- Advertisement -

Қалтамызды қағасың, баға қайда барасың?

97

- Advertisement -

Бағаны өз ырқына жіберген күннен бастап, ол үнемі шарықтау үстінде. Біздің қоғамда «арзандапты» деген әңгіме арманға айналды. Әсіресе жалақы өсу мен әлеуметтік жәрдемақылардың көтерілуінен кейінгі баға өзгерістеріне өзіміз де үйреніп алғандаймыз. Биыл да монополистер бағаны әбден өсірді. Азық-түлік бір жылда 20 пайызға, өзге тауарлар 13 пайызға қымбаттады. Онсыз да әр жылдары көтеріліп келген бағалар әлеуметтің әмиянын тонап, қалтасын аз қаққан жоқ еді. Енді сол қымбатшылық құрсауына түскен жұрттың қамын кім ойлайды? Бұғаусыз кеткен бағаларға тоқтам бар ма?

Қымбатшылықты қанша айтсақ та назар аударған билікті байқамаймыз. Нарық заңын сақтауды бірінші орынға қоятын үкіметтегілердің қарапайым халықтың тұрмыстық деңгейімен санасып жатпайды. «Еліміз бойынша алға ілгерілеу бар. Жағдайымыз жақсы» деп жүрген «сырты семіз, іші арық» адамдары көп қоғамда өмір сүріп отырғандаймыз. Әлеуметтік жағынан нашар қорғалған адамдар үшін сол нарықтың теория мен тәжірибесінің арасы жер мен көктей екені жасырын емес. Үкімет инфляциямен күресіп, жалақыны, зейнетақыны көтеріп қойғанмен, оның нәтижесі мардымсыз. Жұрт жалақысы мен зейнетақысын алмай жатып, базардағы баға шарықтап шыға келеді. Осыдан соң баға еркіндігін жеке басының пайдасына пайдаланатын алыпсатарлардың жағдайын жасап отырған бүгінгі нарыққа наразы болмай көр.

«ТАПҚАНЫМЫЗ ТҮГЕЛ ТАМАҚҚА КЕТЕДІ…»

Қымбатшылықтан инфляция шарықтайды. Осы бір айдың өзінде инфляция 1,5 пайызға өсіп, 14,5 пайызға жетті. Статистикаға сүйенсек, халық еңбекақысының 50 пайыздан астамын тек азық-түлікке жұмсап отыр. Тапқан-таянғаны тамақтан артылмайтын тұрғындар жағдайдың тезірек тұрақталуын тілеумен ғана жүр деуге әбден болады. Ұлттық статистиканың дерегінше қант 78 пайызға, пияз 69 пайызға, ұн бағасы 33 пайызға қымбаттаған.

«Тапқанымыздың жартысын ғана тамағымызға жұмсаймыз деп айта алмаймын. Бәрін түгел береміз. Ұн аламыз 15 мыңға, қант аламыз 12 мыңға, май аламыз 5 мыңға. Оның сыртында қанша тамақтың түрі бар алатын. Қолдың құртының өзі 4 мыңнан асып кетті. Ал енді осыдан кейін 90 мың жалақымызды қайда жеткіземіз?», – дейді мемлекеттік қызметкер Рауан Сағынбаев.

Украина мен Ресей Федерациясының арасындағы қақтығыс аясында экспорт көлемінің қысқаруы әсерінен наурызда өсімдік майы 23,2 пайызға және дәнді дақылдар 17,1 пайызға қымбаттады. Бұл – рекордтық өсу. Мұндай өсім 1990 жылдан бастап ең жоғары деңгейде сақталып отыр.

«Ұн бағасының көтерілуіне Ресей әсерін тигізді. Осы жылдың 30 маусымына дейін экспортқа тыйым салынды. Бағаны ұстап тұру үшін мемлекет тарапынан бірқатар шаралар қолға алынды. Біріншіден, наубайханаларды төмен бағадағы ұнмен қамтамасыз ету арқылы әлеуметтік нанның бағасы реттеледі», – дейді облыстық индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Жорабекова.

ОТАНДЫҚ ӨНІМ НЕГЕ ИМПОРТТАН ҚЫМБАТ?

Алыпсатарлар демекші, бүгінде еліміздегі тауар өндірушілер санынан ортадағы делдалдардың саны жүздеген есе көп. Осыған дейінгі қымбаттауларға зер салсақ, әсіресе, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы шарықтап отырғанын аңғарамыз. Осыған қарап-ақ, өзіміздің өнімдердің, сонау шекара асып келетін импорттан қымбат болып отырғанын аңғару қиын емес.

Бұған көбіне облыстардағы өндіретін өнімдерге алыпсатарлар тым көп сауда үстемесін қосатыны себеп екен. Осының әсерінен әр өңірлердегі өнімдер едәуір қымбаттап, импорттық тауармен салыстырғанда, бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Осыдан кейін он қолдан өткен тауар он есе қымбатқа түседі. Мысалы, кез келген ресейлік, қырғызстандық сүт және сүт өнімдері жамбылдық ұқсас өнімнен арзан тұрады.

Бұған тосқауыл қою үшін Ұлттық экономика министрлігі сауда субъектілері қосатын үстемеақыны шектейтін арнайы заң жобасын әзірлеуге кірісеміз деген уәж айтқан болатын. Бірақ қалың бұқара үшін бұл жоба әлі күшіне ене қойған жоқ. Осыдан кейін де отандық өніміміз импорттан қымбат күйінде әлі тұр.

Экономист Меруерт Махмұтова елдегі жағдайды экспортқа тәуелділікпен байланыстырады. Біз қазір нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге қауқарсызбыз. Шеттен келетін өнім нарықтағы бағаны шарықтатып тұр дейді.

 ТАРИФТЕР ТАҒЫ ҚҰБЫЛДЫ

Көзге көрінбегенімен, біртіндеп болса да қымбатшылықтың «ауылына» апарып отырған өзгерістер қызмет көрсету саласына да қылаң берді. Мәселен, ақылы қызметтер бағасы 9,2 пайызға өсті. Кешенді демалу ұйымдарының бағасы – 19,1 пайызға, қоғамдық тамақтандыру қызметтері – 16,8 пайызға, денсаулық сақтау қызметтері – 15 пайызға, санаторий қызметтері – 14,1 пайызға, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының қызметтері – 13 пайызға, қонақ үй қызметтері 5,9 пайызға қымбаттады.

Бұған қоса, соңғы 5 жыл ішінде еліміздегі коммуналдық қызмет ақысы бірте-бірте көтеріліп, барынша қымбаттады. Тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің құны, сондай-ақ су, электр энергиясы, газ және жылу тарифтері де өскен. Электр қуаты – 2,4 пайызға, қоқыс шығару, тарату желілері арқылы тасымалданатын газ тарифі 1,8 пайызға жоғарылады.

ЖОЛ ЖҮРУ ҚҰНЫ ДА ЖОҒАРЫЛАДЫ

«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының мәліметінше, тасымалдаушы облысаралық әлеуметтік бағыттардың тарифі 5,5 пайызға көтерілді. Қымбаттаудың тек мемлекет есебінен субсидияланатын ел ішіндегі 14 бағыт пен «Тұлпар Тальго» жүрдек пойыздарына қатысы жоқ. Олардың билет құны халықтың сұранысына қарай құбылмалы. Сондай-ақ жеке тасымалдаушылар да кейбір бағыттар бойынша билет бағасы 3-4 пайызға қымбаттатқан.

ШЕТЕЛГЕ ШЫҒУ ЕКІ ЕСЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ

Шетелдік төлқұжат алушылар үшін мемлекеттік БАЖ-дың мөлшері екі есеге, нақтырақ айтқанда, 4-тен 8 айлық есептік көрсеткішке артты. Осыдан 4 жыл бұрын төлқұжатқа төлем 9 мың 76 теңге болса, 2022 жылдан бастап азаматтар төлқұжатқа 24 мың 240 теңге төлейді.

«Біз осы уақытқа дейін бұл құжатты рәсімдеуге көңіл бөлмей келіппіз. Енді ескі баға бойынша алуға үлгермей қалдық. Жақында кіші ұлымыздың емі бойынша шетелге шығамыз. Отбасымыздан төрт адам баратындықтан, бұл баға біздің қалтамызға едәуір салмақ салғалы тұр», – дейді Дана Тұрғынбаева есімді тараздық тұрғын.

СӨЗ СОҢЫ

Күнделікті қолданатын көкөніс өнімдерінің бағасы бүгінде базарда шарықтап тұр. Жұрт көп баратын «Ауыл-Береке» аталатын тараздық базарда картоптың бағасы – 160, сәбіз – 180, пияз 150 теңге болып тұр. Жеміс-жидектерден апельсин – 900, банан – 650, алма – 500, лимон – 1000 теңге. Жекелеген дүкендердегі бағаларға да мән беріп, бақылап жатқан ешкім жоқ. Онда көкөністердің бағасы екі есе болып тұрса да, таңғалмайсыз. Екінің бірі күнде базарға бара алмайтынын ескерсек, осындай шағын маркеттердің өзі әлеуметтің әмиянын теріс айналдырып тұр.

Бүгінгі нарықтың бағасы мен ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі 37 389 теңгені салыстыру мүмкін емес. Әлеуметтанушылар үкімет бір қаулыны шығарумен ғана шектелмей, дамыған елдердегідей әлеуметтік пакеттер жасаудың түрлі жолдарын қарастыру қажет деп есептейді. Екінші жағынан бұл жерде бұқараның «Алма піс, аузыма түс» деп отыратын масылдық түсініктен арылып, еңбек етуі де маңызды. Қалай болған күнде де нарықтағы бағаның өсуін еріксіз тежейтін қоғам құра алмай келе жатқанымыз өкінішті.

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Таңат ӘУЕСХАН, әлеуметтанушы:

– Үкімет өз тарапынан бағаны көтермеудің, коммуналдық қызмет тарапынан бағаны шектеудің шараларын қанша қарастырса да нарық жағдайында бұл тиімді болмауы мүмкін. Өйткені бағаны ауыздықтау үшін оны үкімет қатаң назарда ұстау керек. Ал дәл қазіргі нарық заманында ондай бақылауды енгізу мүмкін емес. Өйткені оның екінші жағы бар. Дамыған елдерді мысалға келтірсек, оларда халықтың тұрмысы 100 пайыз жақсы деп айта алмаймыз. Олар тұрмысты жақсартудың басқа тетіктерін меңгерген. Нарықтық тетіктерді пайдалана білу керек. Бізде отбасылық шығындар көбіне білім алу мен денсаулыққа қажетті дәрі-дәрмекке, ем алуға кетеді. Біздегі дәрі-дәрмектер барлық зейнеткерлерге тегін немесе белгілі бір кең көлемдегі жеңілдікпен босатылса, онда бұл мәселе де реттелер еді. Екіншіден, отбасылық табыстың бір бөлігі оқуға кетеді. Ақылы оқуға кететін шығын бір бөлек, тегін оқитын студенттердің өзі шәкіртақыны жарытып алмайды. Бұған банктердегі несиелеріміздің өсімақысының көптігін қосыңыз. Екі адамның бірі кредит алып, оған артық ақша төлеп, қалтасындағы қаржысынан қағылып, тапқанын банкке өткізіп жүр. Міне, біздегі мәселе осылай саралай берсек, тізіле береді ғой. Банктердің саясатын реттеп, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың жағдайына қарай жұмыс жасай бастаған кезде ғана бұл мәселе шешімін табады.

 

Гүлжан РАХМАН

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support