қатар әлеуметтік саланы бір жүйеге келтіру қажет. Өйткені қазір елдің назары да осы үш салада емес пе? Енді мониторинг нәтижесін үш айдан соң әлеуметтік желіде жариялаймыз. Жалпы әр саладағы мамандар жұмысқа қолбайлау болған ережелер жайында жақы біледі. Мониторинг барысында осының барлығын қаперге алып отырмыз.

– Мемлекет басшысы қасым-Жомарт Кемелұлының осыдан үш жыл бұрын ұсынған «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы туралы не айтар едіңіз? Іріктеуден сүрінбей өткен сан саладағы білімді жастардың қадамы қалай?

– Президенттік жастар кадрлық резерві алғаш 2019 жылы өтіп, 300 үміткер есепке тұрды. Бұл жобаның мақсаты – елдегі басшылық құрамды одан әрі жақсарту арқылы тиісті кәсіби аппарат құру болған. Нәтижесінде елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін жақсартуға жастар да тиісінше үлес қосса деген ұстаным қалыптасты. Қазір резервтегі жастардың біразы жұмысқа орналасты. Бірақ осы мәселеге тереңірек үңіліп түсінгеніміз, резервтегі жастардың көбі ауылға барғысы жоқ. Мәселен, облыс әкіміне резервтегі жастарды жұмысқа алу туралы ұсыныс тастасақ, өңір басшылары жастарды ауданға бара ма деп сұрайды. Алайда жастардың дені қалада қалуды көздейді. Соған қарамастан кадрлық резервтегі жастарды мүмкіндігінше өңір басшысына ұсынудамыз. Осы уақытқа дейін жобаның екінші іріктеуі өтіп, резервке 50 адам ілікті. Өңірде Президент жастар кадрлық резервінде тұрған екі азамат жұмыс істеді. Соның бірі – облыс әкімінің аппаратын басқарған Расул Медетов. Қазір ол академиялық оқуға кетті. Екіншісі, Әбілхайыр Тамабек облыс әкімдігі Жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып, кейін ауыл шаруашылығы вице-министрі болды. Жастар кадр резервіндегі білікті мамандарға қандай мүмкіндік беріліп отырғанын осыдан-ақ аңғарсақ болады. Өйткені іріктеуден өткендер өзін-өзі дәлелдеген мықты жастар. Оның үстіне жыл сайын резервке жасақталатын жастарға қойылатын талап, критерийлер өзгереді. Өйткені «шын жүйрікке тұсау жоқ».

– Бір сөзбен айтқанда, Президент Жастар кадрлық резервіне іліккендерге мемлекет сенім артады дейсіз ғой.

– Әрине, солай. Резервтегі жастар лауазымды қызметке конкурстан өтпей-ақ тағайындала береді. Ұсыныс түссе, олар конкурсқа қатысып, іріктеуен өту керек деп қипақтамайды. Төте сайланады. Талдау көрсеткендей, резервтегі жастардың дені квазимемлекеттік жұмыс істейді екен. Демек, олардың жалақсы тәп-тәуір. Сол үшін де олар Елордада қалуға ниетті. Қала берді 25, 26 жасар бала Жамбыл облысының әлеуетін әзер біліп тұрса, ауылдық елді мекендерге қалай барады? Соған қарамастан кадрлық резервтегі жастармен жұмыс үзілмейді.

– Мемлекеттік қызметке жастарды тарту бойынша республикадан тыс, өңірдің жоба-жоспары да бекітілген болар?

– Жастар мемлекеттік қызметтің міндеті жоғары болған соң, жұмысқа келуге ынтасы жоқ. Мемлекеттік қызметке жастарды тарту мақсатында Өңірдегі университеттің жоғары курсында оқитын студенттеріне арнайы курс өткізуді бастадық. Мысалы, педагогика, құрылыс саласында білім алатын студенттерді облыстық білім, құрылыс басқармаларына жолдаймыз. Курстан өтіп, басқарманың жұмысымен танысқан студенттерге сертификат береміз. Осы сертификат ертең мемлекеттік қызметке баруды көздеген жастарға жәрдем болады деп ойлаймыз. Жуырда біз агенттіктен жастарға арнайы кабинет жасақтап, облыстағы университеттермен екіжақты меморандумға қол қойдық. Қысқасы, жастарға мемлекеттік қызметтің абыройлы міндет екенін жастарға барынша түсіндіруге ден қойдық. Біздің апталық оқудан кейін мемлекеттік қызметке баруға ынталы жастар анықталуда. Аңғарсақ, жастарға мемлекеттік қызметтің жұмысы жайында айта бастағанда олар әуелі жалақының жайын сұрайды. Оларға қазір мемлекеттік қызметтегілердің жалақысы тәуір екенін айтамыз.

– Жалақы демекші, мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы қалай?

– Бұрындары аудандарды аралап, мемлекеттік қызметшілердің мәселесін сұрастырғанда олар жалақының аздығын айтатын. Қазір ең төмен жалақы – 110 мың теңге. Әрі пәтер алуға әлеуметтік пакет қарастырылмаған. Түсінгенге, мемлекеттік қызметшінің жұмысы жеңіл емес. Халықтың жауапкершілігін арқалаған соң, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап жоғары. Демек, қызметшілердің жалақысы жоғары болса, әлеуметтік пакет қарастырылса, мемлекеттік қызметтің беделі артпай ма? Шынтуайтында, мемлекеттік қызметтен кеткісі келетіндер де баршылық. Біз білікті кадрларға мемлекеттік қызметшілердің жағдайы әлі-ақ жақсаратынын айтып, қолдан келгенше жұмыста қалуын сұранамыз. Меніңше, мемлекеттік қызметте қазір патриоттар жұмыс істеуде. Мысалы, менің мемлекеттік қызметке келгеніме 25 жылдан асты. Еңбек жолымды қарапайым маман болып бастап, жұмыстың қыр-сырын үйрене келе еңбегімізге сай қызмет атқардық. Сондықтан жастардың патриоттық сезімін оятуға күш салудамыз. Несін жасырамыз, бізде жастарды қызықтырарлық дәнеңе жоқ, алайда жұмыс барысында білімді, білікті жастардың еңбегі бағаланып, қызметі жоғарылайтынын түсіндірудеміз. Оның үстіне меритократия қағидаты негізінде белсенді, білікті кадрлардың мемлекеттік қызметте өсуіне жеңілдік жасалуда. Бұл да өте дұрыс шешім. Осы қағидат бойынша қазір бағалау ережесі жобада әзірленуде. Сол секілді жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдап, өзін көрсете білген жастарды қызметте төменгі лауазымға конкурссыз тағайындауға да мемлекет назар аударып отыр. Өйткені білімді жастар қызметті төменнен бастаса, тәжірибесі толысып, ысылады.

– Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, ел үкіметінің мемлекеттік қызметтегі ашықтық қағидатына басымдық бергеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Сіздіңше, ашықтық қағидаты мемлекеттік қызметтегі қайшылықтарды реттеуге септігін тигізіп жатыр ма?

– Қазір мемлекеттік қызметтің ашықтығы бұрынғыдан әлдеқайда тәуір. Мен мұны былай түсіндірейін, осыдан он-он бес жыл бұрын басқарма басшысы, аудан әкімдеріне кіру қиын болған. Қазір график бойынша тұрғындарды қабылдаудан бас тартқан әкім туралы шағым түссе, біз олармен байланысып, азаматтарды қабылдау басты міндеті екенін ескертеміз. Мысалы, менің қағаз жүзінде графигім болғанымен, оған қарамай-ақ кез келген уақытта азаматтарды қабылдаудан қашпаймын. Өйткені мемлекеттік қызметші деген атына заты сай болуы тиіс.

– Бірнеше жылдың бедерінде «Сервистік әкімдік» жобасы іске асып, мемлекеттік қызметте ашықтық қағидатын сақтау мақсатында біраз тірлік атқарылды дедік. Бірақ, сол кеңселерден бір терезе қағидаты бойынша кеңес алып жатқандар аз ғой.

– «Сервистік әкімдік» жобасы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы департаментімен бірлесіп іске асуда. Оның да жұмысын көрдік. Жұмыс бабымен Шу ауданындағы сервистік әкімдікке барғанымда қаз-қатар тізілген үстелге келіп- кетіп жатқан ел жоқ екенін байқадым. Онда сервистік әкімдік не үшін ашылды? Тым болмаса, сол орынға кезекшілік қойылуы тиіс қой. Иә, түсінеміз бөлім мамандары бір жерде отырып жұмыс істей алмайды. Осы шикіліктің барлығы қазір реттеліп, тәртіпке келгендей. Неге десеңіздер, қазір мемлекеттік қызметшілерге арыз- шағымдар аз түсуде. Тұрғындарды қабылдауға әкімдер белсенді араласуда. Кейде әкімдер шиеленіскен сұрақтарға дұрыс жауап бере алмаса, өтінішпен келген тұрғынмен байланысып, шаруаны бірлесіп шешеміз.

– Агенттіктің негізгі жұмысының бірі саналатын Әдеп жөніндегі кеңес отырысы ұдайы ұйымдастырылады ма?

– Әдеп жөніндегі кеңес отырысын айына бір мәрте ұйымдастырамыз. Әдеп нормаларын, заң талаптарын бұзған мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін сол кеңесте қараймыз. Отырыстан соң, әр аудандағы Әдеп жөніндегі уәкілдер бізге есеп береді. Биыл Әдеп жөніндегі кеңестің 8 отырысын өткізіп, тікелей эфирде жарияладық. Онда Әдеп нормасын бұзғандар ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс алып немесе қызметіне сай келмегені үшін жұмыстан шеттетілуі мүмкін. Ал заң бұзғандардың қызметі төмендеп, қызметтен босауы мүмкін. Былтыр заң бұзған бір қызметкер жұмыстан босатылған. Негізі бізге Әдеп нормасы мен заңды бұзған қызметкерлердің ісі Прокуратура және ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінен түседі. Өйткені олар бірінші істі егжей-тегжейлі қарайды. Егер жауапты тұлғаның ісі мемлекетке шығын келтірмеген болса, тәртіптік жазаға тарту үшін бізге нұсқайды.

– Сіздіңше мемлекеттік қызметкерге қойылатын негізгі талап қандай? Басшылар сол талаптың үдесінен шығып жүр ме?

– Ең бірінші мемлекеттік қызметкердің ар-намысы биік болуы тиіс. Екінші, қабылдауға қайырылған тұрғынды жылы қабылдап, этикадан аттамай пікірлесуі керек. Ол өзін ешуақытта жоғары санамай, келген адамның сөзін бөлмеуі тиіс. Көмек сұрап келген тұрғынды мұқият тыңдап, мәселесін шешуге бар күшін салса жеткілікті. Мәселесін шешу қолдан келмесе, тым құрығанда шешу жолын айтып, жөн сілтесе қанеки? Бұдан соң, әрине, жұмысқа уақтылы келіп, өз шаруасын жұмысын мінсіз атқаруды естен шығармаса болғаны.

– Әйткенмен, соңғы кездері мемлекеттік қызметкерлер құрғақ уәде беруден қашатын болған сыңайлы…

– Иә, орынсыз уәде беруден қашу керек. Мысалы, ауылдағы көшенің біріне асфальт төсеу туралы тұрғындардан өтініш түссе, мәселеге үңілмей бірден келер жылы деп уәде беруге болмайды. Уәде бермес бұрын қаражатты нақтылау керек. Түсінгенге, жол салудың машақаты көп. Оның сметалық құжатын барынша жедел дайындаған күннің өзінде облыстың қаражаты 2026 жылы бөлінуі мүмкін ғой. Қаражат жоқ болса, жоспарға енген күннің өзінде құжат дайындау процесін ашып айту керек. Кейде облыстан қаражат келгенше, сметалық құжат ескіріп кететін жайттар болады. Әкімдерге құрғақ уәде бермеңдер деп айтып отыратынымыз содан. Жылдық жоспарды айтпағанда, күні ертең не болатынын ешкім болжай алмайды. Пандемия кезінде де биылдан қалмайды деген бірнеше жоба кейінге қалды емес пе? Құрғақ уәде берудің қажеті жоқ. Оның үстіне дотациялық аймақ болған соң, республикаға қараймыз. Ендеше, мемлекеттік қызметкер де бюджетке қарап сөйлеуі керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support