- Advertisement -

Мінез (Шерхан Мұртаза туралы толғаныс)

370

- Advertisement -

Осыдан жарты ғасыр бұрын ғой, жұрттың бәрі бас алмай кітап оқитын. Оқитыны, ол кезде ақпарат көздері аз. Осы күнгі ұялы телефон дегенің жоқ, көгілдір экран дегенің енді-енді ғана бірең-саран үйде қолдалынып жатқан кез. Көптің қолынан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері», Хамза Есенжановтың «Ақ жайығы», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары», Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкесі», Сәбит Мұхановтың «Аққан жұлдызы» түспейді. Осы кітаптың көбі менде бар.

1964 жылы жас тілшілердің республикалық конкурсында «жұлдызым жанып» екінші орын алып, «Қазақстан пионері» газетінен шағын кітапхана алғанмын. Үшарал ауылындағы No1 ферманың тұрғындары – менің оқырмандарым. Солар сұрап алып оқиды. Күндердің күнінде Шерхан Мұртаза деген жазушы шықты. Оның «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнге найзағай», «Белгісіз солдаттың баласы», «Мылтықсыз майдан», «41-жылғы келіншек» деген кітаптары бірінен кейін бірі шығып, оларды да құныға, құмыға оқыдық. Әсіресе 1976 жылы Шерағаның «Қара маржан» романы қолға тиді. Ә дегеннен- ақ кітаптың оқиғасы өзінің шымырлығымен жүрегімізді баурап алды. Жамбыл қаласынан Қаратауға бет алып келе жатқан сұлу келіншектің қос анарынан ақ сүті бұлақтай ағуға әзір. Ол сүйіктісін іздеп келеді. Ол кім болды екен? Білуге ынтығасың. Сосын ары қарай құмыға оқисың. Құрылысы өткен ғасырдың қырқыншы жылдары басталған Қаратау тау-кен комбинатының «екінші тынысы» ашылғаны 60- шы жылдардың басы, Шерағаң бұл кітабының атауын «Қара маржан» деп неге атады екен? Біз білетін кен рудасы қара емес қой. Бәлкім бұл атау кәрі Қаратаудың қойнауынан өндіріп жатқан рудаларды, жерасты байлығын маржанға теңегендігінен болар. Қазаққа таңсық кен өндіру кәсібін алғашқылардың бірі болып игеріп жатқан кеншілердің жанқиярлық еңбектері ол кезде өндірісті білмейтін қазақ оқырмандары үшін таңсық. Ал сол өндірістің бел ортасында қазақтан шыққан тұңғыш инженердің бірі – Нариман Данаевтың және оның қарсыласы Жарас Хамзин арасындағы текетірес немен аяқталады деп және қызыға оқисың. Өкімет берген жоспарды орындау үшін тың тәсіл іздеген Нариманның тығырықтан шығар жол іздеп, карьерде «жаппай жарылыс» ұйымдастыруы, оның сәтсіздігі Нариманға өмірлік сабақ болды. Табиғат-ананы осындай зорлықпен игерудің зиянын түсінген Нариманның өкініші кімді де болса толғандырмай қоймайды. Соны дұшпандары пайдаланып, оны сүріндіргісі келетіні де ақиқат. Тіпті жазушының асыранды арқар туралы оқиғамен «Домалақ ана туралы» аңыздың айтылатын тұстарын Нариманның ой сорабына салып, тебіреніп кететіні де ойландырып еді мені. Сондағы Нариман: «Біз сонда Қанды асудың бас жағында отырмыз-ау. Бір заманда бабаларымыз дәл осы шатқалда осы тау үшін, осы жер үшін, мынау аспан асты үшін қас-жауымен арпалысып, қасық қанын төккен. Мына қына, мүмкін, сол соғыста шейіт болған бабаның жүрегінен тамған қан шығар? Ал біз болсақ сондай киелі тастарға мылтық сүйеп қойып, тасыраңдап отырмыз. Арқар атпақшымыз. Арқар атуға тыйым салынған. Бірақ өкіметтің сол әділ заңын бұзбақшымыз. Аңғал-саңғал алып тауда бір-ақ қорықшы бар. Ол қай жағына жетеді? Адамдардың қомағай тесіктерінің қайсысына тығын болады? Заң бұзылмас үшін арқарға әркімнің ар-ожданы қарауыл болса керек» деп ой түйеді.
Шерағамен бірге біз де өзіміздің туып-өскен Қаратауымыздың тағдырына алаңдаймыз. Нариманның алаңдауы бекер болмай шықты. Кешегі жоспар қуалаған кеншілердің кесірінен кәрі Қаратау, адамзаттың алтын бесігі болған Қаратау әр сайда сыңғырлап ағатын бұлағынан, құзар шыңның басында қасқиып қарап тұратын арқарынан, көктем, күз тау басынан жөнкіліп ағатын өзен, көлдерінің маржандай суларынан ажырайтынын Нариман да сезгендей. Біз де сондай күн кешіп едік. Енді ойлап қарасам Шераға сол кездің өзінде-ақ Мәскеуінің қанды шенгеліне түскен Қаратауының тағдырына алаңдап тамаша роман жазған екен. Орыс оқ атып, арқарын қырып-жойса, қасында қолпаштап жүрген қазақтың да арқарды қырып-жойғанын жаманшылықтың басы деп сезген екен. Сөйтіп сол кездің өзінде-ақ әр шығармасында қара халықтың сөзін сөйлеп, ақиқаттың ақ туын көтеруге, сол үшін күресуге бел буған екен Шерағам.
Ол ерлігі 80-ші жылдардың басында жарық көрген, туған жері, өскен елі үшін қаршадайынан әділетсіздіктің дәмін татқан, бірақ өзінің өршіл рухымен әділдік үшін күрескен, сол жолда талай тар жол тайғақ кешуді бастан кешкен мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың өмірі арқылы «Қызыл жебе» эпопеясы арқылы Шераға Кеңес дәуірінің 70 жылдық тарихын кестелеп, зерделеп берді бізге. Әкесі Рысқұл да бай бағыланның қысастығына шыдай алмай, Саймасай болысты атып өлтіріп, 10 жылға Сібірге айдалғанда, 10 жастағы Тұрардың фамилиясын ағайындардың ақылымен «Қырғызбаев» деп өзгертіп алып, өмірдің талай сынынан өтті. Қазақты «бұратана» деп кемсіткен патшаның саясаты мен озбырлығына қарсы өшпенділік жүрегіне бала күнінен ұялаған, Ақпан төңкерісі болғанда енді қазаққа теңдік тиді деп жалындап шыққан жас Тұрардың, одан кейін Кеңес өкіметіне жан-тәнімен беріле қызмет етуі, өзінің алғырлығы арқасында сол кезде құрылған Түркі мемлекетінің Үкіметін басқарысқан Тұрар Рысқұловтың өмірі бітіспес күреске айналды. «Қызылдарды» жақтап «қызыл жебеге» мінген Тұрар орыс шовинистерімен арпалысты, тіпті Ленин және Сталинмен текетіресіп, сөз таластыруы айтуға ғана оңай. Өзі жан таласа орнатысқан, тіпті алғашқында «Сталин жасасын» деп айқайлаған Тұрарды Кеңес өкіметі соңынан «ұлтшылсың» деп жігерін құм етті. Өткенін қазбалап, өзі талай сынға алған Алаш ордашылардың үйіріне апарып қосты. Ақырында «Халық жауы» атанып, Бутырка түрмесінде атылды. Тағдыры тамұққа айналды. Соның барлығын Шерағаң суреткерлікпен тарихи деректерді бұрмаламай, дәл суреттеуі сөз жоқ оның ақиқаттың жолынан айнымайтын қайраткерлігін көрсетті. Біз Тұрарды сол арқылы таныдық. Шерағаны сол суреткерлігі үшін жақсы көріп кеттік. Кеңес дәуірін Шерағаның шерменде болып жазатынын да кейін түсіндім. Ашаршылықты көзі көріп, әкесі «Халық
жауы» атанып, жетімдіктің тақсіретін тартып, интернаттың қара нанын жеген Шерағам социализмнің сойқанын өз жүрегінен өткізген жан болып шықты. Сол жоқшылықтар оның дүниетанымына әсер етті, әрине. Бордай езілген жоқ, Тұрарша «қызыл жебеге» мініп қасқайып әділетсіздікке қарсы шығуға ант бергені анық. Ол Нариман болып ойланды, Тұрар болып халқының сөзін сөйледі. Соның барлығы Шерағаны ақырында күрескер етіп шығарды.
Ақиқаттың ақ жолында Шерағаң біреулердей қоғамға жалпақтап, билікке емексіп өмір сүруді ар көрді. Қашанда ақиқат үшін айқасты. Оған 90-шы жылдары анық көзіміз жетті. 1990 жылы Шерағаң Қазақстанның Халық депутаты болып сайланды. Сол кезден бастап Шерағаның қайраткерлігі мұхым қазаққа белгілі болды. Жер туралы, «сатылмасын» деп алғаш айтқан қазақ та Шерағам еді. Тіл туралы тіресті. «Мемлекеттік тіл қазақ және орыс тілдері болсын» дегенде, «жыланда ғана екі тіл болады, сонда қазақ жылан болғаны ма?» деп айтқан да Шерағам еді. Қазақ Республикасы Жоғары Кеңесі депутаты болып жүргенінде «Қазақстанның байлығы қайда кетіп жатыр? Соның есебін беретін өкімет бар ма? Қазына байлықтың үстінде отырып, біз неге тыржалаңаш күй кешуіміз керек» деген де Шерағам еді. Сөйтіп Шераға бірге біз де сонау 1980 жылдан бастап 1995 жылға дейін Тұрарға еліктедік. Өзі де кейіпкері сияқты тұлғаланды, есейді, ел тұтқасына айналды.
Өзім жақсы көретін Шерағаны 1987 жылдың 16 ақпанында сол кездегі ел астанасы Алматы қаласында өткен Қазақстан Журналистер одағының VII съезінде көрдім. Ол съезге бізді облыстан сол кездегі «Ақ жол» газетінің Бас редакторы Бекбосын Арғынбай аға бастап барды. Қазақстанды басқаруға баяғы Филипп Исаевич Голощекиннің туысы, тарихта аты да қанды қолбасшы ретінде қалған Геннадий Васильевич Колбин келген. Сексен алтыншы жылдың желтоқсан айында Мәскеудің өктемдігіне бастарын бәйгеге тіккен жастарымызды қазақтың зиялыларының көбі күстаналап жатқанында оларға араша түскен санаулы қазақтың бірі Шераға еді. Онысын әлгі съезде байқадық. Қабағынан қар жауған, түсі сұсты Шерағаға съезде жарыс сөзге шығып сөйлеуге жандайшаптар рұқсат бермеді деп естідік. Оны да айтып берген Арғынбай аға. Арекең ол кісіге жолыққан екен: «Қазақстанға екінші Голощекин келді, арандап қалмаңдар», депті. Шыны керек идеология деген түсінбеген адамға сайтанның сапалағындай миын улайтын сала ғой. Жастарды қынадай қырған Колбинге де көптің сеніп қалғаны рас. Көп уақыт өтпей Шераға Халық депутаттығына сайланып, көшбасшылығымен көзге түсе бастады. 1990 жылы Таласқа келді. Сол тұста Талас ауданын Ералы Дадабаев басқарып тұрған. Мен аудандық «Талас тынысы» газетінің Бас редакторы едім. Халықтың жаңаруға сене бастаған тұсы. Демократиялық жолмен басшыларын, депутаттарын сайлап алуға қолдары жеткен кез. Сол үрдіспен Шерағаң да депутаттыққа сайланған. Сайлаушылармен кездесуге Талас өлкесіне келді. Үшарал ауылындағы мәдениет үйінде халықпен жүздесіп, елдің бағытын айтты. Жекешелендірудің қоғамымызға дендеп ене бастаған тұсы еді. Үкіметтің құрық бойламайтын қулығына сенген жұрт совхоздың мал-мүлкін таласып-тармасып бөліп алып жатқан кез. Тіпті совхоз тараған соң жұмыссыздық жайлап, ел жалақыдан айырылып, қанаттары қайырылып, зейнетақысының өзіне қолдары әрең жететін. Әбден сөйлеп болған Шераға: «Қане, кімде қандай сұрақ бар?» деп бүркітше саңқ етті. Сол сол-ақ екен сұрақ халық қалаулысына қарша борады. Ең алдымен шындық десе туғанын да аямайтын, тік, тура мінезді Үшарал орта мектебінің директоры Алматай Төлтаев сөйледі. Бұқпантайламады, бұқпады. «Шерхан сен бізге бөтен емессің. Ағабай жәкеміздің қызы, айдай сұлу Мәрия деп аталатын әпкемізді алдыңыз. Бұл елге күйеусіз», деп бастап еді, Шерағаң: «Әй Алматай, мен бұл жаққа қайыншылап келген жоқпын. Елдің мұңын тыңдайын деп келдім, сұрағың болса айт» деп шорт кесті. Бұлай айтады деп ойламаған Алматай сылқ етіп отыра кетті. Содан кейін бір ақсақал тұрып: «Шерхан қарағым, зейнетақымызды уақтылы алмайтын болдық. Осы мәселе қалай шешіледі?» деп еді, жиынды басқарып отырған ауданның әкімі: «Майда-шүйде сұрақ қойып, Шәкеңнің мазасын алмаңдар», деді. Шераға енді жүдә қатты ашуланды. Әлгіге одырая қарап: «Майда-шүйде сұрақ деген болмайды. Осы жерде ауданның поштасының бастығы бар ма?» деп қадалды. Ол жоқ болып шықты. Енді Шераға ауданның басшысына түйіле қарап: «Мынаның мәселесін шеш!» деді бұйыра сөйлеп. Әрине, ол: «Мақұл, мақұл», деп жатыр. Енді бір қария тұрып: «Жерді жекешелендіреміз деп жатыр. Ол не әңгіме, қарағым?», деді. Шерхан баяғы отызыншы жылдардағы ашаршылық жайлы сөз қозғап, сонда елді «ұжымдастырамыз» деп Голощекин деген жауыздың халықтың қолындағы бар малын сыпырып алып, бәрін қыстың көзі қырауда түксіз қалдырып, ақыры е малы жоқ, е жерге тамағы жоқ, е егін егейін десе құрал-сайман, тұқымы жоқ қазақ қынадай қырылған жоқ па, деді ағамыз екпіндей сөйлеп. Сол сияқты мына басшыларыңа айтарым, Үкімет айтты екен деп жерді бөліске салып, мал-мүлкін бартерлеп айырбастап, мына халқыңды ашаршылыққа ұрындырып алмаңдар деп бұл әңгімеге де нүкте қойды. Жиыннан кейін бір үйге қонақасыға бардық. Әншейінде басшылықты мақтап, жалпылдап сөйлейтін жағымпаздар ауыздарына құм құйып алғандай Шерағаның аузына қарап, сөзін бағып отыр. Тек ер мінезді Ералы аға ғана: «Шераға, сіздің сессияда көтеріп жүрген өткір мәселелеріңізді біз де қолдаймыз» деп қойды. Сосын отырғандардың біразын таныстырып: «Мына отырған жігіт аудандық «Талас тынысы» газетінің бас редакторы Сәулембай Әбсадықұлы» деп мені таныстырды. Денем дір ете қалды «Ойпырмай, арыстандай ағам мені де алып түсер ме екен деген» қорқынышты ой бойымды билеп кетті. Жоқ бұл жолы «қызыл жебенің» иесінің түсі жылығандай. «Редактор болсаң қарағым, таңның атысы, күннің батысы басшыңды мақтай бермей, халқыңның мұңын мұңдап, жоғын жоқта дегені» маған қарап. Мен имене басымды изедім. Ералы Дадабаев үлкен саясаткер адам еді ғой. «Шераға, біз газетке еркіндік беріп отырмыз. Саясатты түсінеміз», деді.
Екеуінің сөзін арқаланған мен және аудандық газеттің журналистері сол жылдары қоғамдағы болып жатқан жетістіктермен қоса кемшіліктерді аямай жазамыз деп, «жыланды жеті рет кессең де кесірткелік әлі бар» дегендей мемлекеттің мал-мүлкін иеленіп алып жатқан жаңа бай- бағыландардың қаһарына ұшырағанымыз, жоқ жерден жау тауып алғанымыз күні-бүгінге дейін есімізде. Тіпті аудан әкімінің бір орынбасары «Жер-Ана сатылмайды» деген мағынада аудандық кеңестің сессиясында сөйлеген сөзімнен кейін: «Аға, Үкіметтің саясатына қарсы шығып өле алмай жүрсіз ба?» дегені кекетіп. Сондағы байқағаным, заманнан озып туған көшбасшылар болады екен. Кешегі Тұрар Рысқұловтан, Бауыржан Момышұлынан рух алған Шерхан Мұртаза сияқты тұлғаларды да заман туғызады екен. Соларға сеніп, соңынан ілескендерімізге күні бүгінге дейін өкінбейміз. Журналистика саласына деген адалдығымызға күні бүгінге дейін сызат түсірмесем, ол менің Шерағадан үйренгенім.
Көп ұзамай «Егемен Қазақстан» газетінде Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов екеуі арасындағы Ашық хат жариялана бастады. Екеуінің арқасында Қазақстанның сол кездегі экономикалық-әлеуметтік жағдайын, жай-күйін оқырмандар біліп, әлгі хаттарды оқу үшін газетті іздейтін дәрежеге жетті. «Сынықтан басқаның бәрі жұққыш келеді» деген сөз бар емес пе, біз де ағаларымызды қоштадық. Аудандағы қоғамдық, саяси, экономикалық жағдай туралы ауданның сол кездегі мәслихатының хатшысы Әбдірәсілов Әбдірахман аға мен Қойкелді орта мектебінің директоры Бақытжан Мақашев екеуінің бір- біріне жазған Ашық хатын ұйымдастырдық. Екеуінің ниеті, пейілі жамандықтан туған жоқ еді. Ауданымыздағы жекешелендірудің салдарынан қолындағы барынан айырылып, е жерді игере алмай, бірінен кейін бірі банкроттыққа ұшыраған шаруалардың жанайқайы және сол тығырықтан шығудың жолын іздестіруге жұртты жұмылдыру болатын. «Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші Шерхан ағалардың да біздің де ниетіміз халықты күйзелістен алып шығуға деген ойдан туған әрекет қана еді мұнымыз. Алайда халқын тонауға сол кезден бастап құлшынған (Шерханша айтқанда) билік басындағылар майлы жілікке ие болып, олардың жолын қуған төмендегілері де солардың сойылын соққан.
Күндердің күнінде Шерхан Мұртаза жұртының жағдайын айтпақ болып Елбасының қабылдауына барыпты деп естідік. Қабылдаудан шыққан соң есік алдында оны күтіп тұрған тілшілерге жауап бермей, қолын бір сілтеп жүріп кеткенінен-ақ екі алыптың әңгімесінің жараспағанын қалың жұрт ұққан еді. Баяғыда Тұрар да Сталинге кіріп, түнеріп шыққан ғой. Сол тағдыр қайталанғандай. Қай заманда да билік өз дегеніне жетеді. Кешегі айдарынан жел ескен, ақиқат жолында арыстандай айқасқан Шерағаң көп ұзамай 1995 жылдан бастап шығармашылық жұмыспен айналысуға кірісті. Өшін, өкпесін ақ қағаздан алғандай. «Бір кем дүние» деп толғанды. Баяғы «41-ші жылғы келіншек», «Ай мен Айша» атты романға ұласты. Тәңіртауын жырлады, Қаратауын әңгіме етті. Ұмытпасам Шераға 1999 жылы депутаттық додаға тағы түсті. Аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жапар Шәріпұлы екеуміз сенімді өкілі болдық. Сайлаушылармен кездескенде Шерағам: «Халықты арыстан билесе бәрі арыстан болады, түлкі билесе қу, сұм болады» деп билікке қарата сөйлеген. Қайран, Шераға-ай, аз сөйлесең де, саз сөйлейтін арыстан едің-ау!
2006 жылы Шерағамен ауданымыздың қадірлі ақсақалы болған Әбілқайыр Сатыбалдиннің туғанына 90 жыл толуына арналған еске алу жиынында кездестім. Баяғы көздері от шашып тұратын ағамыздың жүзі шаршаңқы көрінді маған. Таразда тұрады екен. Кейіннен Тәңіртаудың етегіндегі Мыңбұлақ деп аталатын жердегі атамекеніне оралды. Халқы Шерағаны іздейтін күйге жетті. Сексен жылдығы аталып өтілді. «Әй, дәп осы жолы Шерхан ағаға Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілетін шығар» деп дәмелендік. Берілмеді. Құдайшылығы да сол еді. Құдайын танымай кеткендерге не айтарсың! Халқы үшін ақиқаттан айнымаған Шерхан сонда да дегдарлық танытты. 2016 жылғы бір тойда ағамен тағы кездестік. Сәлем бердік. Сәлемімізді жақтырмағандай қатқыл алды. Мінез ғой. Асау, қызыл жебеге лайықты тарпаң мінезді ағамыз Ағыбай атасының әулетінің тойында бүй деді: «Айналайын халқым, қазағым біздің жеріміз көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орындамыз. Жан-жағымыз анталаған жау. Шығыста зәрін шашып, қытайдың айдаһары тұр. Солтүстікте шеңгелімнен құтқармаймын деп орыстың аюы тұр. Қоқаңдаған қоқанның жауға айналып шыға келмесіне кім кепіл? Сондықтан ішкен-жегеніңе, тойғаныңа мәз болма. Ұлан ғайыр қазақтың Ұлы даласында таздың төбесіне біткен шаштай азбыз біз. «Бөлінгенді бөрі жейді» деген Төле би бабамыз. Тәуелсіздік – Тәңірдің сыйы. Бүйтіп басында бақ құсы болып тұра бермейді. Елімді, жерімді қорғаймын десең ұлтыңды көбейт. Келіндерім құлақтарыңа алтын сырға кемінде төрт-бес бала тап. Ол сенің аналық парызың. Еркектер ез болмай, еңбек ет, ұрпағыңды көбейт. Сыналар шақтарың әлі алда. Намыстарыңды қайраңдар. Сонда ғана тәуелсіздік бастағы бағыңа айналады!» деді. Той ердің жасы елудікі еді. Бірақ, Шераға елдіктің сөзін, іштегі арманын, өмірдегі ақиқатын айтты. Айналып келгенде өмірге Тұрар сияқты Қызыл жебеге мініп жалындап келген Шераға талай белестерді бағындырып, арпалысты жұлдызды көпірден өтіп, қыл көпірлі тағдырды да көріп, тамұқ күн кешкендей. Ол осы тағдырымен ақиқаттың ақ туын жықпай өтті өмірден. «Бір кем дүние» деген осы…

Сәулембай Әбсадықұлы, Қазақстанның үздік өлкетанушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support