- Advertisement -

Ел еңсесін еңбек көтереді

265

- Advertisement -

Кешегі Байқадам, бүгінгі Саудакент ауылы десе, ауданнан тысқары тұратын сарысулықтар елең ете қалады. Алдыңғы толқын тәуелсіздіктің елең-алаңында тарихи атауын қайтып алған, жетпіс жылға жуық аудан орталығы болған киелі мекенді әлі күнге Байқадам деп те атап жатады. Тіпті, ауылды ауданның орталығы, «жүрегі» санайтындар да бар. Күннен күнге жасарып, жаңарып жатқан Жаңатасқа көңілі толмағандықтан емес, туған мекенге деген перзенттік сағыныштан туған сезім шығар бұл. Өзіміз де журналистік іссапармен ауданға барсақ, бұрынғы аудан орталығын аттап кетпейміз.

– «Ел еңсесін еңбек көтереді» десек, ауыл тұрғындарының ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей, жалғасып келе жатқан ынтымағы мен бірлігімен қатар, осы еңбегі атап өтуге тұрарлық. Бүгінде аудандағы ең іргелі Байқадам ауылдық округінде 6095 адам тұрады. 1456 отбасы, 994 аула бар. Төрт түлік малдан мүйізді ірі қара 3885, уақ мал 26523, жылқы 1499, түйе 493 бас. Үй құсының да саны жылдан жылға артып келеді, бүгінде 3456-ға жетті. Округ бойынша 11 шаруа қожалығы егінмен айналысады. Суармалы егістік көлеміндегі 333 гектар жер игерілді. Осы шаруашылықтар 16119 тонна шөп дайындады. Былтыр «Сәт Сағын» және «Шалқар» шаруа қожалықтары бір-бірден «МТЗ-1-ЛОВЛ» тракторын, прес тайлаушы, жүк артатын техника алды. Лизингке техника алу одан әрі жалғасуда. Ал енді «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмысын жақсарту» пилоттық жобасы бес бағытта жүргізілуде, – деді Байқадам ауылдық аймағының әкімі Мыңжасар Аймағанбетов.

Осы бес бағыттың үшіншісінде кооператив мүшелеріне, ауыл тұрғындарына қолда бар малы мен сатып алынған малға азық дайындау үшін «Саудакент-2019» ауыл шаруашылығы кооперативіне 300,0 гектар тәлімді егістік, 2793,0 гектар шабындық және 3811,75 гектар жайылымдық жер берілген. Шу бойынан жоспар бойынша 2500 тайланған шөп дайындап, кооператив мүшелеріне төмен бағамен сатпақ көрінеді. Биыл кооператив 50 гектар арпа еккен, өнім түсімі жақсы. Осынша көлемге егетін күздік бидайдың да дайындық жұмыстары қолға алынып жатса керек.

Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағыты бойынша 901 аулаға қияр мен қызанақ егіліп, өнімі ауыл базарларына және аудан орталықтарындағы сауда орындарына шығарылып жатқанын көрдік. Бақытжан Сармолдаев төрт сотық жерге жылыжай салып, лимон өсіруде.

Байқадамдықтар бұрын Тараз қаласындағы және Шымкент қаласының маңындағы «Қарабұлақ» базарларынан мал алып сатып алып келсе, мал бордақылап сатумен айналысатын шымкенттік жігіттер енді сарысулықтардың малын сатып алуда.

Халық сайлаған ауыл әкімі Мыңжасар Аймағанбетов осы ауылдың төл перзенті болғандықтан, Саудакент ауылының тыныс-тіршілігін бес саусақтай жетік біледі. Іргелес жатқан Игілік ауылдық аймағының әкімі болды, аудандық әкімдіктің бөлімдерін жемісті басқарған азамат. Сайланғанына көп бола қоймаса да тарихи мекеннің ажарын арттырып, базарын тасыту жолында тынымсыз еңбек етуде. Көктен ылғал көп түсе бермейтін, ағын су аз ауылды жасыл желекпен көмкеріп тастау оңай шаруа емес. Сонда да биылдың өзінде 330 түп жеміс талы, 580 түп қара тал және 30 түп қылқан жапырақ көшеті отырғызылған.

Ауыл әкімі Саудакент ауылындағы орталық саябақты жөндеуге 40,0, Саудакент-Ақкөл тасжолына стелла орнатуға 9,3 және ауылдың төлқұжатын орнатуға 13,6 миллион теңге қарастырылып жатқанын да еске салды. Сонымен қатар ауыз су жүйесі 2005 жылы салынған. Бар-жоғы 6 көшеге ғана ауыз су беріледі. Қалған 32 көшеге ауыз су құбырын тарту қажет. Бүгінде аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жалпы жобалық құны 512 миллион теңге болатын ауыз су жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құжатын дайындап, сараптамаға өткізіпті.

Әрине, шешімін күткен мәселе қай өңірде де кездеседі. Ауыл тұрғындары Жаңатас қаласына шыға берістегі Ықылас Дүкенұлы атындағы мемориалдық ескерткішті жөндеу, ауылдағы бос тұрған тубдиспансерлік аурухананы «Қазфосфат» және «Еврохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін тартып, демалыс-сауықтыру кешенін ашу және жекеге өтіп кеткен «Жастар» стадионын мемлекеттік меншікке қайтару сынды мәселелерді көтеріп жүр. Саудакенттіктердің қозғап жүрген мәселелері орынды. Аудан бюджетті жылдан жылға артып жатқанын еске алсақ шешімін табу сонша қиын шаруа емес. Аудандағы қос алпауыт кәсіпорын да Сарысу ауданының аумағынан өнім өндіріп, жағдайын жасап отырғаннан кейін ауылдықтардың өтініштерін ескерусіз қалдырмас.

Күн еңкейе Таразды бетке алдық. Жолдың қос қапталында қаптаған төрт түлік. Бұл енді шежірелі де, киелі мекен тұрғындарының байлығы, берекесі.

 

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support