- Advertisement -

Арқасүйер азаматтар барда…

196

- Advertisement -

Осыдан жиырма жыл бұрын Қаратаудың көкорайға тұнған шұрайлы жерінен Көктал ауылдық округі құрылды. Бір қарағанда 88 гектар алқапты алып жатқан ауылдық аймақта тұрғындар ешнәрсеге мұқтаж емес сияқты көрінетін. Сөйтсек, тұрғындарды толғандырған басты мәселе – жер болып келіпті. Содан елдің өтініш-ұсыныстары шешімін тауып, ауыл төңірегіндегі 3399 гектар жайылымдық жер 2020 жылы округ құрамына берілген. Мал жайылатын жер болған соң, ауыл тұрғындары мал басын арттыруға құлшына кіріссе керек. Уақ малдың басы 3718-ге жетсе, мүйізді ірі қара 243, жылқы 78 бас, 453 үй құсы бар. Ауылды мекен еткен 812 адамның негізгі тіршілік көзі негізінен осы мал шаруашылығы.

– Орта мектеп, балабақша, ауылдық фельдшерлік амбулаториялық пункт, полиция тірек пункті, кітапхана, спорт мектебі, пошта бар. М.Жұмабаев атындағы орта мектепте 20 мұғалім еңбек етсе, оның 18-і жоғары білімді, екеуінің арнаулы орта білімі бар. «Ақерке» балабақшасында үш топта 60 бүлдіршін тәрбиеленуде. Онда барлығы 27 қызметкер ұрпақ тәрбиесімен айналысуда. Балалар мекемесі екі қабатты типтік ғимаратта орналасқан, автономды пешпен жылытылады. Ал ауылдық кітапханада 12319 дана кітап қоры, 108 тұрақты оқырманы бар. Пошта қызметі мерзімді басылымдарды оқырмандарға уақтылы жеткізумен айналысып, әр айдың 10-на дейін зейнеткерлердің зейнетақысын таратады.

Округ аумағында тұрғындар «Beeline» байланыс және +Н мобильді интернет қызметін пайдаланады. Бір дүкен бар, бес кәсіпкер тіркелген. «Еңбек», бағдарламасы бойынша былтыр екі азамат мал шаруашылығын дамыту мақсатында 7 миллион теңге несие алды. Ауыл тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігі біздің қызметкерлердің назарында, – дейді ауылдық округ әкімі Қайрат Бейсебаев.

Көкталда бұрын да болғанбыз, бүгін де атқан таңдай ажарлана түсіпті. Округ аумағына кіретін тұста қойылған аркадан бастап жолдың екі жағы көкке тұнып тұр. Ауыл іші де жайқалған тал-дарақ. Көктемгі және күзгі көріктендіру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық айлықтары кезінде туған ауылдың ажарын арттырып, көркін келтіруге еңбекке жарамды тұрғындардың дені бір кісідей қатысатын көрінеді.Тіпті тазалық мәселесі жыл он екі ай бойы тұрғындардың да, ауыл әкімінің де назарынан тыс қалмайтынын ажарынан аңғарасың. Ауыл түлегі Әділ Әбдіраш екі жыл бұрын 1000 түп жеміс ағашын мектепке, балабақшаға және тұрғындарға тарту етіпті. Тәуелсіздік, Есейхан батыр, С.Сейфуллин, А.Құнанбаев және Қазыбек би көшелері жарықтандырылған.

«Асарлатып үй салу» жобасы Көкталдан да айналып өтпеген. Демеушілер мен ауыл тұрғындарынан жиналған 5,4 миллион теңгеге жас отбасына ауылдастары 4 бөлмелі үй салып беріпті. «KokfaI AGRO HaiI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Пионер» көлінің жағалауына жағажай салуды қолға алған. Қалталы азаматтар ауылдарын көркейту, аз қамтылған отбастарына көмек қолын созып, қамқорлық жасау сынды қайырымдылық қасиетті бойларына сіңіргені қуантты. Мемлекет тарапынан жасалып жататын көмекпен қатар, арқа сүйер азаматтар барда ауыл көркейіп, ешкім тапшылық көрмейді.

 

Амангелді ӘБІЛ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support